Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің мамандары ақын, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай әдеби кеш ұйымдастырды.
Іс-шараға белгілі қоғам қайраткері, журналист-жазушы, облыстың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменов қатысып, мағжантану ісінің қалай жүргізіліп жатқанын айтты.
– 1988 жылы Мағжан ақталғаннан кейін маған сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті төрағасының орынбасары, полковник Едіге Қайырбеков телефон шалып, кеңсесіне шақырды. Ертеңіне барғанымда Мағжан Жұмабаевтың ісін ұсынды. “Осыны бірінші рет мұрағаттан тауып алдық, ол әлі ешкімнің қолына тиген жоқ. Осы істі сізге ұсынайын деп отырмын. Іспен танысып көріңіз, халыққа Мағжанның шындығын жеткізудің мүмкіндігі туып отыр”, – деді. Әрине, бірден келісімімді бердім. Ол мекеменің ішінен ешқандай құжатты алып шығуға болмайды, сонда апталап жүріп, өзіме қажетті жерлерін жазып алып, Мағжанмен алғаш осылай таныстым, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.
Қызылжардағы медреседе Мағжан ақын Ермек Серкебаевтың әкесімен бірге оқиды. Сол кезде екеуі ауылға атпен барады екен. Әкесінің Сәрсенбай деген атқосшысына арнап “Айда атыңды, Сәрсенбай!” деп өлең жазып, жұртқа оқып береді. “Ол біреуге айтылған арнау емес, елге деген сағыныш, алып-ұшқан жүрегінің лүпілі іспетті өлең”, – деді кеш мейманы.
Департамент қызметкерлері жазушыға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Кейін бір топ қызметкер ақиық ақынның “Мен кім?!”, “Сүйемін”, “Сағындым” тағы да басқа жалынды өлеңдерін оқып берді. Жиын соңында Жарасбай Сүлейменов Мағжан жайлы жазған бірнеше кітабын сыйға тартты.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.