Аналар күні – кең таралған мерекелердің бірі. Барлық мемлекет аналар мейрамын ерекше ықыласпен атап өтеді. Егер елімізде Аналар күні қыркүйектің үшінші жексенбісінде тойланса, Түркия 22 маусым күнін әлемнің жарығын сыйлаған жандарға арнаған. Осы ретте Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі тамаша мерекеге арнап әдеби-музыкалық кеш өткізді.
Жалпы әлемнің әр елінде тойланатын Аналар күні мерекесінің шығу тарихы тереңде жатыр. 1907 жылы Анна Джарвис есімді қоғам белсендісінің арқасында Аналар күнін өткізу бастамасы көтерілді. 1910 жылы бұл мейрам ресми түрде Вирджиния штатында аталып өтсе, ал 1914 жылдан бастап толықтай АҚШ-та тойлана бастады.
Түркия елінде Аналар күні 1955 жылдан бері тойланып келеді. Бауырлас ел аналарға деген сүйіспеншілік пен құрметті бала кезден қалыптастыруға баса мән береді.
– Біз биыл кеш болса да Аналар күнін атап өтуді жөн көрдік. Әр адамның көңіл пердесін ашатын мерекеге арнап әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырдық. Осындай тағылымды мерекелер арқылы өскелең ұрпақты ата-анаға мейіріммен қарауға баулу – аса маңызды. Екі елдің осындай өнегелік мәні зор мерекелерін атап өту арқылы жас буынға тәлімді тәрбие береміз деп ойлаймын. Біздің бұл ойымыз жиналған қауымның көңілінен шықты, – деді “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Диляра Хасанова.
Мерекелік іс-шараға қатысқан №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы Фатали Чахалов бұл күнді ерекше жақсы көретінін айтты. Себебі анасына жақсы көңіл сыйлау – әр баланың арманы. Кеш барысында қазақ, орыс, түрік, украин тілдерінде өлеңдер оқылып, әуезді ән шырқалды.
Аружан ҚҰРЫМБАЕВА.