С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім” атты мәнерлеп оқу байқауы қорытындыланды. Түркі жұртының тұмарына айналған даңқты жерлесімізге арналған байқауға өңірдің әр аймағынан түрлі жастағы отызға жуық талапкер қатысты.
Олардың өнеріне жергілікті қалам ұстаған қауым өкілдері бағасын берді. Сайыс шарты бойынша қатысушылар ақын өлеңдерін оқып, өз өнерлерін әлеуметтік желілерде жариялады. Мағжан сенген жастар ақынның туындыларын өздері ғана оқып қоймай, оның ғаламтор кеңістігінде таралуына да ықпал етті. Жарияланған видеоматериалдар оқырман тарапынан қолдау тауып, жоғары бағаға ие болды. Әсіресе ақынның есімін иеленген аудандағы оқушылар белсенділік танытты. Ана тіліміздегі жырларды жатқа оқыған орыс мектептерінің білім алушылары да көрерменге ерекше жылы әсер сыйлады.
“Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім” атты байқау екі жас санатында өткізілді. Кіші жас санатында Гауһар Кененбай, Доминика Дарябина, Ксения Коневскаялар арнайы номинацияларды иеленсе, Рахым Құрбан мен Аяулым Айтпек 3-орын, Перизат Бақытқызы 2-орын, Али Абдиохап 1-орынды қанжығаға байлады. Ал жоғары жас санатында 3 орынды Гүлсезім Тұрсынбаева, Жамбыл Сейлхан, 2-орынды Дени Мунч, Айсана Еркінбек, Диас Ахметжановтар иеленіп, 1-орынның жүлдесі Снежанна Рамазановаға бұйырды.
Қайыржан МӘЛІКОВА,
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.