Биыл туғанына 130 жыл толып отырған ұлы ақынымыз Мағжан – қазақ поэзиясының шолпан жұлдызы. Ұлы Мұхтар Әуезовтің сонау 1923 жылы былай деп жазғаны бар: “Мағжан – мәдениеті зор ақын. Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін. Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін”.
Осы сөзді жүз жыл өткен соң, бүгінгі 2023 жылы да қайталап айтсақ, еш артықтығы жоқ, өйткені Мағжан қазақ поэзиясына лириканың соны үлгісін әкелген, қазақ жырына еуропалық жаңа өрнек салған, артына өшпес рухани мұра қалдырған ұлы ақын.
Осыдан жүз жыл бұрын, 1923 жылы қазақ баласынан тұңғыш рет Мәскеудегі Көркем әдебиет және өнер институтына түсіп, оны екі жыл оқыған Мағжанның әдебиетке кәсіби тұрғыдан қарап, саналы өмірін әдебиетке арнағанын біз ұмытпауымыз керек. 1923-1927 жылдары Мәскеуде оқыған кезде батыс Еуропа әдебиетімен, орыстың Валерий Брюсов, Александр Блок сияқты ақындарымен етене жақын таныс болғаны да белгілі.
Мағжан – ана тілінің мол байлығын бойына барынша сіңірген, орыс тілін де жетік білген жан. Соның арқасында ол Лермонтов, Байрон, Гете тағы да басқа Батыс ақын-жазушыларының шығармаларымен танысып, олардың таңдаулы туындыларын ана тілімізге аударып, халқымыздың игілігіне айналдырды.
Мағжанның барлық өмірі – поэзиясында тұр. Ақын өз заманында ел ішіндегі әлеуметтік, қоғамдық өмірге белсене араласып, соларға ақындық үн қосып отырады. Мағжан өлеңдері негізінен халқының, ел-жұртының тағдырына бағышталған.
Мағжан – лирик ақын, сыршыл ақын. Ақын поэзиясының ең сұлу жағы – осы лирикалары. Олары романтикалық асқақ сезіммен өрілген. Жан тербетеді, адамды нәзік сұлу сезімдерге бөлейді. Ақын лирикасының тақырыптары алуан: туған жер, атамекен, халық тағдыры, ар, адамгершілік, шынайы махаббат, т.б.
Мағжан – эпик ақын. Оның қаламынан “Батыр Баян”, “Қорқыт”, “Жүсіпхан”, “Қойлыбайдың қобызы”, “Оқжетпестің қиясында”, “Ертегі” сияқты поэмалар туған. “Батыр Баян” поэмасында өзінің халқына, алашына деген суымас перзенттік жүрегінің ыстық сезімін өлең өрнегіне шынайылықпен түсірген. Халқымыздың сондай ержүрек перзенттерінің бірі – батыр Баян. “Батыр Баян” поэмасы “Алашым” деп еңіреп, “майданда жолбарыстай” ерлік көрсеткен осы аруақты көкжал батырға арналған.
Мағжан тек поэзиясымен ғана емес, “Шолпанның күнәсі” әңгімесі арқылы да қазақ прозасына психологиялық талдау, сана ағымы әдістерін енгізді.
Жан-жақты білімін жетілдірген Мағжан Жұмабаев бірқатар шығыс тілдерінен дәріс алып, шығыс ақындарының жырларымен таныс болғаны мәлім. 1912 жылы Қазан қаласында жарық көрген “Шолпан” атты тұңғыш жинағының өзінде ел-жұртының тағдырына алаңдаған әлеуметтік, ауқымы кең мәселелерді көтереді.
Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім! – деп халқына деген шексіз махаббатын жырлаған Мағжан Алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, 1914-1918 жылдары “Қазақ” газетіне өлеңдерін жариялап тұрған. Мысалы, 1916 жылы ақ патша қазақ жастарын әскерге алғанда жазған, сол “Қазақ” газетінде басылған “Орамал” деген лирикалық өлеңі қандай!
1924 жылы Мәскеуде совет пролетариат жазушыларының қауымдастығы құрылады. Социалистік реализімді орнату мақсатындағы бұл ұйымның Қазақстанда жүзеге асуына әдебиетте жүрген зиялы қауым өкілдері қарсы болады. Шығармашылық адамының өз ой-пікірін айтуына тосқауыл жасайтын саясатқа келіспеген қайраткерлер қатарында болған Мағжан сол жылы Мәскеуде жүріп “Алқа” ұйымын құруға әрекет жасайды. Қазақ жазушыларының басын ұлттық бағытқа біріктіріп, Семей, Ташкент, Петропавлда жүрген белсенді қайраткерлерге “Табалдырық” атты жаңа бағдарламаны қолжазба түрінде таратып, өзінің саяси ұстанымын білдірген.
Өкінішке қарай, ұлттық мүддені көздейтін құжат жарыққа шықпайды. Бірақ осы үшін 1929 жылы Мағжан Жұмабаев жасырын ұлтшыл ұйым құрды деген жалған айыптаумен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалады. Сол кезеңде Мағжанның осы бастамасы қазақ зиялыларына терең ой тастап, қоғамның шынайы болмысын суреттеген туындылар жарық көре бастайды. Мысалы, Мұхтар Әуезов “Хан Кене” шығармасын жазса, Мағжанның “Жүсіпхан” деп аталатын көркем дүниесі – соның айғағы.
Небәрі 44 жыл ғұмыр кешкен Мағжан Жұмабаев өзі өмірден өтсе де, артына өлмес мұрасын қалдырды. Бүгінде Мағжантану ілімі ұлттың рухани-мәдени құндылықтары қатарында. Қазақ әдебиетінің сарқылмас қазынасына айналған ұлы суреткердің шығармашылығын көптеген ғалымдар зерттеп, ғылыми еңбектер, оқулықтар жазды.
Мағжан ақындығының құпиясы оның өз тұсының шындығын дәл бейнелуінде ғана емес, өлеңінің сиқырлы күшінде. Ол бірде өмірдің күлкісіндей қуанышты бейнелесе, бірде жылаған, қайғы жұтқан қазақтың ішкі сезімін көрсетеді.
Әдеби туындылармен бірге Мағжанның қаламынан туған оқу құралдары да көпшіліктің қызметіне жарап келеді. Жастарды оқу, білімге шақырған қаламгер әлемдік педагогиканы қазақтың ұлттық ерекшеліктеріне сай етіп, бірқатар еңбек жазды. 1923 жылы оның Ташкентте “Педагогика” атты кітабы және төменгі сыныпқа арналған “Сауатты бол” атты оқулығы жарық көрген.
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой, – деп тебіренген ол “Тұран”, “Түркістан” арқылы Шығыс әлемін, бүкіл түркі дүниесін мақтан ете жырлайды. Сондықтан Мағжан – түркі жұртының алдында тұлғасы биік ақын. 1919-1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған түрік халқының азаттық соғысына арналған “Алыстағы бауырыма” атты өлеңі бар екені белгілі. Оның шығармасына байланысты жиындар Түркия мемлекетінде жиі ұйымдастырылып, көптеген өлеңдері түрік тілінде жарық көрген.
Дегенмен өкінішке қарай, ақынның осыған дейінгі жарық көрген көп кітабында текстологиялық нақтылықтар жоқ екенін, кейбір шығармасы қысқартуларға ұшырап, бүлінген күйінде оқырманға жетіп жатқанын да айтуымыз керек. Осыны ескеріп, ақынның текстологиялық сараптамадан өткен, шығармаларының академиялық толық жинағын шығарған жөн. Ақын жинағы ең соңғы рет 1995 жылы сапалы шықты. Содан бергі аралықта жаңадан табылып жатқан Мағжанның мұрасы мол. Тек солардың өзін жинақтағанда тағы да екі том қосылары анық. Мәселен, Мағжан өлеңдерінің көпшілігі “Сана” және “Ақжол” газеттерінде жарияланған. Бұл басылымдар Ташкентте жарық көрген. Мағжанның Қорқыт ата, Ыбырай Алтынсарин туралы мақалалары да сол басылымдардан табылып отыр. Мағжанның шығармалары төңірегіндегі олқылықтарды жөндеп, әр жерде шашылып жүрген еңбектерінің басын біріктіріп, бір жүйеге түсіріп, түпнұсқамен салыстыра отырып, түсініктемесін жазып, шығару керек. Ол ақын аруағы алдындағы борышымыз болмақ. Алдағы уақытта Жазушылар одағы Әдебиет институтымен бірігіп академиялық толық жинағын шығаруды қолға алуды ойластырып отыр.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы.