Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстағы білім беру ұйымдарында жүргізілген мемлекеттік бақылаудың қорытындысы әңгіме өзегіне айналды. Облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алена Мальгаеваның айтуынша, бірінші жартыжылдықта 134 бақылау іс-шарасы өткізілген.
Білім беру сапасын тәуелсіз сыртқы бағалау жүйесі 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Осы кезең ішінде бақылаудың түрлері мен нысандары өзгерген. Биылғы жылдың бірінші жартысында 63 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестаттау, 48 ұйымда қайта аттестаттау, нұсқаманың орындалуын бақылау бойынша және өтініштер бойынша 20 жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
Бақылау нысанының бірі – мемлекеттік аттестаттау. 2012-2017 жылдар аралығында облыстың 713 білім беру ұйымы мемлекеттік аттестаттаудан өтті. Содан кейін бұл бақылау шарасы тоқтатылып, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап жаңартылды. Төрт жылдық үзіліс елдегі білім беру жүйесінің даму көрсеткіштеріне теріс әсер еткені, атап айтқанда, білім беру қызметтерін ұсыну сапасының төмендегені анықталған.
Жаңа форматты аттестаттаудың басты ерекшелігі – бұл шараны білім беру ұйымына бармай профилактикалық бақылау арқылы жүргізу.
Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу саласына келсек, биыл 18 балабақшада аттестаттау өткізілді, бұл жоспарлы нысанның 41 пайызын құрады. Жинақталған материалдарды талдай келе, мектепке дейінгі ұйымдар жоспарының үлгілік жоспарға сәйкессіздігі, балалардың жеке даму карталарын жүргізу бойынша талаптардың орындалмауы, бір жастағы топтарды қалыптастыру кезінде жас ерекшелігін сақтамау сынды олқылықтар анықталды.
Өткен жартыжылдықта орта білім беру деңгейінде мемлекеттік аттестаттау 30 мектепте өткізілсе, соның 13-і оң қорытынды алды, ал 17 мектеп аттестатталмады. Өткен жылмен салыстырғанда биыл орта білім беру ұйымдарының қызмет сапасы артып, олқылықтар айтарлықтай қысқарған. Десек те анықталған кемшіліктердің ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін оқыту жағдайлары жасалмағандығы толғандырады. Себебі оқытушылардың жеке жұмыс жоспарлары жоқ, психологиялық-әлеуметтік қызмет жұмысын, инклюзивті білім беру талаптарын сақтамайды.
Мемлекеттік аттестаттауда білім беру ұйымының 4,9 сынып оқушылары арасында кешенді тестілеу өтеді. Мұндай тестілеу бүгінде 51 мектепте өткізілді. Айыртау ауданының Дәуқара орта мектебінің 4-сынып оқушылары 30-дан 27, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Буденновское орта мектебінің 9-сынып оқушылары 60-тан 50 балл алып, жақсы нәтиже көрсетті. Ал Мағжан Жұмабаев ауданының Қызыл-Қазақстан негізгі орта мектебінің 4-сыныбы мен Тайынша ауданының Киров орта мектебінің 9-сыныбы тестілеуден сүрініп, төмен балл жинады.
Биылғы жылы аттестатталатын 15 колледждің жетеуі ғана мемлекеттік аттестаттау қорытындысы бойынша оң нәтижеге ие болды. Аттестаттаудан өте алмаған колледждер кемшіліктерді жойды.
Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау, ең алдымен, көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған. 2023 жылдың соңына дейін мемлекеттік бақылау шараларымен облыстың 90-ға жуық білім беру ұйымы қамтылуы керек.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.