«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚПАРАТ ЖАУЫНГЕРЛЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Айдарбек Сапаров “арқалағаны – алтын, жегені – жантақ” журналистер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, бірқатарына Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыс етті.

Журналист – екінің біріне, егіздің сыңарына жалынан ұстата бермейтін жампоз кәсіп. Қоғам білуі тиіс әртүрлі ақпараттарды жинап, халыққа жария ететін ақпарат жауынгерлерінің өңіріміздің ғана емес еліміздің дамуына сіңіріп отырған еңбегі орасан. Қолына қалам ұстағандардың жұмысына ризашылығын білдірген Айдарбек Сейпілұлы облысымызда тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру бағытында көптеген жұмыстардың атқарылып жатқанын сөзіне тұздық етті. “Тұрғын үйлерді қолданысқа тапсыру, жолдарды жөндеу, ауызсумен қамтамасыз ету ісінде ілгерілеушілік бар. Кемшіліктер де жоқ емес. Сіздер өңір тұрғындарына орын алып жатқан оқиғалар легін дер кезінде жеткізіп, жүзеге асырылған жобалар туралы жан-жақты мәлімет беріп келесіздер. Баршаларыңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отыра, мықты денсаулық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін”, – деді өңір басшысы.

Журналистерді өңірде алда атқарылатын шаруалармен таныстырған облыс әкімі бір топ тілшіні Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады. Олардың қатарында әріптесіміз, облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің дизайнері Жанна Бекетаева да бар. Бұл салада жиырма жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан Жанна Тұрарқызының басылымның сапалы шығуына, әдемі безендірілуіне тигізіп отырған үлесі зор. Ол өңір басшысының қолынан мұндай марапат алғанына қуанышты екенін айтты.

Салтанатты сәт үстінде сөз алған жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов тілші қандай жағдай болмасын шындық пен адалдықтан аттамауы қажеттігін айтып, қалам ұстаған қауымның өңірдің дамуына сіңіріп отырған еңбегін жоғары бағалады.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp