«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Алаштың жарық жұлдызы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Замана көші жылжыған сайын кезінде дүниені дүр сілкіндірген ғаламат оқиғалардың да ақырындап ізі өше бастайды. Сондай-ақ сол оқиғалардың бел ортасында жүрген тарихи тұлғалардың да аты ұмытылуға айналып немесе бір кездегі халықтық салмағы жеңіл тартып, қоғамдық аренадан төмен түсіп, сырғи бастайтыны байқалады. Бірақ уақыт сынына төтеп бере алатын, көмескі тартпақ түгілі, жылдан-жылға, күннен-күнге бейнесі жарқырай түсетін, шын мәніндегі халықшыл, ақиқаттың өзіндей нағыз алашшыл біртуарларымыздың жөні бөлек. Солардың ішіндегі бірегейі – Алаштың ірі қайраткері Мағжан Жұмабаев.

Мағжан ақын дегенде қай қазақтың жүрегі бұлқынбайды?! Алаштың Мағжаны дегенде кімнің көңіл көкірегі селт етпейді?!

Ұлы ақынды тек әдебиеттің еншісіне балап, оқулық аясымен ғана өлшесек, өте әділетсіздік, тіпті қиянат болар еді. Мағжан Бекенұлы Жұмабаев – белгілі бір шектеулерге көнбейтін, шу бастан өз саласының сызығынан асып, мемлекеттік тұғыр биігіне көтерілген, ұлттық шеңбердегі аса көрнекті тұлға. Кез келген қабілетті, дарынды адам өз саласының жарық жұлдызы бола алады, әйтпесе, өз мамандығының қас шебері ретінде биік нәтижелерге қол жеткізе алады. Бірақ солардың ішінен суырылып шығып, ұлттық қайраткер бигіне көтерілетіндері сирек. Мағжан – осындай дара болмысты сиректер қатарында тұр. Сөзіме дәлел ретінде және тікелей өз мамандығыма қатысты айтарым: әдебиетші болмасам да әдебиетті осы Мағжандай ақындар арқылы сүйдім, сонымен бірге заңгер ретінде одан көп тағылым алдым, үлгі-өнеге үйрендім.

Ол қандай өнеге дегенге келетін болсақ, бұған бірер сөзбен жауап беру де қиын болар.

Біріншіден, Мағжан ақын маған елін сүюдің, адал қызмет етудің ғажайып өнегесіндей болып көрінеді. Тіпті алқымына жаналғыштың қанжары қадалып тұрса да, алашына адалдықтан, сертінен таймай өткен жан. Екіншіден, ақынның Отаны – туған жеріне деген ұстанымы әшейін көзсіз сүйіспеншілік емес, ол – елінің тарихын түп-тамырына дейін терең зерттеген, бітім-болмысын айқын танып, ажыратқан қайраткер. Оның бір ғана “Түркістан” атты атақты жыры осы сөзіміздің айқын дәлелі. Осы өлеңде, меніңше, елін өртене сүйген ақынның ыстық махаббатымен бірге, оның тарихына деген құрметін анық сезініп отырамыз:

Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,

Түріктен басқа от болып жан туып па?

Көп түрік енші алысып тарасқанда,

Қазақта қарашаңырақ қалған жоқ па?

Арыстан елге отан болған Тұран,

Тұранда қазағым да хандық құрған.

Қазақтың қасқа жолды Қасым ханы,

Тұранның талай жерін билеп тұрған…

Мағжанның нақ осы, туған халқын түбін танып, тірілтуге, құрметтеп аялауға шақырған шығармашылығы империялық большевистік партияны қатты шошытты. Өйткені олардың басты мүддесі – тұңғиық терең тарихты текті жұрттың тамырына балта шауып, өз идеяларының құлына айналдыру болатын. Осыны аса білімді Мағжан жақсы түсініп, түрік Алаш тарихын оятып, халқына рух берді. “Сенің осындай асқақ тарихың, қасиетің бар, құл-құтанға айналатын жөнің жоқ!” – деп жар салды.

Бұл Тұран ежелден-ақ алаш жері,

Тұрансыз тарқамаған алаш шері.

Тұранның топырағында тыныштық тапқан,

Алаштың арыстаны – Абылай ері…

Шер батса кім іздемес туған елін,

Тұлпар да көксемей ме туған жерін?

