«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕР МІНЕЗДІ ҚАЙРАТКЕР ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеңес заманында ұлтсыздандыру саясаты ерекше екпінмен жүргізілген Солтүстік Қазақстан облысының жарты ғасырлық тарихында 1997 жылы тұңғыш рет өңірдің бірінші басшысы болып қазақ азаматы Даниал Ахметов тағайындалды. Ол өтпелі кезеңде экономикалық қиындықтарға тап болып, тұйыққа тірелген Қызылжар өңірін екі жылға жуық басқарып, жаппай жұмыссыздық пен энергетикалық дағдарыс мәселелерін шешуде оң нәтижелерге қол жеткізгендіктен, 1999 жылғы күзде қызметі жоғарылатылып, Үкімет төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ал оның босатқан орнын кім басатыны солтүстікқазақстандықтарды қатты алаңдатқан еді.

“Ел құлағы – елу” демекші, іле бұ­рын Жезқазған және Шығыс Қазақ­стан облыстарын басқарған Қажы­мұрат Нағмановтың кандидатурасы жоғары жақта қаралып жатқандығы жайлы сыбыс шықты. Журналиске тән қызығушылықпен жалма-жан “бес минутсыз облыс әкімінің” кім еке­нін нақтырақ білуге тырысып, кейбір әріптестеріме телефон соқтым.

“Қажекеңді Жоғарғы кеңес депу­таты кезінен білемін. Өйткені ол кезде мен Парламенттің “Халық кеңесі” газетінің қызметкері ретінде Жоғарғы кеңестің отырыстарына жиі қатысып жүрдім. Сонда аңғарғаным, Қажы­мұрат Нағманов экономика мәселе­лерін жілікше шағатын өте білімді әрі тәжірибесі мол депутат екен. Жоғар­ғы кеңестің Өнеркәсіп, көлік және байланыс комитетінің төрағасы бо­лып бекер сайланбаған ғой. Аса белсенділігімен де көзге түсті. Халық қа­лаулыларының алдында заң жобала­ры жайлы баяндама жасаған және әр салада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берген Үкімет мү­шелеріне өткір сұрақты жаудырып, сас­тырып-пыстырып қана қоймай, оларды кейде қатты сынап, жерге кіргендей қылатын. Оған бұл “кәстөмі тарлық етіп тұрғандай” еді. Жоғары жақтағылар соны ескерген болар, 1994 жылы қыста жылу жүйесі қатып қалған Жезқазған қаласында қалып­тасқан жағдайды қалпына келтіру үшін Жезқазған облысына әкім етіп тағайындап, нағыз “алғы шепке” ат­тандырды. Қажымұрат ағамыз сол сынақтан сүрінбей өтіп, кейін Мемле­кет басшысынан мақтау естіді ғой”, – деді курстас досым, белгілі қоғам қайраткері Мейрамбек Төлепберген.

Жезқазған облыстық телерадио­компаниясын басқарған белгілі тележурналист Сәбит Байдалы: “Қажы­мұрат Ыбырайұлы Қызылжарға әкім болып баратын болса, бөркіңді аспан­ға ата бер. Өзі де жұмыстан аян­байды, өзге шенеуніктерді де бір шы­бықпен айдап, жұмыс істетеді. Жез­қазғанның жылу жүйесін жөндеу жұ­мыстарын күні-түні жүргіздіріп, түн ор­тасында өзі барып тексеруші еді. Әкімдікте облыстық басқармалар басшыларының, қала мен аудан әкімдерінің есептерін жүйелі тыңдап, оларға қатаң талап қойды. Бізге сон­дай іс-шаралардан көлемді арнайы хабар дайындап, эфирден беруді тап­сырды. Бұл бағдарламаны жұрт “Бастықтар да жылайды” деп атап кетті”, – деді.

Сөйтіп 1999 жылғы қазан айында Қажымұрат Нағманов Солтүстік Қа­зақ­стан облысының әкімі болып та­ғайындалды. Араға бірер апта са­лып, алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Оған қатысқан журналистер­дің ішінен ең өткір сұрақты “Егемен Қазақстан” республикалық газетінің меншікті тілшісі Мәлік Мұқанов қойып: “Бұрынғы әкім Павлодардан бір вагон кадр әкеліп еді. Сіз неше вагон кадр әкелесіз?”, – деп түйеден түскендей дүңк еткізді. Жаңа әкім еш шамданған да, қысылып-қымтырыл­ған да жоқ. Бірден: “Бір вагон жі­гітке тұратын бір-ақ азаматты әкелемін. Оның кім екенін кейін естисіз­дер”, – деді. Осы жиынға облыстық телерадиокомпанияның директоры ретінде қатысып отырған мен де сұрақ қойып: “Бұрынғы әкім Николай Погодин атындағы облыстық орыс дра­ма театрының жанынан қазақ труп­пасын құрғызамын деп уәде бе­ріп еді. Бірақ уәдесін орындап үл­гермеді. Сіз осы мәселе жөнінде не айтасыз?”, – дедім. Бұл жолы да Қажекең еш іркілместен: “Қазақта “Екі қошқардың басы бір қазанға сый­майды” деген сөз бар. Сондықтан облыстық қазақ драма театрын дер­бес ұлттық өнер шаңырағы етіп аша­мыз”, – деді.

Көп ұзамай облыс әкімінің “бір вагон жігітке тұратын” орынбасары павлодарлық Қуат Есімханов екенін білдік. Ол Қажымұрат Нағмановтың тапсырмасымен Петропавл қаласын­да қазақ театрын ашу ісін дереу өз қолына алып, бұрынғы энергетик­тердің Мәдениет үйін реконструк­циялау жұмысы басталып кетті. Те­мірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының бір топ тү­легі қызметке шақырылып, бәріне пә­тер кілті тапсырылды. Облыстық қа­зақ сазды-драма театры ретінде құ­рылған жаңа өнер ордасына Сәбит Мұқанов есімі беріліп, әйгілі жазушының ғасырлық мерейтойы қарсаңында салтанатты түрде ашылды.

Қажымұрат Нағманов Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы­на келген кез – еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық қатынастарға көшу басталған өтпелі кезеңде ұжымшарлар жаппай жекешелендіріліп, көпшілігінің мал-мүлкі талан-таражға түс­кендіктен, жұмыссыз қалған ер-азаматтар үй маңындағы күйбең тірлікпен айналысып, отбасын асырау­дың негізгі салмағы әйелдердің иығына түскен қиын уақыт-тұғын. Олар жаздың аптап ыстығына, қыстың үскірік аязына қарамай жолға шығып, отбасынан артылған сүт өнімдерін ау­дан мен облыс орталықтарына, тіпті көршілес Ресейдің өнеркәсіпті қала­ларына апарып сатып, екі елдің де санитарлық-эпидемиологиялық станция қызметкерлері мен құқық қорғау органдары тарапынан қысым көріп, қиналып жүретін. Соған қа­ра­мастан, сауда-саттықтарын үзбей, қа­лалықтарға сатқан сүт-майынан түс­кен қаражатты жинап, балаларына киім-кешек, қант-кәмпит алатын. Осыны біліп жүрген Қажымұрат Нағ­манов облыс әкімі болып тағайын­далысымен ауыл тұрғындарының өз­дерінен артылған басы артық өнім­дерін сатып алып, өңдеу ісін ұйымдастыруды қолға алды. Нәтижесінде облыс аудандарының бәрінде сүт өнімдерін қолма-қол ақшаға сатып алып жинайтын кәсіпкерлер шығып, ауыл әйелдері аудан орталықтары мен қалаларға сабылған сергелдеңнен құтылды.

Қажымұрат Нағманов Қызылжар өңірінің ең шалғай шетіндегі мидай жазық даланы мекендеген қаракөздеріміз көп тұратын Уәлиханов ауда­нының әлеуметтік-экономикалық да­муы кенжелеп қалғанын ескеріп, оған ерекше көңіл бөлді. Петропавл мен Көкшетау қалаларына жақын аудандарды айналшықтап жүрген ірі инвестор компаниялардың бірін Уәлиханов ауданын көтеруге міндеттеді. Сөйтіп көп жыл күтім көрмей, арамшөп басып кеткен егін алқап­тарына қайтадан түрен салынып, би­дай егілді. Көптеген жергілікті тұр­ғынға тұрақты жұмыс табылып, қуа­нып қалды. Бұған қоса, өткен ға­сырдың тоқсаныншы жылдарында іс­тен шыққан ескі су құбырлары жаңартылып, бірқатар ауыл таза ауызсумен қайтадан қамтамасыз етілді. Облыс әкімінің осындай жақсылығын ұмытпаған жергілікті зиялы азамат­тар кейін Қажымұрат Нағмановқа “Уәлиханов ауданының құрметті аза­маты” атағын беруге ұйытқы болды.

Ол облыс әкімі ретінде Қызыл­жар өңірінде мемлекеттік тілдің өрі­сін кеңейтуге жете мән берді. Об­лыста әр аптаның бейсенбі күні – мемлекеттік тіл күні болып белгіле­ніп, орыстілді орыс-қазақ шенеунік­тердің бәрі қазақша тіл сындыра бас­тады. Қажекең жергілікті қазақтар­дың салт-дәстүрін қалпына келтіруге де күш салды. Мәселен, 2000 жылы жазда Солтүстік Қазақстан облыстық телеарнасының 50 жылдығын Пет­ропавлдың бір үлкен мейрамханасында атап өттік. Телестудия ұжымы мен ардагерлеріне қоса, облыс әкімі мен оның орынбасарларын, басқармалардың басшыларын шақырдық. Бірақ тойымызға Қажымұрат Нағманов пен қала әкімі Петр Ходеев екеуі ғана келді. “Басқа басшыларды да шақырғаныңды білемін. Оларды күтпей-ақ қой. Олар жұмыстарын істесін. Біз де көп бөгелмейміз”, – де­ді Қажекең маған. Іс-шараны тезде­тіп, бірден дастарқанға ет әкелдірдік. Облыс пен қала әкімі отырған үстел басында ет тураған жасы үлкен жур­налист әріптесім қойдың басын: “Қа­жымұрат Ыбырайұлы, мына бас сіз­ге”, – деп бере салды. Ол бас салын­ған табақты қолына алғанымен: “Жұртқа өнеге көрсетеді деген сен­дердің өздерің дәстүрді білмейді екен­сіңдер. Басты кімге және қандай тілекпен жолдайтынын дастарқан ба­сындағы кісілерге айтып, сосын оны әлгі адамға үстелді айналып әкеліп береді. Ал сендер дастарқан үстінен шошқаның басы құсатып ұстата салдыңдар. Ендеше мен бұл басты Петр Филипповичке мүжуге бере­мін”, – деп, қала әкіміне жолдады. Қажекеңнен осындай сын естіп, ұмытылмас тағылым алғанымыз бар.

2001 жылы Петропавл телесту­диясының бағдарламасын облыс аумағына спутниктік байланыс арқы­лы тарату мәселесі төңірегінде дау туындады. Мен “Кателко” спутниктік хабар тарату ұлттық операторымен шарт жасасуды ұсындым. Алайда об­лыстық әкімдік құрылтайшысы бо­лып саналатын жергілікті телеарна басшылығы спутник арқылы хабар тарататын дербес кәсіпорын құруды жақтап, маған қарсы шықты. Мен ұсынған жоба бойынша облыстық бюджеттен 39 млн. теңге бөлу жет­кілікті еді. Ал дербес кәсіпорын құру үшін кемінде 350-400 млн. теңге қа­жет-тұғын. Әйтсе де, облыс әкімінің өнеркәсіп, көлік және байланыс са­лаларына жетекшілік ететін орын­басары қымбатқа түсетін жобаны қол­дап, мені кабинетіне шақырып, көн­діруге тырысты. Бірақ мен өз ұсынысымнан бас тартпайтынымды айттым. Осыған орай, облыс әкіміне оның әлгі орынбасарының үстінен арыз жазуыма тура келді. Бұл дау бойынша шағын құрамда жиналыс өткізген Қажымұрат Нағманов бірден менің ұсынған жобам арзанға түсе­тінін әрі ұлттық ақпараттық қауіп­сіздік тұрғысынан дұрыс болатынын айтып, маған қолдау білдірді. Менен жеңіліп, қызарақтаған орынбасары өзінше уәж айта бастағанда оның сө­зін бөлген Қажекең маған бұрылып: “Талқылау осымен бітті. Мен өз шешімімді айттым”, – деп бір-ақ кес­ті. Сөйтіп Петропавл телестудиясы 2002 жылғы күзде республика өңір­ле­рінің ішінде бірінші болып спутник­тік байланыс желісі арқылы хабар таратуға көшті.

Қажымұрат Нағманов облыс әкі­мі болып тұрған кезінде соңынан жем­қорлыққа қатысты отыз тістен шы­ғып, отыз рулы елге тарайтын сы­быр-күбір сөз ерген емес. Халыққа адал қызмет етті. Тура жүріп, тік сөйлеп, жалғандықпен жаны қас болып өтті. Бір тойда өзі шығарған “Бала­лық” әнін шырқап, жүрегіндегі сағы­ныш сезімі сөнбеген ақынжанды адам екенін де аңғартты.

Қажымұрат ағамызды еске алғанда Әлихан Бөкейханның: “Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінез­ден” деген сөзі ойға оралады. Өйт­кені, ол ұлт мүддесін ойлаған ер мі­незді қайраткер еді. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облыстық арда­герлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов бастаған зиялы азаматтардың бұдан бірнеше жыл бұрын Қа­жымұрат Нағманов пен Қуат Есім­хановқа Солтүстік Қазақстан облы­сының құрметті азаматы атағын беру туралы ұсынысын облыс әкімдігі мен мәслихаты қолдағаны – Қызылжар еліне аянбай еңбек сіңірген ерлерге берілген әділ баға, көрсетілген шынайы құрмет, айта жүрерліктей өнегелі іс болды.

Қажымұрат Нағманов мылтық­сыз майдан-өмірде Исатай батыр мен Махамбет ақындай иық тірестіріп өткен сенімді серігі Қуат Есімха­нов былтыр дүниеден озғаннан кейін көп ұзамай қайтыс болды. Оған Ас­тана қаласының іргесіндегі қазақтың талай біртуар перзенті жерленген Ұлттық пантеоннан мәңгілік мекен бұйырды.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp