Қазақтың ұлы ақыны, азаттық үшін күресте жанын қиған аяулы ұлдарының бірі – Мағжан Жұмабаевтың ардақты аты арамызға оралғалы отыз жылдан асты. Мағжан біздің заманымыз үшін де “Жастардың ой-санасының әміршісі” (С.Сәдуақасов) екенін өз халқы ғана емес бүкіл түркі әлемі мойындап отырғанын биылғы мерейтойын атап өту барысында көріп отырмыз. Биылғы мерейтой тек той тойлап, жиындар өткізуге ғана емес, ақын өмірін терең зерттеуге де себеп болып отыр. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облыстық архивіндегі бірқатар маңызды құжаттардың сыры ашылып, Мағжан өміріне қатысты тың деректер жария болды.
1917 жылдардағы ақпан, қазан төңкерістерінде Мағжанның саяси қызметі басталды. Сол жылы сәуірдің 25-нен мамырдың 7-не дейін Ақмола, Атбасар, Омбы, Петропавл уездерінің делегаттары Омбы қаласында Ақмола облыстық қазақ съезін өткізді. Алаш қайраткері Ережеп Итбаев бастаған ұйымдық комитет жұмысына Мағжан Жұмабаев қатысты. Мәжілісте 10 адамнан тұратын Омбы облыстық қазақ комитеті құрылды. Төрағасы – Айдархан Тұрлыбаев.
Сөйтіп Қызылжар өлкесінде ұлттық мемлекеттік билік органдары қалыптаса бастады.
1917 жылы 21 шілдеде ашылған 1-ші жалпықазақ съезі Ресей мемлекеттілігі және оның құрамындағы Қазақстанның тағдырын қарап, “автономиялы тәуелсіз қазақ мемлекетін құру” идеясын ұсынды. Съезд Ресей құрылтайына депутаттыққа кандидаттар тізіміндегі ұлт зиялыларының ішінде Әлихан, Ахмет, Міржақып, Халелдермен бірге Мағжан да сайланды. Осылай Алаш саяси партиясының негізін қалаушылардың қатарында Мағжан Жұмабаев болғанын көреміз
Ал 1917 жылы желтоқсандағы бүкілқазақ ІІ съезінде Алаш автономиясы жарияланып, Алаш Орда үкіметі құрылғанда, оның құрамында Солтүстік өңірдің өкілдері болды. Олар – Мағжан Жұмабаев, Айдархан Тұрлыбаев, Қошмұхамед Кемеңгеров, Жұмағали Тілеулин, Ахмет Жанталин.
Мағжан өміріндегі аса бір бедерлі белес, оның қайраткерлігін айғақтайтын уақыт – 1918-22 жылдар. 1918 жылы 30 шілдеде шыға бастаған, қазақтың ұлттық баспасөзінің тарихында елеулі орны бар “Жас азамат” газеті ұлт тәуелсіздігін жақтап, отаршылдық езгіге қарсы тұрған қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси баспасөзі болды. Мағжан Жұмабаевтың “Мен жастарға сенемін!” деген өлеңі осы газеттің 1918 жылы 18 тамыз №3 нөмірінде басылып шықты. Бұл өлеңнің бірінші рет жариялануы және сол замандағы қазақ жастарының ел-жұрт алдындағы тарихи міндетін көрсетіп берген бағдарламасы болды.
Мағжан Жұмабаев 1920 жылдың басында Омбыда шыққан “Кедей сөзі” газетінің және кейінірек Петропавлда жарық көрген “Бостандық туы” (қазіргі облыстық “Soltüstık Qazaqstan”) газетінің жауапты редакторы болып тағайындалды.
Мағжан шығармаларында қоғамдық дамуды таптық жолмен қарауға қарсы шықты. Сондықтан да басылым атауының “Кедей сөзінен” “Бостандық туына” алмастырылғаны Мағжанның тікелей қатысуымен жүргізілгені туралы пікірді де қолдаймыз.
1921-1922 жылдары Қазақстанды ашаршылық жайлады. 1922 жылы 5 мамырда Қызылжарда аштыққа қарсы күрес жөніндегі төтенше комиссияның мәжілісі болды. Мәжіліске Көкшетау, Атбасар, Петропавл уездерінде орналасқан қазақ ауылдарының қиын жағдайы тұңғыш рет көрсетілді. Қабылданған қаулыда Помгол комиссиясының құрамына қазақтардан адам кіргізу туралы Мағжан Жұмабаевтың ұсынысы қабылданып, ол аштыққа қарсы күрес комиссиясы төрағасының орынбасары болып бекітілді.
1922 жылғы 11-маусым күні Мағжан “Мир труда” газетіне мақала жазып, қазақ даласындағы аштықтың тұтас ұлтқа қатер төндіріп отырғанын көрсетіп, ащы шындықты жайып тастайды. Осылай қолдан жасалған аштықтың зардаптарына өкіметтің назарын аударып қана қоймай, Мағжан аштыққа ұшыраған халыққа тікелей көмек ұйымдастырудың бел ортасында жүрді.
Кеңес үкіметі Мағжанның бұл белсенділігін сырт қалдырмады. Алғашында ақынның шығармаларына тыйым салудан басталған қудалау, біртіндеп Қызылжарын тастап, бас сауғалауға мәжбүр етті.
Жақында Мағжан ғұмырнамасы жайлы деректер Ресейдің әлеуметтік-саяси тарих архивінде (Мәскеу қ.) де бар екені анықталды. Айталық, 1917 жылдың наурызынан қарашаға дейін Ақмола облыстық қазақ комитеті ағарту бөлімінің меңгерушісі болған.
1922-1923 жылдары Ташкентте қазақ оқу-ағарту институтының лекторы (оқытушысы), Түркістан Республикасы мемлекеттік ғылыми Кеңесі құрған Қазақстанды зерттеу қоғамы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Қоғам төрағасы Халел Досмұхаммедов, мүшелері: Мұхтар Әуезов, Мұхаметжан Тынышпаев, Александр Есполов. Қоғамның мақсаты – қазақ халқының мәдени дамуына жағдай жасау (қазақ тілі мен терминологиясын, әдет-ғұрпы тарихын, ұлттық өнерін, мектептерде сабақ беру, ғылым және өнер адамдарын қолдау).
1923 жыл Түркістан республикасының квотасымен Мағжан мемлекеттік стипендия алып, Москваға оқуға кетеді. Онда Жоғары көркем әдебиет институтында (3 жылдық) 1924-1925 жылдар аралығында оқыған.
Мағжанның өзі жазғандай, 1923 жылдың соңында Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне (КУТВ) штаттан тыс лектор қызметіне алынады.
Сонымен қатар Мәскеудегі КСРО халықтары кіндік баспасының қазақ-қырғыз бөліміне қызметке кірді. Өз шығармашылығымен қатар мекеменің арнаулы аудармасымен де айналысады.
Мағжанмен бірге Мәскеуде Зылиха, қайын енесі Ғадам Жалтырова және он жасар інісі Сабыржан тұрған. Сабыржан Мәскеудің №19 мектебінде оқыған екен.
1927 жылы туған еліне қайтып оралып, 1929 жылға дейін Петропавлдағы қазақ педагогикалық техникумы мен кеңес-партия мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген.
Архивімізде тынымсыз жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде Мағжанның өзі толтырған анкеталық құжат табылды. Ақын бұл анкетаны 1927 жылы Петропавл қаласындағы орыс педтехникумында оқытушы болған кезінде толтырған. Құжаттың сұрақтарына жауап бере келіп, Мағжан:
1) Өзінің туған күні, айы мен жылын 1893 жыл 7 қараша,
2)Туған жерін – Петропавл уезі, Бейнетқор ауданы, алтыншы ауыл деп жазыпты.
Білімі туралы: 1) Омбыдағы мұғалімдер семинариясында төрт жыл оқып, 1917 жылы аяқтаған;
2) 1918 жылы мұғалімдер институтында оқыған.
3) Мәскеудегі әдебиет және көркемөнер институтына 1923 жылы түсіп, екі жыл оқыған. Бірақ оқу орнын аяқтамағанын осы құжаттан көріп отырмыз.
Жұмысы: 1927 жылы Мағжан орыс педагогика техникумында қазақ тілінен сабақ берген. Бірақ негізгі қызмет орны деп Петропавлдағы совет-партия мектебін атаған.
Ол анкетаны 1927 жылғы 12 желтоқсанда өз қолымен толтырып, құжат соңына Мағжан Жұмабаев деп өзінің қолын қойған.
Мағжан 1937 жылдың наурыз айында Алматыға келеді. Сол жылы 30 желтоқсанда қайтадан тұтқындалып, кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізіп, Жапонияның пайдасына шпиондық жасады деген жалған айыппен, ату жазасына кесіледі.
Сәуле МӘЛІКОВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің директоры.