«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Бұйырса шырақ сөнбес, ұзақ жанар”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгін ұлылар мекені атанған қасиетті Қызылжарда ұлтымыздың ұлы ақыны, бүкіл түрік дүниесі танып, ақындығын мойындаған Мағжан Жұмабаевтың мерейтойын атап өтуге асу-асу белдерден асып, алыстан ат терлетіп жетуіміздің мән-мағынасы те­реңде жатыр. Арманда кеткен асылды ардақтап, рухына бас иіп, мәңгілік творчествосын әлі де оқып-біліп үйренуге ұмтылуымыздың бір парасы осы жиында айтылады деген ізгі үмітпен келдік.

Халқымыздың аузында “Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақы­ны” деп таныған сөз бар. Мағ­жан қысқа ғұмырында азапты ай­дау­да жүрсе де бойына біткен ақын­дық талантын, заманның заңғар ақыны екендігін сол кездің өзінде танытып үлгерді. Ұлы Абайды ұстаз тұтып, оның өлеңдерінің мәңгілік еке­ніне көзін жеткізіп:

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпесу

Қарадан хакім болған сендей жанды

Дүние қолын жайып енді күтпес, – деп Абайдың ұлылығына бас иген.

Мағжанның болашақты болжай білетін көрегендігі өз өлеңдерінен-ақ көрініп тұр. “Бұйырса шырақ сөн­бес, ұзақ жанар” деп өзінің сөзінің өлмейтініне көз жеткізген.

Бүгінгі өткізіп отырған іс-шарамыз мағжантануға үлкен септігін тигізеді. Мағжанның ортамызға қай­та оралуы – Тәуелсіздіктің жемісі. Ұл­тымыздың ұлықтауға, естен шық­қан­дарды еске түсіріп, өткенге қай­та оралып жатқанымыз егемендік­пен тікелей байланысты. Мұхтар Әуе­зов Мағжан жайлы сөз қозғаған­да ұлының ұлылығын ерте танып “Келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжан­ның сөзі. Одан басқамыздың бә­ріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін”, – деген екен.

Осыдан 15 жыл бұрын ақынның 115 жылдық меретойында тағдыр азабын тартқан, қуғын-сүргіннің құр­баны болған ақынның әкесі Бекен мен анасы Гүлсімнің жерленген жер­лерін тауып, бастарына құлыптас орнатуымыз ұлы ақынның рухын сыйлап, ата-анасының аруығына бас игеніміз еді. Мағжантану ғы­лымы әлі де жалғасын тауып, оның өмірінің ашылмаған беттерін зерде­леп зерттеп, халқына жеткізе бе­руіміз керек.

Қазақта ұлылар тұғырын өзі тұр­ғызады, ескерткішін халық қояды де­ген тәмсіл бар. Ұлы ақынның жар­қын бейнесін жарқыратып еліміздің қай төріне қойсақ та жарасады. Сон­дай қасиетті жер Түркіс­танда ақын ескерткішін қою жайлы көне шаһарда күні кеше өткен жиында да айтылды. Бұйырса бұл арман-тілек те іске асып,

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой .

Тамаша Түркістандай жерде туған

Түріктің Тәңірі берген несібі ғой, – деп жырлаған Мағжан түркі дү­ниесінің түп қазығы, рухани астана­сы болып қайта түлеген Түркістан­мен қайта қауышатынына нық се­німдіміз.

Ғасырлар өтсе де мән-маңызын жоймайтын ақын шығармалары ха­лық жадында жатталып қала бере­ді. Ғылыми конференция мазмұнды болып ұлы ақын жайында тың көз­қарастар мен қазыналы мәліметтер ортаға түссе дейміз. Осы жиынды өткізуге бастамашылық танытып, ақын ауылында белгітас орнатып, көпшілік аттай қалап баратын орын­ға айналдырып келе жатқан облыс азаматтарына мың алғыс.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

“Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp