Диас Аяған
Көк шалғыны көсілген, қалың орманы сыңсыған кең даланың төсін қаққа бөліп қара жол шұбап жатыр. Бұл – жай жол емес. Мағжан туған киелі Сарытомарға, Сасықкөл жағасына апаратын үлкен жол. Алапат ақындық күші теңдессіз даңқты бабамыздың шыққан тегіне бастайтын даңғыл жол. Жасынан білім қуып, асқақ арманына құлаш ұрған бала Мағжан Қызылжарға барған ұлы жол. Бұл жолдың бойында тарихтың ақтаңдағы, талай тектілердің табанының ізі жатыр. Бір кездері жас Мағжанды еліне өле-өлгенше қызмет қылуға бастаған жолдың бүгін сол елін Мағжан тұлғасын тануға бастап тұрғандай. Әсіресе ақынның туған күні қарсаңында бұл жолдың бойында жолаушы көп. Ел тізгінін ұстаған басшылардан бастап қарапайым халыққа дейін бәрі ақынның туған жеріне ағылуда. Алашқа сары алтындай ұл сыйлаған Сарытомар жұрты биыл күллі елге сауын айтып, той жасады. Бір ғасырда бір туатын ақынның мерейтойын бір көріп кету – кімге де болсын арман. Арыс азаматтың аруағына бас иіп, алыс-жақыннан аттай қалап жеткен ағайында есеп жоқ.
Ауыл маңындағы жайлаудың жаны кіріп, жұрт жәрмеңкеге келгендей жадырап жүр. Тойды көреміз дегендер таң атқалы толастамастан ағылып келуде. Аумағы атшаптырым жерді алып жатқан алаңға мыңдаған адам жиылған. Қай жерге барсаңыз да, қаумалаған халық. Қалалық жердің өзінде мұнша адамды сирек көресіз. Ал осынша елді қашықтағы тойдан көру тіптен ерекше әсер сыйлайды. Бұл да болса Мағжан ақынның құдіреті, елінің өз арысына деген шексіз махаббаты шығар. Жан-жағын орман қоршаған жайлаудың бір жағына үлкен сахна құрылса, енді бір жағына халқымыздың қонақжайлығын еске салар киіз үйлер тігіліпті. Кіреберісте қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі орын тепкен. Он саусағынан шыққан өнер туындыларымен өңір жұртына танымал болған шеберлер бұл ауылға өз бұйымдарын әкеліпті. Сазбалшыққа жан бітірген шеберлердің бірінің Мағжанның шағын мүсінін жасағаны бізді таңғалдырды. Онымен қатарласа тұрған тоқыма бұйымдары, ағаштан ойылған ыдыс-аяқ, әшекей, сурет, кәде-сыйлар көздің жауын алады.
Көп ұзамай жұртшылық үлкен сахнаның маңына жинала бастады. Шараның құрметті қонақтары да сахна алдына жайғасты. Мерекелік шара С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актерлары әзірлеген “Елін сүйген – ер Мағжан” атты театрландырылған көрініспен ашылды. Одан әрі сахна төріне мерейтойдың құрметті қонақтары шақырылды. Шараға елорда төрінен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат келіпті. Төменгі палата спикері жиылған елге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын оқып берді.
“Қадірлі қауым! Сіздерді қазақтың аса көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуымен құттықтаймын. Мағжан ақын – төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан қаламгер, Алаштың азаттығы жолында аянбай күрескен, ұлттық рухтың жаршысы болған біртуар тұлға, қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының мақтанышы. Ақынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілікке толы жырлары халқымыздың жүрегіне жол тауып, руханиятымыздың алтын қорына енді. Әсіресе “Мен жастарға сенемін!” атты өлеңі – өскелең ұрпақтың жігерін жанып, намысын қайраған теңдессіз туынды. Елге қызмет етуді көздеген әрбір азамат осы өсиетке адал болуы тиіс. Мен Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда жастардың бойына ізгі қасиеттерді сіңіру қажеттілігіне ерекше тоқталдым. Бұл ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыру үшін өте маңызды. Осы орайда Мағжанды тану, Мағжанды таныту – тәрбиелік әрі тағылымдық мәні бар мәселе. Сол себепті оның шығармашылығын терең зерделеп, жан-жақты дәріптеу керек. Артында өлмейтұғын сөз қалдырған ақынның мол әдеби мұрасы талай буынға өнеге болары сөзсіз. Оның өміршең өлеңдері халықпен бірге жасай береді”, – делінген Президенттің құттықтауында.
Мемлекет басшысының құттықтауын оқыған Ерлан Жақанұлы Қызылжар халқына Парламент депутаттарының да ыстық сәлемін жеткізді. Өз сөзінде ол Қызылжар топырағының қазақ тарихында өшпес із қалдырған киелі мекен екенін айта келе, мерейтойдың дәл осы жерде өтуінде зор мән бар екеніне тоқталды. Спикер қандай қиын заман келсе де, ақынын ұмытпаған Сарытомар елімен жақсы таныс екенін айтты.
– Маған бұған дейін Жезқазғанда қызмет етіп жүргенде ақынның 100 жылдық тойына қатысу бақыты бұйырған еді. Содан бері 30 жыл өтсе де, халқымыздың Мағжан тұлғасына, Мағжан мұрасына деген ықыласы мен махаббаты өзгерген емес. Жыл басында Жасмин есімді қаршадай қыздың бастауымен ақын жырларын оқу эстафетасы қолға алынды. Мен биыл ғана осындағы Мағжан мұражайына арнайы келіп, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов бастаған ағаларыммен, зиялы қауым өкілдерімен кездестім. Ұлы ақынның мерейтойында тағы да өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Мағжанның тойы – күллі Алаштың тойы, Алаш рухының тойы. Әрдайым осындай тағылымы мол, игі істің басында жолығайық, – деді Ерлан Жақанұлы.
Кейін сөз алған облыс әкімі Айдарбек Сапаров қонақтар мен өңір халқын құттықтап, Мағжанның ақын, жазушы, педагог, түркітанушы, бір сөзбен айтқанда, сан қырлы тұлға болғанын сөзіне тұздық етті.
Түркиядағы Гази университетінің профессоры Хулия Ченгелдің сөзін де көпшілік жылы қабылдады. Түрік ғалымы Мағжанның еліне келгенде ақынның өзі жырлаған қазақ тілінде сөйлеп, ақынның түркі дүниесіне ортақ тұлға, Түркиядағы ірі оқиғаға үн қосқан жанашыр азамат екенін тебірене айтып берді.
– Осынау үлкен мерейтойға қатысу – менің өңірімдегі ең зор қуаныш. Соңғы 30 жыл Түркияда Мағжан туралы мақалалар жазылып, диссертациялар қорғалып, дәрістер оқылуда. Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішінде ең бай әрі өзінің байырғы қалпын сақтаған тіл. Мағжан айтқандай, қазақ тілі күллі түркі жұртын ақ қолымен өзіне тартады. Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханов: “Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады?!” – деген болатын. Мен Мағжандай ақыны бар 19 миллион қазақтың тілі жоғалмайтынына сенемін, – деді түркиялық ғалым.
Сарытомарға келгенде ақынның жерлестері алдында тебірене сөйлеген Хулия Ченгел Мағжанның “Сағындым”, “Алыстағы бауырыма”, “Қазақ тілі”, “Мен жастарға сенемін” өлеңдерінен үзінділер оқып берді. Ғалымның ана тіліміздегі әсерлі сөзіне ықыласы ауған халық оған қайта-қайта қол соғумен болды. Бұдан соң Мағжанның туған ағасынан тараған ұрпағы Жанат Муслимов мерейтойды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Құрметті қонақтардың қатарында Сенат депутаты Әсем Рахметова, Мәжіліс депутаттары Қазыбаек Иса, Ермұрат Бәпи, Жанарбек Әшімжан, Еркебұлан Мәмбетов, Айгүл Құспан, Мұқаш Искандеровтармен қатар Мереке Құлкенов, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Қасымхан Бегманов, Құлбек Ергөбек сынды белгілі қаламгерлер болды.
Екі күн бойы түрлі шараларда ақын жайлы небір терең сөздер айтылып, мазмұнды баяндамалар жасалды. Сөзбен мүсін жасаған жыр иелері Мағжанды күнге де, жұлдызға да теңеп, өлеңдеріне арқау етті. Осындай үлкен жиынның басында айтылар аталы сөз тойға келген азаматтардың аузынан төгіліп жатты. Әркім Мағжанды өзінше түсінеді, өзінше баяндайды. Ақынның мәңгілік жырлары осында келген әр қазақтың жүрегінде маздап жанып тұр. Бұл күні Мағжан бір сәтке болсын өлең болып, ән болып туған жеріне оралғандай болды. Қонақтардың “ақынның аруағы осы тойда бізбен бірге” деуі де тегін емес.
Сахна төріндегі салтанатты шара Ақан сері атындағы облыстық филармонияның өнер ұжымы әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты. Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі дала төсін күйге бөлесе, Дәмеш Құрманкина, Біржан Есжан, Ғалымжан Нұрпейісов сынды әншілер Мағжанның сөзіне жазылған “Япурай”, “Сарыарқа сайран жерім-ай”, “Мен жастарға сенемін”, “Жұлдызды – жүзік, айды алқа қып берейін” әндерін шырқады. Концерттің ортасында сахнаға эстрада әншісі Қуандық Рахым шығып, елдің рухын оятар туындыларын орындады. Айыртау, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың өнерпаздары да бұл күні бойдағы барын аянып қалған жоқ.
Концерттің сыртында алаңның әр жерінде кішігірім шаралар өтіп жатты. Мысалы, облыстық тарихи-өлкетану музейі бұл тойға өз қорындағы құнды жәдігерлерді жеткізіпті. Олардың арасында Жұмабаевтар әулетіне тиесілі жайнамаз, табақ пен тостаған бар. Бұл жәдігерлердің бәрі ақын өмірімен байланысты. Арыс азаматтың өр тұлғасы бейнеленген картиналар да көрме сөресінен табылды. Музей экспозициясын тамашалап, ақын өміріне қатысты қызықты деректерге қанығып жатқан жұрттың қарасы қалың. Ал қаламгердің кітаптарымен танысып, ол жайлы жазылған әдебиеттерді көргісі келгендер С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың көрмесін тамашалады. Мұнда да мерейтойдың мәнін айшықтай түсер біраз материал қойылыпты. Сонымен қатар облыстың әр ауданының атынан киіз үй тігіліп, ақ дастарқан жайылды.
Спортсүйер қауым таң атқаннан той тарқағанға дейін бозкілемдегі балуандар күресін тамашалады. Облыстың әр жерінен келген сақа спортшылардың қай-қайсысы да мерейтойға орай арнайы жасалған белбеуден дәмелі. Ешкімнің жамбасы жерге тиіп жатқысы жоқ. Балуандар бұл күні барын салып, күні бойы күрестің қызығы тарқамады. Әсіресе ауыр салмақтағы қатысушылардың бәсекесі тартысты өтті. Бас жүлде – 500 мың теңге Алтынбек Аусағитовке бұйырды.
Мағжанның тойы бәйгесіз өтсін бе? Шашасына шаң жұқпайтын небір сайгүліктер Сарытомар даласында көсіле шапты. Айтысқа қиқулап делебесі қозған ел енді ат бәйгесін тамашалауға ауды. Оларға арнап, ең алдымен, қазақтың ұлттық ойындарынан көрініс көрсетілді. Жарыс жолында құйрық-жалы күзелген сәйгүліктердің небір түрі бар. Бәйге аттарының күнделікті көріп жүрген жануардай емес, тұқымы асыл, тұрқы бөлек, күтім көріп, әбден бапталғаны байқалады. Ішінде бойынан артық еті байқалмайтын жүйріктер де, бір өзі біраз жүкті сүйрер күші бар, денесі ірі тұлпарлар да бар. Сайыстың аты – сайыс болған соң орта жолдан сүрініп, болдырып аламаннан шеттеп жатқандары да табылды. Толыбай көз халық қай аттың бұрын келерін, қай шабандоздың тақымы бос екенін бірден тауып, дөп басып отырды. Жанкүйерлер жүйріктерге қиқу қосқан сайын шабандоздар да атын қамшылай түседі. Үстіне өрімдей жас балалар отырған аттар жердің апшысын қуырып, жүйткіп барады. Құнан бәйгенің жүйріктері жер бетімен емес, алыстан қарағанда қанат бітіп ұшып бара жатқандай әсер қалдырады. Қазақтың “жүйткіп келеді” деген сөзі, сірә, осындайда айтылса керек.
– Бәйгеге өңірімізден бөлек, өзге облыстардың да шабандоздары қатысуда. Қазір нағыз ат жарысы маусымының қызған шағы. Биыл Мағжан тойы да осы сәтпен тұспа-тұс келіп, небір жүйріктердің басын қосты. Жергілікті шабандоздарымыз бұған дейін біраз бәйгеде сыннан өтіп, әбден шыңдалды. Сондықтан бүгін нағыз тартысты дода болып жатыр. Сәйгүліктер құнан бәйге, ұшқыр бәйге, жорға жарыс, аламанда сынға түсуде. Жеңімпаздар ақшалай жүлделермен, ал аламанның жүйрігі автокөлікпен марапатталады, – дейді сайыс төрешісі Мұратхан Арнат.
Құнан жарыста бас бәйге шалақындық Сұлтан Төреханға бұйырды. Ұшқыр бәйгеде бұған дейін өңірдегі талай аламанды шаңға көміп жүрген Қызылжар ауданының шабандозы Дмитрий Волков бірінші келді. Жұртты сүйсінтіп, елдің есінде қалған жорға жарыста да Қызылжар ауданының бағы жанып, Әлия Асқарова жеңіс тұғырынан көрінді. Ал ұзақ қашықтықтағы аламанның бас бәйгесін елордадан келген Ертөс Исламнұр еншіледі. Осылайша Мағжан тойына тігілген екінші “темір тұлпар” да өз иесін тапты. Бұған дейін ел көлеміндегі талай бәйгеде жүлде байлап жүрген Ертөс Исламнұр Сарытомар төрінде де өз мықтылығын тағы бір дәлелдеді.
Сонымен қатар бұл күні облыс орталығында оқушылар арасындағы дәстүрлі “Мағжан оқуларының” республикалық кезеңі өтті. Онда еліміздің 17 өңірінен келген 50 жас дарын 3 аталым бойынша сынға түсті. Сайыс соңында жеңімпаздар жүлделі орындармен марапатталып, оларға құнды сыйлықтар табысталды. Сайыс қорытындысы бойынша “Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған” жас ақындар сайысында қызылордалық Нұрасыл Өмірбек, Мағжан шығармаларын жатқа оқу аталамында шымкенттік Еркежан Сансызбай, ғылыми жобалар аталымында қарағандылық Мағжан Құдайберген жеңіске жетті. Үш аталымға да ортақ бас жүлде зерттеу жұмысымен көзге түскен жамбылдық Диас Айдаралыға бұйырды. Кейін жас өрендер Мағжан тойына куә болу үшін Сарытомарға аттанды.
Осылайша сайын дала төсіндегі ақын тойы өз мәресіне жетті. Тойда бәйге де, айтыс та, күрес те, ұлттық ойындар да ұйымдастырылып, халайық небір тартысты бәсекелерге, жүйріктердің шабысына, балуандардың шалысына куә болды. Жергілікті әртістердің ұзақ дайындалып әзірлеген өнер жәрмеңкесінің өзі – бір төбе. Түркінің көгінде еркін самғаған Мағжандай қыранның тойы әдеттегі ас ішіп, аяқ босататын күндегі жиын емес, тағылым мен тарихтың, әдебиет пен өнердің, өлең мен қара сөздің тойы болу керек. Ал осы жолғы тойдың осы талапқа қаншалықты сай келгеніне руханиятқа жанашыр қауым өз бағасын бере жатар. Алайда бұл шара өңірде жарияланған Мағжан жылының соңы емес, керісінше, мерейтой аясында атқарылатын игі істердің бастамасы болса екен дейміз. Жыл басынан бері өңірімізде облыстық, республикалық деңгейдегі жиындарды былай қойғанда өткенімізді түгендеуге арналған 3 халықаралық шара өтті. Сол шаралардың бәрінде жиылған ғалымдар мен қаламгер қауым Мағжан мұрасын насихаттап, есімін ұлықтауға қатысты ұтымды ойлар мен орайлы ұсыныстарын жеткізді. Өкініштісі, Мағжан жылы жарияланғанына жарты жыл өтсе де ғалымдар мен зерттеушілер тарапынан көтерілген ақынның толық шығармалар жинағын шығару, өмірбаян деректерін жүйелеу, зерттеушілер экспедициясын ұйымдастыру, астана төрінен ескерткіш орнату сияқты оңтайлы бастамалар қолдау таппай келеді. Белгілі ақын Еркебұлан Қайназардың мемлекеттік сыйлық Абайдың есімімен аталып жатқанда Дарын жастар сыйлығын Мағжан есімімен атау туралы ойы да елдің көңіліне қона кетті. Сарытомарда өткен салтанатты жиын осы мәселелердің түйінін шешуге әсер ететін шара болады деп сенеміз. Біз Мағжанды танудың биік деңгейіне әлі жеткен жоқпыз. Сондықтан да ақын аманатын ақтап, тұлғасын айқындайтын сәт енді келіп тұрған сияқты.
Сарытомарда өткен ауқымды шарадан кейін мерейтой дүбірі Алты алаштың даласына жайылды. Облысымызға келген құрметті меймандар алғысын жаудырып, өз еліне қызылжарлықтардың ыстық ықыласын арқалап кетіп жатты. Әлеуметтік желілерде тараған осы той туралы қаламгерлердің жазбалалары да жүректі жылытады. Осы күндері төрімізде отырған меймандардың “Той тойға ұлассын” деген тілегі қабыл болса керек, Мағжан тойы тарқар сәтте ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Алаш мұрасын түгендеуге үнемі бастамашы болып жүретін “Ақжол” партиясының Мағжанға арнап республикалық мүшәйра өткізетінін жеткізді. Сонымен қатар қараша айында Түркия жұртының Мағжанның 130 жылдығын кең көлемде атап өтетіні жайлы мәлім болды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.