Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – табиғи рессурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаның тазалығын сақтау. Бұл мәселе өндіріс орындарына тікелей байланысты. Өңіріміздегі ағаш өңдеумен айналысатын он бес кәсіпорын болса, олар өндіріске шикізатты жергілікті орман алқабынан алады. Бұл кәсіпорындардың табиғатқа тигізетін залалы облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында көтерілмек. Осы айдың соңында кеңес бұл мәселеге қатысы бар кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың басын қосып, алқалы жиын өткізбек. Оған дейін кеңестің төрт мүшесі жергілікті БАҚ өкілдері және сарапшылармен бірге бірнеше өндіріс орнын аралап, жағдайдың жай-жапсарын барлап, ақпарат жинап қайтты.
Бірлескен іс-сапар Қызылжар ауданындағы “Ахмудинов” жеке кәсіпкерлігінен басталды. Бескөл кентінде орналасқан кәсіпорын ағаш бұйымдарының түр-түрін өндіреді. 2010 жылдан бері қалдықсыз өндіріске көшкен. Кәсіпорынның біржылдық өнімділік қуаттылығы – 25 мың текше метр. Кәсібін ширата білетін Сермұхамет Ахмутдинов өндірісте бір текше метр ағаш та ысырап етілмейтінін айтады.
– Біздің міндет орманды отау емес – оның қайта өсуіне жағдай жасау, қалпына келтіру. Әрдайым көгалдандыру жұмыстарын жүргіземіз. Мысалы, биыл көктемде 200 гектардан астам жерге ағаш отырғыздық, – дейді Сермұхамет Оралұлы.
Кәсіпорынның тағы бір артықшылығы – көшеттерді өздері өсіретіндігі. Сол үшін кәсіпкер осыдан 6-7 жыл бұрын М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың ғалымы Тимур Зверяченконы қызметке тартқан. Ғалым жылыжайда жасыл желектің елуден астам түрін өсіреді. Бір өскінді көшетке айналдыру үшін 3-5 жыл уақыт керек. Ағаш өңдейтін кәсіпорын жанынан жылыжай ашып, көшет өсіру – елде жоқ бастама.
– Жылыжай облыс орталығы мен өзге елді мекендерді көгалдандыру мақсатында да жұмыс істейді. Ерекше жобалар бар. Солардың бірі – грек жаңғағын өсіріп жатырмыз. Ол 35 градус аязға төзімді. Сондай-ақ Канададан қара және сұр жаңғақ түрлерін алдырттық. Алдағы уақытта оларды да егіп көреміз, – дейді ғалым Тимур Зверяченко.
“Ахмудинов” жеке кәсіпкерлігінің өз бизнесін ғана дөңгелетіп қоймай, қоршаған ортаға да жанашырлықпен қарайтындығы қоғамдық кеңес мүшелерінің көңілінен шықты.
Бақылаушы топ ат басын тіреген екінші өндіріс орны – “Солтүстік фанер комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл – сапа мен қуаттылығы бойынша беделді өндіріс орындарының бірі. Үлкен комбинаттың жанында үйіліп жатқан өндіріс қалдығы келушілердің назарына бірден ілікті. Сарапшы Ережеп Жанатаев ағаштың қалдығы жауынның астында қалса, одан фенол бөлініп, топырақ пен суға сіңіп, зиян тигізетінін айтты. Жалпы кәсіпорын өндіріске әкелінген шикізатты толықтай кәдеге жаратпайды екен. Қалдығын қала сыртындағы қоқыс полигонына шығарып тастайтын көрінеді. Кәсіпорын басшысының бұл қылығы қоғамдық кеңестің отырысында қаралатын болды.
Үшінші нысан – Мамлютка қаласының сыртындағы “Сапа инвест плюс” ЖШС. Бұл – ДСП материаларын шығаруды қолға алайын деп отырған кәсіпорын. Жобаның құны – 1,5 млрд. теңге. Үлкен екі ангардың бірінің құрылысы біткен. Өндіріске керекті құрал-жабдықтар сатылып алынған. Серіктестік басшысы Нұрмұрат Мазарапұлы осы жылдың соңына дейін өндірісті іске қосамын деп отыр. Оның бұл салада тәжірибесі мол, Алматы облысында шағын цехы жұмыс істеп тұр.
– Менде шикізат бойынша қиындық туындайтын еді. Жасыл желекке оранған солтүстік өңірде ағаш мәселесі оңай шешілді. Бізде қалдықсыз өндіріс болады. Табиғатқа зиян тигізбеуге тырысамыз, оған арнайы бағдарлама жасалып жатыр, – дейді Нұрмұрат Мазарапұлы.
Инвестор ретінде өңірімізге келіп отырған “Сапа инвест плюс” ЖШС бастапқыда 40 адамды жұмыспен қамтамасыз етпек. Басшының айтуынша, көп кешіктірмей өндіріс кеңейтіліп, жұмыс орны еселенбек.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.