«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ: “МАҒЖАН ӘЛЕМІНІҢ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТУ – КЕЙІНГІЛЕРГЕ ПАРЫЗ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Жарасбай Қабдоллаұлы, бүгінде өңіріміз, тіпті еліміз десек те болады, қазақтың ақиық ақы­ны, жерлесіміз Мағжан Жұмабаев­тың 130 жылдығын атап өтуде. Осы айтулы оқиға қарсаңында өзіңіздің басшылығыңызбен шығып келе жатқан “Мағжан” журналы туралы әңгімелессем бе деп едім. Алайда осы тақырыпқа ойыспас бұрын, жалпы сіз Мағжан әлеміне қалай келдіңіз? Ұлы ақынның өмірі мен шығар­ма­шылығы сізді несімен баурады? Осы жайында сұрасам ба деп отырмын.

– Мен Мағжанның атын алғаш рет 1972 жылы естідім. Әскер қата­рынан оралып, редакцияға қызметке орналасқаннан кейін отбасыммен Қы­зылжардағы Куйбышев (қазіргі М.Әуезов) көшесіндегі жекеменшік үй­дің бір бөлмесін жалдап тұрдық. Кейін үй иелерімен жақынырақ таны­сып, дастарқанымыз араласа баста­ған күндердің бірінде сол шаңырақ­тың келіні: “Қазақта Мағжан деген бір керемет ақын болыпты. “Халық жауы” ретінде атылған” дейді. Менің атам сол кісімен Омбыда бірге оқыпты, дос болыпты”, – деп бұрын ес­тімеген бір әңгіменің шетін шығарды. Газетте істегендіктен мені қызықты­ра ма деп айтып отырғанын түсіндім.

Кешікпей Мағжан Жұмабаевтың есімі тағы да алдымнан шықты. Өзім­нің бастығым, ол кезде қазіргі “Sol­tüstık Qazaqstan” газеті “Ленин туы” деп аталатын, совет құрылысы бө­лімінің меңгерушісі Мұхаметқали Нұрғожин көңілі түссе көлдей адам еді. Сол кісі бір күні өзінің 1936 жылы Петропавлдағы мұғалімдер даяр­лай­тын техникумда оқығанын, сол кезде Мағжан Жұмабаевтың орыс ті­лінен сабақ бергенін айтып қалды.

Редакцияның қым-қуыт өмірі, күнделікті қарбалас не нәрсені болсын ұмыттырып жібереді. Осылай күн артынан күндер өтіп жатты.

… 1986 жылдың желтоқсан айы­ның 15 жұлдызында мен бір топ пар­тия қызметкерлерімен бірге Алма­тыға келдім. Ол кезде бізді ара-тұра Жоғары партия мектебіне бір айлық курсқа жіберіп тұратын. Сабақ 17-сі күні басталуға тиіс. Оған әлі екі күн бар. Жатақханаға орналастым да, амандық білейін деп осында тұратын ұстазым Сейтен Сауытбековтің пә­те­ріне телефон шалдым. Секең ме­нің Алматыда екенімді естуі мұң екен, “үйге кел, үйге келдің” астына алды. Ұстазым ол кезде Пушкин атындағы орталық кітапхананың си­рек әдебиеттер бөлімінде істейтін. Көп әңгімелестік. Ауыл жақты сағынып қалса керек, бәрін сұрап шықты. Осылай уақыттың қалай тез өтіп кеткенін аңғармай қалдық. Мен “қас қарайып барады, қайтайын”, – деп рұқсат сұрадым. Сол кезде ол жазу столының суырмасын ашып, мәшіңкеге басылған бірнеше парақты ма­ған ұсынды. “Естуің бар ма, қазақтың Мағжан Жұмабаев деген керемет ақыны болған, өзі біздің жерлесіміз, 1938 жылғы қуғын-сүргінде атылып кеткен. Әлі ақталған жоқ. Соның бі­раз еңбегі қолыма түсіп, аударып едім. Мынау “Батыр Баян” деген поэмасы сенде болсын, күні туғанда елдегілерге ұсынарсың”, – деді.

