Бүгін ұлылар мекені атанған қасиетті Қызылжарда ұлтымыздың ұлы ақыны, бүкіл түрік дүниесі танып, ақындығын мойындаған Мағжан Жұмабаевтың мерейтойын атап өтуге асу-асу белдерден асып, алыстан ат терлетіп жетуіміздің мән-мағынасы тереңде жатыр. Арманда кеткен асылды ардақтап, рухына бас иіп, мәңгілік творчествосын әлі де оқып-біліп үйренуге ұмтылуымыздың бір парасы осы жиында айтылады деген ізгі үмітпен келдік.
Халқымыздың аузында “Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны” деп таныған сөз бар. Мағжан қысқа ғұмырында азапты айдауда жүрсе де бойына біткен ақындық талантын, заманның заңғар ақыны екендігін сол кездің өзінде танытып үлгерді. Ұлы Абайды ұстаз тұтып, оның өлеңдерінің мәңгілік екеніне көзін жеткізіп:
Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпесу
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолын жайып енді күтпес, – деп Абайдың ұлылығына бас иген.
Мағжанның болашақты болжай білетін көрегендігі өз өлеңдерінен-ақ көрініп тұр. “Бұйырса шырақ сөнбес, ұзақ жанар” деп өзінің сөзінің өлмейтініне көз жеткізген.
Бүгінгі өткізіп отырған іс-шарамыз мағжантануға үлкен септігін тигізеді. Мағжанның ортамызға қайта оралуы – Тәуелсіздіктің жемісі. Ұлтымыздың ұлықтауға, естен шыққандарды еске түсіріп, өткенге қайта оралып жатқанымыз егемендікпен тікелей байланысты. Мұхтар Әуезов Мағжан жайлы сөз қозғағанда ұлының ұлылығын ерте танып “Келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін”, – деген екен.
Осыдан 15 жыл бұрын ақынның 115 жылдық меретойында тағдыр азабын тартқан, қуғын-сүргіннің құрбаны болған ақынның әкесі Бекен мен анасы Гүлсімнің жерленген жерлерін тауып, бастарына құлыптас орнатуымыз ұлы ақынның рухын сыйлап, ата-анасының аруығына бас игеніміз еді. Мағжантану ғылымы әлі де жалғасын тауып, оның өмірінің ашылмаған беттерін зерделеп зерттеп, халқына жеткізе беруіміз керек.
Қазақта ұлылар тұғырын өзі тұрғызады, ескерткішін халық қояды деген тәмсіл бар. Ұлы ақынның жарқын бейнесін жарқыратып еліміздің қай төріне қойсақ та жарасады. Сондай қасиетті жер Түркістанда ақын ескерткішін қою жайлы көне шаһарда күні кеше өткен жиында да айтылды. Бұйырса бұл арман-тілек те іске асып,
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой, – деп жырлаған Мағжан түркі дүниесінің түп қазығы, рухани астанасы болып қайта түлеген Түркістанмен қайта қауышатынына нық сенімдіміз.
Ғасырлар өтсе де мән-маңызын жоймайтын ақын шығармалары халық жадында жатталып қала береді. Ғылыми конференция мазмұнды болып ұлы ақын жайында тың көзқарастар мен қазыналы мәліметтер ортаға түссе дейміз. Осы жиынды өткізуге бастамашылық танытып, ақын ауылында белгітас орнатып, көпшілік аттай қалап баратын орынға айналдырып келе жатқан облыс азаматтарына мың алғыс.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
“Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы.