Облыстың дарынды балалары “IQanat” олимпиадасынан жүлделі оралды. Еліміздің 166 ауданындағы 37 мың баланың арасынан бұл олимпиадаға тек 800-ден астам 8-ші сынып оқушылары іріктеліп алынған болатын. Дарынды балалар 18-22 маусым аралығында Астана қаласында өз білімдерін сынады. “IQanat” олимпиадасы – ауыл оқушыларына арналған ең ауқымды білім сайысы. Соңғы 5 жылда 160 мыңнан астам ауыл мектебінің оқушылары сапалы білім алуға мүмкіндік алған. Республикалық слёт аясындағы соңғы іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 120 жеңімпаз “IQanat High School of Burabay” мектебінде тегін оқиды. Биыл өңірімізден бұл сайысқа 240 оқушы қатысып, 40 бала ақтық кезеңге өтті.
– “IQanat” олимпиадасы үш кезеңнен тұрды. Ақтық сайыс Астана қаласында ұйымдастырылды. Біздің өңірдің оқушылары аталған додаға мықтап әзірленді. Нәтижесінде ақтық сында 40 оқушы химия, биология, математика және тағы басқа пәндер бойынша өз білімдерін дәлелдеді, – дейді облыс бойынша “IQanat” олимпиадасының үйлестірушісі Айсұлу Есенеева.
Аталған олимпиада барысында “IQanat” мектебінің грантын өңіріміздің 4 оқушысы жеңіп алды. Солардың бірі – Қызылжар ауданынан қатысқан Диана Сағындықова. Ол математика пәні бойынша үздік атанды.
– Берілген тапсырмалар өте қиын болды. Бірақ соған қарамастан жеңіске жеттім. Жалпы мен математиканы қатты жақсы көремін, болашағымды осы пәнмен байланыстырмақпын, – деді Диана Сағындықова.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.