Жергілікті “Арт-класс” балет би тобы республикалық байқаудан жүлдемен оралды. Бұл жолы олар Бурабайда өткен “Summer dance” байқауына қатысқан еді. Шарада 5 пен 12 жас аралағындағы өнерпаздар сахнаға 20 мәрте шығыпты. Қазылардың жоғары бағасына ие болған ұжым 6 бас жүлдені, 9 бірінші орынды және 5 екінші орынды еншіледі.
– Бұл жолғы жеңісімізге қуаныштымыз. Дайындығымыздың жоғары болғаны қазыларға бірден байқалған сияқты. Мол тәжірибе жинап қайттық. Қыздардың қуанышында шек жоқ, – дейді “Арт-класс” балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы шеберханасының жетекшісі Ксения Радионова.
“Арт-класс” балет би тобында 50 өнерпаз бар. Ясмин Садықова 4 жасынан сахнада өнер көрсетіп жүр. Қазір ол ұжымның беткеұстар бишісіне айналған.
– Бұл біздің алғашқы сайысымыз емес. Мен 3 би биледім. Соның ішінде өзіме қатты ұнағаны қытай биі болды. Ашық түстегі киіміміз өзімізге жарасып, сахнаның сәнін келтірді. Бурабайдағы байқау менің есімде ұзақ сақталады, – деді жас биші.
Байқаудан олжалы келген өнерпаздарды жақындары күтіп алды. Келешекте мың бұралған бишілер бұдан да биік шыңдарды бағындыруды көздеп отыр.
Мақпал ЕРҒАЛИЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.