Шыны керек, осыдан кейін де мені Мағжан тақырыбы аса қызық­тыра қойған жоқ. Оған бірден-бір себеп – сол кездегі жұмысбастылығым болды ғой деп ойлаймын. Бірақ неге екенін өзім де түсіндіре алмаймын, Мағжан менің алдымнан қайта-қайта шыға берді.

Кешкілік жұмыс орнымда отыр едім, телефон шылдыр ете түсті.

– Сәлеметсіз бе, бұл Едіге Қайыр­беков деген қазақ, – деді труб­каның ар жағындағы адам.

– Ассалаумағалейкум, – деп сә­лем бердім. Ол кісіні сырттай білуші едім. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойын­ша басқарма бастығының орын­басары болып істейтін, әскери шені – полковник.

– Ертең уақыт тауып, маған келіп кетпейсіз бе? – деді Едікең сыпайы ғана. Көп ойланған жоқпын.

– Таңертең келемін, – дедім.

Трубканы орнына қойғаннан кейін “Бұл кісі мені неге шақырды екен?” – деп ойланып қалдым.

Таңертең жұмыс күні басталы­сымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасының табалды­рығынан аттап, өзімнің полковник Едіге Қайырбековтің шақыруымен келгенімді айттым. Кезекші офицер ішкі телефонмен басқарма бастығының орынбасарымен байланысты да: “Жүріңіз, ол кісі күтіп отыр”, – деді.

Едіге Қайырбековті сыртынан талай рет көргенмін. Бойшаң, кескінді кісі, тіп-тік жүреді. Орнынан тұрып, жылы шыраймен қарсы алды.

– Сіз мені танымайтын шығар­сыз. Мен Керекудің азаматымын. Біз сізді білеміз, үйдегі жеңгең де жаз­ғандарыңызды оқып жүреді, – деді де ол алдында жатқан папкаға қол созды. – Мағжан Жұмабаевтың ақталғанын білесіз ғой, мынау – сол кісінің ісі. Мүмкін қызықтырар деп шақырып отырмын, – деді. Мен бірден келі­сі­мімді бердім.

– Бұл істі әлі ешкім қолына ұс­таған жоқ, сыртқа шығаруға болмай­ды, осында қарайсыз.

– Жақсы.

Содан бір аптадай Мағжан ісінің үс­тінен түспедім десем де болады. Біраз жайды қойын кітапшама түртіп алдым. Аптаның соңында Едікеңе кіріп, Мағжан ісімен танысып болға­нымды айттым. Ол кісі мені ескі та­ныстай жылы шыраймен қарсы алып, біраз әңгімелестік. Байқағаным, әде­биеттен хабары мол екен. Қоштасарда: “Көп созбауға тырысыңыз, қазір жұрт­тың бәрі жапа-тармағай жазады ғой, шындық сіздің қолыңызда, соны халыққа тезірек жеткізіңіз”, – деді.

Хош, сонымен өзім апта бойы әрі ақтарып, бері ақтарып, көңілге түй­гендерімді, қойын кітапшама түсіріп алған жайларды тағы бір ой елегінен өткізіп, мазасыз күй кештім. Кеудемді бір мақтаныш кернейді. “Араға жыл­дар салып, халқына қайта оралған аяулы ақын өмірінің шындығын мен ғана білемін. Тезірек жазуым керек”. Бірақ қаламым жүре қоймады. Тү­сініксіз жайлар көп.

Ақыры не керек, ақын өміріне қа­тысты өзіме мәлім жайларды өзек ете отырып, көлемді мақала жаздым. Ол “Ленин туы” (қазіргі “Sol­tüstık Qazaqstan”) газетінде жарияланды. Ме­нің Мағжанға қызығушылығым осы­лай басталды. Бұл кезде басқалар да Мағжанды іздей бастаған еді. 2006 жылы қазақ және орыс тіл­дерінде “Мағжан” деп аталатын екі кітап құрастырып, оқырмандарға ұсындым. Кейін әр жылдары жазыл­ған эсселерімнің басын құрап, “Сөн­бейтін шырақ” деген кітап шығардым.

– Сіздің “Мағжан әлемі” деген кітабыңызды оқып едім…

– Ол кітап баспадан 2009 жылы шықты. Мағжан ақталғаннан кейін қаламгерлердің үлкені бар, кішісі бар – бәрі жарысып жаза бастады ғой. Газет-журналдарда жарық көрген ондай дүниелердің уақыт өте келе көмескіленіп, көзден таса болатыны анық. Соны ескеріп, Мағжан туралы естеліктерді жинастырып, іріктеп, кітап етіп шығаруға ұйғардым. Бұл ең­бе­гімді оқырмандар, олардың ара­сында Әбіш Кекілбаев, Жабайхан Әбділдин, Дүкенбай Досжан, Тұрсынбек Кәкішев, Кәкімбек Салықов, Нұрғожа Ораз, Қойшығара Салғара сынды, айта берсем, толып жатыр, белгілі тарихшылар мен әдебиетшілер де бар, жылы қабылдады.

– Мағжан туралы біраз кітап шы­ғарыпсыз, бір кісіге аз еңбек емес деп ойлаймын.

– Бес кітап. Еліміз аяулы ақыны­ның 125 жылдығын тойлап жатқан күндері “Мағжан Жұмабаев” энцикло­педиясының тұсауы кесілген бо­латын. Мағжан туралы ең сүбелі еңбегім де осы басылым деп ой­лаймын. Оны дайындап, жарыққа шығаруға он жылдай уақыт кетті.

– Сіз қалай ойлайсыз, Мағжан­ды ел танып болды ма?

– Бірауыз сөзбен “иә” деуге бо­латын сияқты. Дегенмен бұл орайда әлі атқарылмаған, кезегін күтіп тұр­ған істер де аз емес. Күні кеше ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Тоқаев қасиетті Түркістан­ның төрінде өткен Ұлттық құрылтай­дың екінші отырысында адалдық мә­селесіне ерекше екпін бере сөйле­генін білесіз. Біз адалдықты Мағжанның бойынан іздеуіміз керек. Бүгінгі жастар Мағжанға қарап ой түзесе, елін, жерін Мағжан сияқты сүйсе, ұл­тына адал қызмет етсе, өркениетке барынша жақындай түсер едік.

Біз “Мағжан қазақтың ғана емес, бүкіл Түркі әлемінің мақтанышы” де­генді жиі айтамыз. Шын мәнінде со­лай. Мағжанның 125 жылдық ме­рейтойы қарсаңында Түркияға жол түсіп, Анкара қаласындағы ақын ес­керткіші қасында өткен шараға қатыс­тық. Бұл жерде бұрын да болған едім. Сол жолы белгілі әнші Нұрлан Өнербаев, мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Алшынбаев үшеуміз осы ескерткішті жарты күн іздеп, әзер тапқан болатынбыз. Сон­да елеусіздеу жерде күтімсіз тұрғандай көрінген. Сол жерді тағы да танымай қалдым. Түрік бауырла­рымыз жайнатып жіберіпті. Ескерт­кішті жаңғыртып, маңайына өрнек­тастар төсеп, әп-әдемі саябақ жасап­ты. Ең бастысы, мерекелік шараға халық өте көп жиналды. Алаң үстінде Мағжанның жырлары қалықтады. Әсіресе он жасар сәбидің Мағжанның “Мен жастарға сенемін” деген өлеңін қазақ, түрік тілдерінде саңқылдата орындағаны жинал­ғандарға ұмытылмастай әсер сыйлады. Кейін осындай шара Өзбекстанның аста­насы Ташкентте де ұйымдастырыл­ды. Онда да халықтың Мағжанға деген шынай сүйіспеншілігінің куәсі болдық. Десек те Мағжан есімі, оның жырлары әр қазақтың бойтұмарына айнала қойған жоқ. Бір сөзбен айт­қанда, Мағжанның халқына қайта оралуы, қазіргі қоғамға сіңісуі жеңіл жүріп жатқан жоқ.