Арқаның ардагері – қалың алаш,

Тұран да, біле білсең, сенің жерің!..

Мағжанның бұл жырларында жай ғана отаныңның тарихын құрметтеуге шақыру бар десек қателесеміз. Бұл сөздердің астарында “тамырыңды танып, өрісіңді ізде, текті жұрттың ұрпағы екеніңді біліп, қасиетіне бойла, сен отаршыл империяның аяқ астында қалып, құлы болуға қақың жоқ, ұрпағыңның келешегін ойла, ұлт болып, ел болып көтерілуіңді ойла!” деген күрескерлік сарынын аңғару қиын емес. Осы биік рухты, жұртымыздың арғы-бергі тарихы тұнып тұрған “Түркістан” өлеңінің ең соңғы түйінді шумағының өзінде үлкен салмақты ой жатыр:

Ертеде Оқыс, Яқсарт – Жейхун, Сейхун,

Түріктер бұл екеуін дария дейтін.

Киелі – сол екі су жағасына,

Болмаса, барсаңшы іздеп бабаң бейтін!

“Бабалар бейітін іздеудің” ой астары да түсінікті, Мағжан түркінің қарашаңырағын ұстап қалған жұрт деп асқақтататын қазақ халқы империяның қысымымен көп жерінен айырылды. Жалпы Мағжан ақынды алаш жұртының жоқшысы деуіміз әділетке өте жақын анықтама екендігі сөзсіз. Отаршыл империяның қиянат-қысымын, отарындағы жұртына көрсетіп отырған зәбірін дәл сондай деңгейде ашына жырлап, өткір сынаған шығармашылық өкілі кемде-кем. Сондықтан да оған кеңестік саяси идеология тарапынан “пантүрікшіл”, “панисламшыл” деген ауыр айыптар тағылды. Ал бұл бағыттар ұға білгенге Мағжанның ең биік азаматтық ұстанымдары болатын. Шын мәніне келгенде, Мағжанның “ұлтшылдығы” бәрінен де асып түсті, өйткені ол ұлтының мұңын көздегенде, бері жақтағы алаш аясымен шектеліп, қазақтық ауқымда ойламай, түрік баласының ежелгі салтанаты асқан дәуірін аңсады, берідегі Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының, Алтын Орданың дүрілдеген заманын асқақтатып қоймай, арыдағы көне сақтар мен ғұндардың осы күндердегі мейманасы тасыған астамшыл империялардың төбесінен қараған, өр кеуделі Ұлы дала перзенттері Ер Түріктің қаһарман рухын оятты. Мағжан поэзиясының құдыреттілігі осында жатыр. Және ең бастысы – мұның бәрі негізсіз емес еді, Мағжан асқан білімділікпен, тарихи зерделілікпен әрі Ұлы даланың төл баласына тән өрлікпен, қайсарлықпен жарқырата танытты. Оған дәлелдеріміз толып жатыр: олар – ақынның барша азаматтық ұстанымын айқындайтын, паспорты мен визиткасы дерліктей жоғарыдағы сөз еткен атақты “Түркістан” және сондай-ақ “Пайғамбар”, “Күншығыс”, “От”, “Жер жүзіне”,”Тез барам”, “Алыстағы бауырыма”, “Мен кім?” деген өлең-жырлары Мағжан ақынның нағыз азаматтық кредосы дерліктей, буырқанған асау ағысты, өр намысты әрі қайнаған ашу-ыза, кекке толы рухы жоғары құдыретті жырлар еді. Мен, әрине, әдебиетші болмағандықтан, ақынның барлық тақырыптарда жазған шығармаларын тегіс қамтиын деп алдыма мақсат қойған жоқпын, әйтпесе, жинағын парақтай отырғанда, оның махаббат, туған жер, балалық, жастық шақ туралы, жар мен балаға арнаған әдемі жырлары көзге түспей қалмайды ғой. Дегенмен маған барлық уақытта да маңызын жоймайтын жоғарыда аталған биік азаматтық рухты, ұлттық ұстанымын айқындайтын, әрі елінің арғы-бергі тарихына, ата-бабалар жолына айрықша құрмет-ілтипатын танытатын өршіл жырлары өзгеше әсер береді. Және бұл жырларында ұрпаққа үлкен өнеге берер қуат, асқан тағылым жатыр деп есептеймін.

Әрине, сонымен бірге елі мен жерін, оның тарихын құрметтейтін кез келген азамат ақынның “Батыр Баян” поэмасын айналып өте алмас. Бұл дастан жайында кезінде фильм түсіріліп, сүйсініп көрдік, жалпы поэма қазақ тарихындағы маңызды кезең – қалмақ-жоңғар шапқыншылығы туралы өте сәтті жазылған шығарма деп ұғамыз. Дастанның адамды жетектеп отыратындай тартымды, оқиғалары қызықты баяндалуы өз алдына, мұнда Мағжанның жоғарыда ерекше атап өткеніміздей, аса білімдар, терең қазыналы тарихшы, зерттеуші әрі өлкетанушы екенін айқын танытардай мазмұнды қырлары өте мол. “Тарихыңды таны!” деп ұрпаққа ұлағат айтқанда, әрине, ең алдымен, ұсынылуға тиіс еңбектер осылар болуға тиіс қой деп пайымдаймын. Және сонымен бірге бұл поэмада ел мен жерді сүюдің ғажайып үлгісі бар деп бағалаймын. Ақын біздің еліміздің аса көрнекті сұлу өлкесі Көкшетауды, оның ішінде айнадай жарқыраған айдынды Бурабай өлкесін айрықша шабытпен жырлағандығына тәнтімін. Өзім де бұл өңірде қызмет етіп, табиғатын сүйіп, елі мен жерін қадірлеп қалғандықтан, бұл поэманың сиқырлы қуатынан ләззат аламын, демаламын. Әсіресе, табиғат сипаттары жаныңды нұрландырады.

“Батыр Баян” дастанына қайталай үңіліп, ақынның әртүрлі үздік қырларына сүйсінесің, оқи қалсаң, бал татқандай тамсанар нәрлі жырларынан сусындап, мейірің қанады.

Өзім де Көкшенің табиғатына іңкәр, ғашық жандардың бірі болғандықтан, оның экология мәселесін қозғаған тұстары да ойға қалдырады, ақынның махаббаты туған жеріне жанашыр, қамқор ниетімен бағалырақ болатынына көзің жете түседі:

Ақынның бұл өлеңінің ойға қалдыратыны сол, ол “туған өлкеңді танып-біліп, сүйіп қана қойма, жеріне жанашыр бол, аңына қамқор бол!” деген үлкен жүректі ойын білдіреді. Бұл жолдардан ақынның ойы мен идеясын ғана емес, азғантай ғұмырын қуғын-сүргінмен, немесе, тас қабырғаның ар жағында сарғаюмен өткізген жалынды асау ақынның өзекті өртер өкініші мен мұң-шерін, сағынышы мен қапалы көңілін айқын тануға болардай. Осыншалық ұлы жүректі ақынның ауыр азапты тағдырына жаның күйзеледі. Әрі сол ауыртпалықты тағдырына мойып, рухын сындырмаған, өршелене қарсы тұра алған ғаламат ерік-жігерінің, қайсарлығының алдында басыңды иесің.

Иә, бәріміз де туған жер мен ел тағдырына жайбарақат қарай алмаспыз, өзімізше сүйіп, өзімізше толғанармыз, бірақ алмағайып, аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп, қуғын-сүргінді тағдырды бастан кешкен, ақыр аяғында нағыз жалындаған жемісті жылдарында зұлмат заманның құрбандығына айналған асау ағысты, өр дауысты ақынның өзгеше сүйіспеншілігін, өжеттігі мен табандылығын мойындауға мәжбүрміз. Ел мен жерді беріліп сүюдің, оған адал қызмет етудің, жолына басын тігудің бұдан жарқын үлгісін табу қиын болар.

Бірін артық, бірін кем деп салыстыра бағалап, асылық сөз айтпайық, Мағжанды айбынды Алаш жұртының ақмаңдай арыстары Әлихан мен Ахметтерден, Міржақып пен Жүсіпбектерден, Әлімхан секілді алыптар тобынан – ардақты аяулы тұлғаларымыздың қатарынан табамыз. Олардың бәрі де Мағжан секілді, ғазиз бастарына төнген қауіпті жақсы сезініп-біле тұра, қиянатшыл империямен арыстандай алысып өткен асыл текті арыстарымыз болатын. Қайран арыстарымыздың рухы мен идеялары мәңгі өшпей, өлмей жасай берсін деп тілейік!

Досжан ӘМІР,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp