Петропавлда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында дәстүрлі спартакиада өтті. Назарбаев зияткерлік мектебінде ұйымдастырылған жарысқа 7 команда қатысты.
Журналистер арасында өткен спорттық сынға 50-ден астам тілші, фотограф пен бейнеоператор қатысуға ниет білдірді. Барлығы жылына бір рет ұйымдастырылатын жарысқа тыңғылықты әзірленген. Біркелкі форма киген олар жеңіске қол жеткізу үшін бар күш-жігерлерін салды.
Жарыстың шымылдығын Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Ерлан Тоқшылық ашты. Ол тілшілер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін жолдады.
– Дәстүрлі спартакиада өткен жылы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен еді. Оған 6 команда қатысса, биыл 7 топ 5 спорт түрінен мықтыны анықтайды. Жарыста ең көп ұпай жинаған команда жеңіс тұғырына көтеріледі. Баршаңызға сәттілік тілеймін!, – деді Ерлан Бейсенұлы.
Спартакиадада журналистер шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат және арқан тартудан сынға түсті. Әр спорт түрінде алға суырылып, жүлделі атанғандарға грамоталар мен медальдар табысталды. Осылайша волейболда бірінші орын облыстық ішкі саясат басқармасына бұйырса, екінші орын аудандардан құралған тілшілер командасына берілді. Ал үздік үштікті облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің ұжымы түйіндеді.
Шағын футболдан өткен жарыс тартысқа толы болды. Өткен жылы спартакиадада жеңіске жеткен “Qyzyljar” телеарнасының ұжымы бірінші айналымнан-ақ ұшып кетті. Биыл аладоп додасында аудандардан құралған команда чемпион атанды. Күміс медальды ішкі саясат басқармасының мамандары еншіледі. Қола жүлде үшін таласта “Меншікті тілшілер” тобы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті студенттерінен басым түсті.
Үстел теннисінде облыстық ішкі саясат басқармасы жеңімпаз атанса, екінші орынға “Qyzyljar” телеарнасының командасы қол жеткізді. Қола жүлде студенттерге бұйырды. Сондай-ақ шахмат зияткерлік ойынында да жеңіске жету үшін біраз тер төгуге тура келді. Десе де әдеттегідей бұл сында “Меншікті тілшілер” командасы бәрінен оза шапты. Биыл республикалық арналарға “Soltüstık Qazaqstan” газетінің журналистері бәсекелес бола алды. Нәтижесінде облыстық басылымның шахматшылары екінші орынға табан тіреді. Үшінші орын ішкі саясат басқармасы ұжымының қоржынына түсті.
Жалпыкомандалық есепте ішкі саясат басқармасы бірінші орынға жайғасса, екінші орын “Меншікті тілшілер” командасының еншісінде. Ал қаламы қарымды журналистерге ілескен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері үздік үштікті қорытындылады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.