Өңірлік коммуникация қызметінің кезекті баспасөз мәслихатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайында “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” облыстық филиалының директоры Лариса Гордеева баяндады.
Статистикалық деректерге сүйенсек, 2019 жылы облыс тұрғындарына 740 мыңға жуық кеңестер беріліп, диагностикалық зерттеулер жүргізілген. Былтыр бұл көрсеткіш бес есеге артып, көрсетілген қызмет саны 3,6 млн.-ға жеткен. Медициналық жүйенің оңтайлы тұсы – бұған дейін КТ және МРТ зерттеулері әлеуметтік әлжуаз сегіз топқа ғана ұсынылып, 2019 жылы 4,9 мыңнан астам тексерулер жүргізілсе, былтыр сақтандырылған азаматтар осындай 31,8 мыңға жуық қызметті пайдалана алды.
Бедеуліктің кесірінен нәресте сүйе алмай жүрген жұптарға қолдау көрсету бағдарламасының да шарапаты мол. Бағдарлама аясында ел аумағында 3 200 бала дүниеге келген. Біздің облыста бұрын экстракорпоралды ұрықтандыруға 20-25 квота бөлінсе, 2021 жылдан бері оның саны екі жүзге жуықтады. Өткен жылы солтүстікқазақстандық 103 бала дүниеге келді, оның 16-сы – егіздер. Биыл алғашқы үш айда 20 бала дүние есігін ашты.
МӘМС енгізудегі мақсат халықтың медициналық көмек алуға шығынын азайту болатын. Қаржыгерлердің есептеуі бойынша, халықтың медициналық қызметтерге ақы төлеуге жұмсайтын жеке шығыстарының үлесі 2017 жылғы 33 пайыз, бес жыл ішінде 27 пайызға дейін төмендеген. Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы тарихта алғаш рет 72,27 жасқа жетіпті. Ал соңғы төрт жылда өлім-жітім 8,8 пайызға төмендеген.
Облыс бойынша сақтандырылмаған адамдар әлі де көп. Бүгінде олар халықтың 17,5 пайызын немесе 93196 адамды құрап отыр. Жыл басынан бері жүйеге 4956 адам тартылған.
Азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін, оларға балалар, зейнеткерлер, көп балалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер мен мүгедектер жатады, олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Бұл шамамен елдегі 11,4 млн. адам, ал біздің облыс бойынша – 279,8 мың адам. Мемлекеттен төленетін жарналар шамамен 435 млрд. теңгені құраған.
– Кейбір азаматтар МӘМС пен медициналық сақтандыру қоры бірдей деп ойлайды, ол дұрыс түсінік емес. МӘМС жүйесі қордан әлдеқайда кең. МӘМС жүйесінің қатысушылары азаматтардың өздері, медициналық ұйымдар, дәрігерлер, уәкілетті мемлекеттік органдар болып табылады, – дейді Лариса Гордеева.
Медициалық көмек көрсетудің кемшін тұстары да бар. Атап айтқанда, азаматтар емханалардағы ұзын-сонар кезектерге, кей мамандардың қабылдауын, КТ мен МРТ жолдамаларын ұзақ күтетіндеріне, медицина қызметкерлерінің дөрекі қарым-қатынасына, білікті дәрігерлердің жоқтығына шағымданады. Облыс бойынша былтыр 297 өтініш келіп түссе, соның ішінде 3 шағым орынды айтылған. 2023 жылдың бес айындағы 184 өтініштің 14-і алғыс, 16-сы – МӘМС мәселелері бойынша ақыл-кеңестер. Нақты дерекке негізделген шағым түспепті.
Бүгінде аталмыш қор барлық көрсетілген медициналық қызметтердің тек 10 пайызын ғана бақылай алады. Соның өзінде заңсыз әрекеттерді анықтаған. Қордың облыс бойынша филиалы былтыр 847,7 млн. теңге сомасына 117 670 заң бұзушылықты әшкереледі.
Дана МҰХАМЕТЖАНОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.