Біз сөз жүзінде бәріміз Мағжанға тәнтіміз, жанымызға жақын көреміз, ал іс-әрекетіміз, қылығымыз оның табиғатымен үйлеспейді. Бір ғана мә­селені алайықшы, Мағжан сәби шағынан кітапқа құмар болды, өзіне не керектің бәрін содан тапты. Ал қазіргі балалар кітап оқудан қалып барады. Ар жағы түсінікті ғой?!

– Солай екен деп шарасыз­дыққа салынып отыра алмайтын шығармыз?

– Әрине. Тағы да Президентке жүгінгім келеді. “Ең бастысы, әр аза­маттың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс”, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлт­тық құрылтайдың екінші отырысын­да. Бұдан туатын қорытынды – біз жастарымызды ел тарихында ойып алар орны бар ұлы тұлғаларымыз­дың өнегесінде тәрбиелеу бағытын­дағы жұмыстарымызды бір сәтке де бәсеңдетпеуіміз керек.

– “Мағжан” журналының мақсаты да осы емес пе?

– Мағжандай алыптың жаратылы­сының, болмыс-бітімінің, талан­ты­ның қатпар-қатпар құпия-сырлары – бүгінгі буынды да, келер ұрпақты да қызықтыратын құнды қазына, сар­қылмайтын байлық. Олай болса, осы дүниелерді шашыратпай, жоғалтпай халыққа ұсыну – Мағжан әлемінің көк­жиегін кеңейтуге қызмет ететін игі­лікті іс деген оймен журнал шығару­ды қолға алған едік. Оның алғашқы саны 2007 жылы қаңтарда жарық көр­ді. Көпшілік бұл жаңалықты өңіріміздің әдеби-мәдени өміріндегі елеулі оқиға деп бағалап, сүйіншілегені есте. Алайда, шығармашылық ұжым қаржы тапшылығынан құлашты кең сермей алмай, 9 саны ғана қолына тиген оқырман қауым сүйікті басылы­мынан көз жазып қалғаны тағы бар.

– Шын мәнінде “Мағжанға” қаржы табылмады ма, әлде, басқа да себептері болды ма?

– Сөздің шыны, жүре-жүре Мағжанды маған қиғысы келмейтіндердің бар екенін байқадым. Бірде Қы­зылжардан Астанаға Кәкімбек аға­мызбен (Салықов) бірге қайттық. Ол кісімен танысып, араласа бастаға­нымызға едәуір уақыт болған. Көпті көрген, үлкен қызметтердің құлағын ұстаған сұңғыла адам ғой, көбіне сол кісі сөйлейді де, мен тыңдаушымын. Осылай әңгіме көрігін қыздырып келе жаттық. Бір кезде Кәкең, күтпе­ген жерден, “Мағжан” журналы тура­лы сұрады. Мен журналдың шығып жатқанын, таралымға, қаржыланды­руға байланысты қиындықтар да бар екенін айттым. Кәкең көп ойланбас­тан, “Сол журналды қайтесің, елдегі­лердің біреуіне бере салмайсың ба?” – деді. Осындай сауалға менің де жауабым дайын еді. “Аға, бұл журнал өңірлік басылым болып қалмауы керек, бүкіл елге таратуымыз керек, ал бұл жақта ондай күш жоқ қой”, – деп қысқа қайырдым. Кәкең үндемей қал­ды. Өз сөзі емес, біреулер айтқызып отырғанын түсіндім. Шынында да, солай болып шықты. Кәкеңді буын­сыз жерге пышақ ұруға итермелеп отырғандар журналды басқа атау­мен тіркетіп қойғандары кейін белгілі болды. Осылай. Мағжанның халқына қайта оралуы қандай қиын болса, журналдың да жолы жеңіл болып жатқан жоқ.

Жалпы мен өмірде жеңіл жолды іздеген адам емеспін. Осыдан кейін тіпті ширығуға, намысты қамшылау­ға тура келді. Сөйтіп, журналдың тұ­сауы екінші рет кесілді. Шара Қазақ­стан Республикасы Парламенті де­путаттарының, қоғам, өнер қайрат­керлерінің, астаналық зиялы қауым өкілдері мен студент-жастардың қатысуымен елордадағы Ұлттық кітапханада өтті. Маған әсіресе Қазақстан Республикасы Парламенті Сена­ты­ның депутаты Қуаныш Айтахановтың: “Тәуелсіздік алғаннан кейін біз тарихымыздағы ақтаңдақтарды ақта­рып, бұрын белгісіз болып келген тұлғаларымызды, хандарымызды, көсемдеріміз бен шешендерімізді, не­бір дүлдүл ақын-жазушыларымызды тауып, танып жатырмыз. Солардың бірі де бірегейі – Мағжан Жұмабаев. Біздің ұрпақ қазақтың ұлы ақыны, ұлт тағдырының жыршысы Мағжан Жұмабаевты, әрине, білген жоқ. Де­мек, “Мағжан” журналының жарыққа шығуы – бұл еліміздің әдеби-мәдени өміріндегі айтулы оқиға, бүгінгі ұр­паққа жасалып отырған үлкен қам­қорлық, Мағжан бір аймақтың ғана ұлы емес, бүкіл ұлттың, керек десе­ңіз, күллі Түркі әлемінің перзенті, сондықтан жаңа журнал республика жұртшылығының игілігіне айналуға тиіс”, – деген сөздері ұнады. Тұсау­кесерге Кәкімбек ағамыз да келді. Ол кісі қолға алған игілікті шара ұзағы­нан сүйіндірсін дей келіп, журналдың көлемін әлі де қалыңдата түсу, елі­міздің барлық аймақтарына тара­луына күш салу қажеттігін баса айт­ты. Мәжіліс депутаты, белгілі қалам­гер Алдан Смайыл, Назарбаев уни­верситетінің қазақ тілі кафедрасы­ның меңгерушісі, педагогика ғылым­дарының докторы, профессор Күл­тас Құрманбай жаңа басылымның Мағжан мұрасын зерттеп, зерделеу­мен бірге жас таланттардың шығар­маларын жариялай отырып, қанатта­рының қатаюына көмектесетініне се­нім білдірді. Сол сияқты филология ғылымдарының докторы, ғалым Се­рік Негимов, ақын, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, Қазақстан Жазу­шылар одағы Астана филиалының жетекшісі Несіпбек Айтұлы, филоло­гия ғылымдарының докторы, жазу­шы-ғалым Тұрсын Жұртбай басқа да азаматтар қалың оқырманымен қайта қауышып отырған “Мағжан” жур­налына ізгі тілектерін білдіріп, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Сөз кезегі келгенде мен де басы­лым алдағы уақытта Мағжанның шығармашылығымен, өңірлік ауқыммен ғана шектеліп қалмайтынын, ел өне­ріне, мәдениетіне қатысты мәселе­лер де кеңінен қамтылатынын, әсіресе жастар шығармашылығына үлкен орын берілетінін, журналды ел аумағына тарату мақсаты тұрғанын алға тарттым.

– Журналдың қазіргі жағдайы қалай?

– Қазір мерзімді басылымдардың көпшілігі әупірімдеп қалды ғой. Бізде де кеуде ұратындай жағдай жоқ. Дегенмен журналдың танымал­дығын арттыру, беделді авторларды тарту, өзекті мәселелерді көтеру бағы­тында біраз істер тындырылды. Көзі тірісінде Әбіш Кекілбаев, Герольд Бельгер, Кәкімбек Салықов, Нұрғожа Оразов секілді ағаларымыздың өз шығармаларын журналға қуана-қуана ұсынғаны ұмытыла қой­ған жоқ. Қазір журнал еліміздің бар­лық облыстары мен қалаларына та­райды. Әрине, оқырмандар қатары­ның қалың болғанын қалаймыз. Осы мақсатпен еңбек ұжымдарына, ауылдарға шығып тұрамыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp