Оқырманы асыға күтетін “Mağjan” республикалық журналының кезекті саны жарық көрді. Бұл жолғы материалдар легі қазақ өлеңіне, жалпы ұлт әдебиетіне жаңалық әкелген Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналды.
Журналды қолына алған көзі қарақты оқырман арда ақынның өнегелі өмірі жайлы жазған ғалымдардың зерттеу мақалаларын тұщына оқыры сөзсіз. Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мүсілім Базарбаевтың “Құдіретті өлең өнегесі” ғылыми мақаласында ақиық ақынның өлең әлемі жан-жақты зерттелген, зерделенген. “Қазақ ұлттық поэзиясының падишасы Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың өнегелі өмірі мен шығармашылық өнері жайында айту тым жауапты. Ол “өз тегін де, өз жерін де мадақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын адақтауға ұмтылған, өлең сөздің асыл маржанын төгілткен, сұлу жырымен оқырманын егілткен, өне бойы қапаста, қайғы мен қасіретте өмір кешіп, ақырында мүлт кеткен, өзі айтатындай соры арылмаған халқының зарлы перзенті”, – деп ғалым Мүсілім Базарбаев атап көрсеткендей, тағдыры тым аянышты аяулы жанның өмірі мен өлеңін әлі талай ғалым қаузары анық.
Қазіргідей тасқын өмірге юмормен қарай алатын жандар сирек. Сатирик Қанағат Әбілқайырдың шығармасын оқыған адам басындағы күллі мәселені ұмытып, езуі жиылмай, ырза болып тұрғанын өзі де байқамас-ау. Оның тартымды тілмен жазылған “Тіл”, “Менің атым – Тэмберлейнк”, “Дедім-ай-ау”, “Көңілдес пен МАИ”, “Болар бала..” әңгімелері оқырманға ой салары анық.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтетін бір сала – көркем аударма. Соңғы жылдары жергілікті аудармашылар оқырманға қызықты делінген шетел жазушыларының туындыларын тәржімалауда. Бұл қазақтілді қауымның әлем әдебиетімен өз ана тілінде сусындауына мүмкіндік берді. Шетел жазушылары – Андреа Моруа мен Корнелиус Петкаудың шығармашылығы да әлем әдебиетінен хабары барларға кеңінен таныс. Сондықтан Андреа Моруаның “Қызғаныш”, Корнелиус Петкаудың “Саксафон сазы немесе үзілмеген үміт” новеллалары талғампаз оқырманның көңілінен шығары сөзсіз.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА.
“Soltüstık Qazaqstan”.