«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тартысты спартакиада

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда бұқаралық ақпарат құралдары қызмет­керлерінің төл мерекесі қарсаңында дәстүрлі спартакиада өтті. Назарбаев зияткерлік мектебінде ұйымдастырылған жарысқа 7 команда қатысты.

Журналистер арасында өткен спорттық сынға 50-ден астам тілші, фотограф пен бейнеоператор қаты­суға ниет білдірді. Барлығы жылына бір рет ұйымдастырылатын жарыс­қа тыңғылықты әзірленген. Біркелкі форма киген олар жеңіске қол жет­кізу үшін бар күш-жігерлерін салды.

Жарыстың шымылдығын Қазақ­стан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Ерлан Тоқ­шылық ашты. Ол тілшілер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін жолдады.

– Дәстүрлі спартакиада өткен жылы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен еді. Оған 6 команда қа­тысса, биыл 7 топ 5 спорт түрінен мық­тыны анықтайды. Жарыста ең көп ұпай жинаған команда жеңіс тұ­ғырына көтеріледі. Баршаңызға сәт­тілік тілеймін!, – деді Ерлан Бей­сенұлы.

Спартакиадада журналистер шағын футбол, волейбол, үстел тен­нисі, шахмат және арқан тартудан сынға түсті. Әр спорт түрінде алға суырылып, жүлделі атанғандарға гра­моталар мен медальдар табыс­талды. Осылайша волейболда бі­рін­ші орын облыстық ішкі саясат басқармасына бұйырса, екінші орын аудандардан құралған тілшілер командасына берілді. Ал үздік үш­тікті облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің ұжымы түйіндеді.

Шағын футболдан өткен жарыс тартысқа толы болды. Өткен жылы спартакиадада жеңіске жеткен “Qy­zyljar” телеарнасының ұжымы бі­рінші айналымнан-ақ ұшып кетті. Биыл аладоп додасында аудандар­дан құралған команда чемпион атанды. Күміс медальды ішкі сая­сат басқармасының мамандары еншіледі. Қола жүлде үшін таласта “Меншікті тілшілер” тобы М.Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті студенттерінен басым түсті.

Үстел теннисінде облыстық ішкі саясат басқармасы жеңімпаз атан­са, екінші орынға “Qyzyljar” теле­арнасының командасы қол жеткізді. Қола жүлде студенттерге бұйырды. Сондай-ақ шахмат зияткерлік ойы­нында да жеңіске жету үшін біраз тер төгуге тура келді. Десе де әдет­те­гідей бұл сында “Меншікті тілшілер” командасы бәрінен оза шапты. Биыл республикалық арналарға “Soltüstık Qazaqstan” газетінің жур­налистері бәсекелес бола алды. Нә­тижесінде облыстық басылымның шахматшылары екінші орынға та­бан тіреді. Үшінші орын ішкі саясат басқармасы ұжымының қоржынына түсті.

Жалпыкомандалық есепте ішкі саясат басқармасы бірінші орынға жай­ғасса, екінші орын “Меншікті тілшілер” командасының еншісінде. Ал қаламы қарымды журналистерге ілескен М. Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан университеті­нің студенттері үздік үштікті қорытындылады.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp