«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көп тіл білгеннің көкжиегі кең

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында белгілі журналист Ма­рат Ермұқанов жайлы жылы сөз ай­туды әріптестік міндет санадым. Ма­рат Омарұлы зейнет демалысына шықса да, бір күнге де еңбектен қол үзген емес. Бүгінде ол – облыстық ардагерлер кеңесінің баспасөз хат­шысы.

Марат ағаның бойында екінің бірінің бойынан табыла бермейтін ерекше бір қасиет бар. Ол – тілдерді оңай мең­геретіндігі. Орыс және қазақ тілінен бөлек, ағылшын, неміс, француз тіл­дерінде әңгіменің көрігін қыздырып қана қоймай, ойын ақ қағазға көркем тілмен көмкере салады. Полиглоттық қа­сиет – кез келген журналистке да­рымайтын бақ.

Шет тілдерді үйренуге деген қы­зығушылығы бала кезден бастау алған.

– Алпысыншы жылдары неміс тілінде республикалық газет шыға бастады. Ол туралы облыстық “Ле­нин туы”, қазіргі “Soltüstık Qazaq­stan” газетінен білдім. Газетті қалаға жолы түскендерден алдырып, сөздікпен оқитынмын, – дейді Ма­рат Ермұқанов.

Кеңес заманында шет тілі ре­тінде неміс тілін оқытуға басымдық берілетін. Марат ағаның айтуынша, мектеп бағдарламасы бойынша неміс тілі 5-сыныптан басталады екен. Ал кейіпкеріміздің оны үйренуге деген ынтасы ерте оянады. Жоғары сынып оқушы­ларын айналшықтап жүріп, неміс әліпбиін үйреніп алған. Кейін басқа тілдерді үйренуге деген қызығушы­лығы артады. Мектеп бітіргеннен кейінгі арманы – Алматы қаласын­дағы шет тілдер институтына түсу болғанымен, отбасылық жағдай аяғына тұсау болады. Бағына қарай жергілікті университте шет тілдер факультеті ашылады.

Институтты қызыл дипломмен бітірген Марат Омарұлы еңбек жо­лын ұстаздықтан бастайды. Ауыл мектептерінде ағылшын тілінен са­бақ береді.

– Шынымды айтсам, бес жыл ұс­таздық етсем де, бұл мамандықтың ме­нікі емес екендігін іштей түсініп жүрдім. Мамандықты сүйген дұрыс, сонда ісің де өрге басады. Мұғалім­дердің жұмысы зор құрметке лайық. Ол мамандықты таңдасаңыз, бала­ларды жақсы көре білуіңіз керек. Сонда баланың көңілін табасыз. Көңілін тапсаң, оның білсем деген ынтасы артады. Балалардың мінез-құлқын түсіну маған қиын болды, – дейді мұғалімдікті игере алмағанын мойындаған әріптесім.

Марат Омарұлы – табиғатынан жаңалыққа құштар, ізденімпаз, зерт­теуші. Ол институтта оқып жүрген кезінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің интерференциясы тақы­рыбына қызығушылық танытқан. Сол бастамасын жалғастыру үшін Мәс­кеу қаласындағы Ломоносов атындағы мемлекеттік универсиет­тің аспирантурасына жолдама алып, ғылымға арнаған үш жылын өмірінің бір қайталанбас кезеңі ре­тінде еске алады. Оны бітірген соң Марат Омарұлы Петропавл педа­гогикалық институтының ағылшын тілі факультетінде ұстаздық етеді. Ғылым саласындағы бұл жетістігін журналистік қызметке неге айыр­бастады деген заңды сауал туын­дайды.

– Мен тұрмыстық жағдаймен Аққайың (бұрынғы Совет) ауданына ауысып, аудандық халыққа білім беру бөлімінде шет тілдері әдіскері болып жұмыс істеп жүргенмін. Бір күні аудандық “Колос” газетінің редакторы Владимир Кошеленко ре­дакцияға келуімді сұрады. Бұрын га­зетке мектеп өмірінен ма­қалалар жазып тұратынмын. Де­генмен газетке қызметке шақыру ұсынысы күтпеген жағдай болды, – дейді.

Оның кандидатурасын партия­ның аудандық комитетінің өзі бекі­тіпті. Ұсынысты қабылдаған Ма­рат Ермұқанов өзін басқа қырынан танытуға қадам басты. Оның жур­налист мамандығын таңдауы да кез­дейсоқ емес. Бала күнінде мерзімді басылым беттеріне өзінің шағын жаз­баларын, тіпті өлеңдерін жіберіп тұрған. Әсіресе “Қазақстан пионері” га­зетінің тұрақты авторы болыпты. Көңіл қалауы діттеген мақсатына жет­кізді.

– Журналистік қызметтің бас­палдағы болған аудандық “Колос” газетіндегі еңбек жолым әлі күнге дейін есімде. Халия Жолдаспаева екеуіміз хаттар бөлімінде істедік. Алғаш рет журналист ретінде жай­ғасқан ағаш үстел де ұмытылған жоқ. Ұжым өте жайлы болды. Га­зетке сегіз мың адам жазылатын. Аудан тұрғындары толықтай газет оқитын. Іссапарға шығып, сын мате­риалдар жазатынбыз. Газетке шық­қан әр материалды жергілікті билік назарға алатын. Біздің айтқан сы­нымыздан қорытынды шығарыла­тын. Мерзімді басылымдардың беделі артып тұрған заман еді, – деген Ма­рат Омарұлы баспасөздің оқырман та­рапынан сұранысқа ие уақытын сағынышпен еске алды.

Марат Ермұқанов сол 1989 жылдан бері журналистика саласында. Қаламының ұшынан қо­ғамның тыныс-тіршілігін тап басқан та­лай мақалалар дүниеге келді. Оның қолтаңбасы қызмет еткен қалалық “Трибуна”, “Панорама не­дели”, облыстық “Северный Казах­стан” газеттерінің беттерін парақтаған кезде көзіңе оттай басылады. Талай жыл республикалық “Пано­рама”, “Central Asia Monitor”, “Түр­кістан”, “Қазақстан-Заман” газетте­рінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші болды. “Фройндшафт” газетінде де әртүрлі тақырыптағы мақалалары жарық көрді.

1996 жылдан Джонс Хопкинс университетінің ағылшын тіліндегі электронды басылымында, 2005 жылдан Джеймстаун универси­тетінің “Euгаѕіа Daily Monitor” басы­лымында түрлі публицистикалық туындылары жаррияланды. Шетелдік басылымдарға мақалалар жібе­руде тәжірибесі мол. Әлемдік ахуалды, халықаралық қатынастарды тү­сіну үшін шетелдік БАҚ-тың жаңа­лықтарын, сараптама-пікірлерді түп-нұсқадан оқиды. Табиғаты полиглот жан жетпістен асса да шет тілін үйренуді кеш көрмейді. Қазір қытай тілін үйреніп жүр. “Әзірге елеулі серпіліс жоқ, бірақ тыңдаған кезде сөздің мағынасын түсінемін”, – дейді.

Жүрек қалауымен тілшілік қыз­метті таңдаған Марат Ермұқанов оны ширек ғасыр абыроймен ат­қарды. Зейнет жасына жеткен кезде де сенімді серігі – қаламмен қош­тасқан жоқ. Қоғаммен араласпай өмір сүру – оның салты емес. Об­лыстық ардагерлер кеңесінің баспасөз хатшысы қызметіне шақырған кезде ұсынысты қабыл алғаны да сондық­тан. Содан бері ақсақалдармен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Өмірлік тәжірибесі мол аға буынның атқарып жатқан шаруаларын, ой-пікірлерін БАҚ арқылы қоғамға жеткізіп отырады. Былтыр Қазақстан Журналистер одағы Марат Ермұқановты “ҚР құрметті журналисі” төсбелгісімен мара­пат­тады. Бұл – өз кәсібін адал атқарып, мол еңбек сіңірген адамға көрсе­тілген лайықты құрмет. Қаламыңыз мұқалмасын, әріптес!

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp