«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құрбан айт – ұлық мереке

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құрбан айт мерекесі көкжиектен күлімдеп, құшағын айқара жайып төрімізге енгелі тұр. Құрбан айт – мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі. Ол “ораза айттан” кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созы­лады. Бұл күндер қажылықпен аяқталады. Айт күндері мұсыл­ман қауым Алла тағаланың разылығы үшін құрбан шалады.

Құрбан – араб тілінде “жақындау” дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Ал­лаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – “шарттары­мен санаса отырып, құлшылық ниеті­мен мал бауыздау” дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал “ұдһия” деп аталады.

Құрбан шалу адамзат баласы жа­ратылғаннан бері, Адам атадан (ғ.с.) бастау алып келеді. Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел экономикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкер­ші­лік иесі болып саналады. Сол се­бепті егер әйелдің меншіктік құқы, өзіне ғана тиесілі байлығы нисап мөл­шерінен асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуы да уәжіп. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған бір жеңілдік, ол – айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі, бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.

Айт күні мұсылмандар жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт на­мазына бару – мұстахап (жақсы амал­дарға жатады). Намаздан кейін мал сойылып таратылады. Көрші-қо­лаң, туыс-туғанды қыдырыстап, “Айт құтты болсын!” айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қай­та табысып, айтта бір-бірін кешірген жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын бе­ріп, шамалары келсе көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйластықтарын барынша арттырады.

Құдайға тәубе, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қарай негізгі діні – ислам, халқының басым көпшілігін, яғни 70 пайыздан астамын мұсыл­мандар құрайтын Қазақстанда діни мерекелеріміз айрықша ықыласпен аталып өтілуде.

Алла тағала Құран кәрімде: “Раб­бың үшін намаз оқы және құрбан шал”, – деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) “Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!” – деп бұйырған. Әрине, мұндай қатаң ескерту құрбан шалу­дың уәжіптігін білдірсе керек. Пай­ғам­барымыздың (с.ғ.с) “Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол – Ибраһим әке­леріңнің сүннеті”, – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне теріс емес. Яғни, бізге уәжіп болған құрбан шалу – Ибраһимнің (а.с) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақ­шамға аз уақыт қалғанға дейін жал­ғасады. Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қал­ған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамба­рымыз (с.ғ.с) құрбан шалудың уақыты­на байланысты бірнеше хадисті риуаят еткен. Бәрә ибну А’зибтің риуаяты бойынша: “Алланың Елшісі (с.ғ.с): “Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құр­банын шалатын болса, бұл құрбан­ның отбасына берілген еттен айыр­ма­шылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес”. Басқа бір хадисте: “Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын”, – деп, на­маздан бұрын шалынған малдың құрбандық болып есептелмейтінін ескер­теді.

Тек қой, ешкі, сиыр немесе түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар бо­луы керек. Алты-жеті айлық қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарай­ды. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құс­тар құрбан ретінде сойылмайды.

Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге дейін бі­рігіп, ортақ шалуларына рұқсат. Құрбанды ортақтасып шалған уақыт­та әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ние­тімен ортақтасса, шалынған мал құрбан болып есептелмейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құрбан­дыққа жарамайтын мал турасында: “Анық соқыр, таза аурушаң, (жүре ал­майтындай күйдегі) таза ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды”, – деген. Ха­нафи мәзхабының ғалымдары хадисте айтылған құрбандыққа жара­майтын малдардағы кемшіліктерге қиас (салыстыру) жолымен басқа да кемшіліктерді қосқан. Ол кемшіліктер мыналар: бір көзі соқыр; сойы­латын жерге жете алмайтын дәреж­еде арық; құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген; тістерінің көбісі түсіп қалған; бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған. Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбан­дыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құр­­бан шалуы уәжіп болмаған кедей адам, бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені кедей адамның шал­ған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қол­дану керек. Малды сою үшін сол жа­ғымен жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып қайрау – мәкруһ. Ал қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: “Малды жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздасын. Малдың жанын жай таптырсын”.

Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата сол жағымен жатқы­зылып, дұға ретінде мына аят оқы­лады: “Инна салати уа нусуки уа ма­хиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ” “Күмәнсіз менің намазым және басқа да ғи­бадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Алла тағала үшін. Оның еш серігі жоқ”. Одан кейін: “Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллАллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһилхамд”, – деп, кімнің атынан сойылып жатқаны ниет етіледі. Артынша “Бисмилләһи, Аллаһу әкбар” – деп тәкбір айтып, оң қолмен бауыздайды.

Құрбан шалудың арнайы дұ­ғасын білмеген адамдарға “Бисмил­ләһи, Аллаһу әкбар! Құрбандығымды қабыл ала гөр!” деп ниет етіп, шала берулеріне болады. Тек қана құрбандық иесінің ғана “Бисмил­ләһи, Аллаһу әкбар” – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да “Бисмилләһи, Аллаһу әкбар” – деуі керек. Әдейі ұмытпастан “Бисмил­ләһ” деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де “Бисмилләһ” деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкруһ.

Осы орайда Қызылжар қаласы, Космонавт-2 мекенжайында құрбан шалу үшін арнайы орын белгілен­гендігін айта кеткеніміз жөн болар. Ол жерде барлық жағдай жасалған.

Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұс­тахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көрші­леріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, білім жолындағыларға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей және мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.

Алла тағала Құран кәрімде құр­бан­ның еті турасында былай дейді: “Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегі­зіңдер”. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шалған құрбанының етін қалай та­ратқандығы турасында Ибну Аббас былай деп риуаят еткен: “Пайғамба­рымыз (с.ғ.с) шалған құрбандығы­ның үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үш­тен бірін садақа ретінде тарататын”. Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбан­дыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқан­дай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етіледі: “Алланың Елшісі (с.ғ.с) түйелер құр­бандыққа шалынған уақытта басын­да тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олар­дың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. “Қасап ақысын біз өзіміз береміз”, – деді. Құрбандыққа шалынған мал­дың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp