«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Медициналық мекемелер салынады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында өңірде екі жылда 46 медициналық мекеме – дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және ме­ди­циналық пункт салынып, пайда­лануға берілмек.

Облыстық құрылыс, сәулет жә­не қала құрылысы басқармасы бас­пасөз қызметінің мәліметінше, медициналық мекемелер өңірдің әр ауданында бой көтереді. Биыл 9 ны­сан қолданысқа беріледі деп жос­парланған.

Қызылжар ауданындағы Приб­реж­ное ауылында дәрігерлік амбу­латорияның құрылысы жүріп жа­тыр. “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында ел қазынасынан 455 млн. теңге бө­лініп, осы жылдың мамыр айында құрылысшылар іске кірісті.

“Нысанның іргетасын құйып жа­тырмыз. Жұмысқа 5 маман мен 2 тех­ника жұмылдырылды. Құрылыс материалдарының барлығы дерлік – отандық өнім. Кірпіш Подгорное ауы­лындағы зауыттан жеткізіледі. Жұ­мыс кестеге сай жүргізілуде. Жалпы біздің компания облыс бойынша 6 медициналық мекемені салып жа­тыр. Мағжан Жұмабаев ау­данында 2 дәрігерлік амбула­то­рия, тағы еке­уін Қызылжар ауда­нында және Ға­бит Мүсірепов атын­дағы ауданда 2 аку­шерлік пункт құ­рылысын бас­тадық”, – дейді “Град­стройсервис” жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігі облыстық филиа­лының директоры Сәрсенбай Асылбеков.

Дәрігерлік амбулаторияда 2 ма­ман еңбек етеді. Бұл жерде алғаш­қы медициналық көмек көрсетіліп, тиіс­ті маманға жолдама беріледі.

“Дәрігерлік амбулатория барлық талапқа сай болмақ. Кадр мә­се­лесі де шешіледі. Қазіргі таңда елді ме­кендерге жұмыс істеуге ке­ле­тін дәрігерлерге төленетін көтер­меақы мөлшері де артты. Қалаға жұ­мысқа келгендерге 1,5 млн. ауыл­дарда ең­бек ететіндерге 2,5 млн. теңге бері­леді”, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрбо­лат Иманжанов.

Қызылжар ауданының Приб­режное елді мекенінде бүгінде 1700 үй бар. Қазір тұрғындарға алғашқы медициналық көмек дұрыс жабдық­талмаған ескі ғимаратта көрсетілу­де. Биыл күзде ауыл халқы жаңа дә­рігерлік амбулаторияны пайдалана алады.

Ұлттық жоба аясында республика­лық бюджеттен 2 млрд. 400 млн.-ға жуық теңге бөлінді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp