«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлтымыздың бойтұмары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген. Күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтерген. Сонау Кетбұға бабамыздан бері жалғасып келе жатқан дәу­лескер күйшілеріміздің мол мұрасы – баға жетпес рухани бай­лығымыз. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгір­дің, Қазанғап пен Динаның күйлері – төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері. Төл өнерімізді дәріптеу арқылы асыл құндылықта­рымызды ұлықтай түсеміз. Шын мәнінде, қазақтың қара дом­бырасы – ұлты­мыздың бойтұмары. Оның үні әрқайсымыздың жүре­гімізге жақын. Өйткені, қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым. Академик Ахмет Жұбанов “Домбыра – көшпелі елдің көне­көз шежіресі” деп бекер айтпаған. Қастерлі аспаптың қос ішегіне халқымыздың бүкіл болмысы сыйып тұр.

Қазақ халқының домбырашы­лық өнері сан ғасырдан бері ұрпақ­тан-ұрпаққа, атадан балаға жалға­сып келе жатқан баға жетпес рухани байлығымыз болып табылады. Елі­міздің байтақ даласында домбыра­шылық өнер кең қанат жайып, мей­лінше өркендеген. Біздің өңірімізде домбыра үнін ел ішінде насихат­тауға өзінің сүбелі үлесін қосып отырған оқу орындары мен ан­самбль, оркестрлер аз емес. Солар­дың бірі Тимирязев ауданындағы өнер мектебінің “Өркен” домбы­ра­шылар ансамблі. Бүгінде ансамбль­ге жас маман Алмас Оразғалиев жетекшілік етеді.

Алмас – Тимирязев ауданының тумасы. Жергілікті мектеп-интернатта оқып жүріп өнер мектебінде де қосымша білім алған. Кейін М.Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне музыкалық білім факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тамамдаған соң бірден мамандығы бойынша туған же­ріндегі мектепке, сонымен қатар өнер мектебіне жұмысқа орналас­қан.

– Домбыраға деген қызығушы­лы­ғым 13 жасымда пайда болды. Оған домбыра сабағынан тәлім бер­ген алғашқы ұстазым әсер етті. Ол мені музыка, шығармашылыққа, өнерге баулыды. Құрманғазы Сағыр­байұлы, Дина Нұрпейісова, Дәу­леткерей Шығайұлы және Қаршыға Ахмедияровтың туындыларын тың­дап өстім. Педагог-музыкант маман­дығының ерекшелігі – басқаларға өз білгеніңді үйретесің. Алдағы уақытта магистратураға түсіп, білімімді же­тілдіріп, үйренгенімді оқушыларым­мен бөліскім келеді. Ата-бабалардың нақыл сөздерi, күйлерi мен әнi, жыр мен толғау өсиеттерi, айтыс, дас­тан сияқты толып жатқан өнер түрлерi бiзге домбыра аспабы арқы­лы жеткенi мәлiм. Ал оны мақтан етiп, жас ұрпақтың зердесіне құю, ұлттық сезiмiн ояту – бiздiң мiндетiмiз, – дейді Алмас Орақұлы.

“Өркен” ансамблі өз жұмысын 2006 жылы бастады. Осы істің ба­сында жүргендер алғашында бала­ларды домбыраға баулып, толық өнер ұжымын қалыптастыру оңай болмағанын айтады. Ансабльдің бас­палдағын аттаған алғашқы қар­лы­ғаштар алдымен Ақмарқа Шай­мерденқызынан тәлім алды. Білікті маман тың іске барын салып, нәтижесінде оқушылардың балаң саусақтарынан күй төгіле жөнелді. Ол өзгелердей жаттанды нота үй­ретіп, темірдей тәртіппен ғана жұ­мыс істеп қойған жоқ. Әр баланың ұлттық аспабымызға деген махаб­батын оятуға, алдына келген шә­кірттеріне күй арқылы қазақтың бар болмысын, өткенін, салт-дәстүрін ұғындыруға тырысты. Сәтін салған­да бір жылдан кейін қазақ мектеп-интернаты ашылып, шағын ғана үйір­менің керегесі кеңіп, құрамы арта түсті. Алыс аудандағы ағайынның ортасынан күйдің үні бұрынғы­дай бәсең емес, қаттырақ естіле бас­тады. Сол жылдары өнер ордасын­да тәлім алған шәкірттер бүгінде өз­дері де ұлттық өнердің туын көтеріп, арттарынан шәкірт ертіп жүр.

Ансамбльдің жемісті жұмысына мектеп ұжымы да оң әсер етуде. Ти­мирязев қазақ мектеп-интернатының басшылығы үнемі жас дарын­дарға қолдау көрсетіп, олардың қа­тарының толығуына, өнер жолының ашық болуына үлес қосуда. Бұл рет­те ата-аналармен өтетін кездесу­дердің, отырыстарда айтылатын ұлт­тық өнер төңірегіндегі әңгіменің де берері мол. Осының арқасында ұл-қыздарын “Өркеннің” сабақтарына жетектеп келетін тұрғындардың қа­расы көбейген.

Осы күні “Өркен” ансамблінде 45 бала қара домбыраның құдіретін танып, күй үйреніп жүр. Сабақтар­ға 6-7 жастан қатыса бастайтын өрендердің ең үлкені 15-те. Ұжым жетекшісі жаңа оқу жылынан бастап балаларды қабылдауға дайын екен­діктерін айтады.

Ашылған 17 жыл ішінде “Өркен” ансаблі өркен жайған саялы бәйте­рекке айналып, көпке танылып үл­керген. Бүгіндері аудандағы бір де бір мерекелік шара күйсіз өтпейді. Ансамбль мүшелері аудан шеңбе­рінде ғана емес, облыс деңгейінде де өз өнерлерін дәлелдеп жүр. Ансамбль-облыстық “Таңшол­пан” фестиваль-байқауында, жеке орындаушылар арасындағы “Жас жұлдыздар” сайысында, Шал ақын­ның мерейтойы аясында өткен өнер бәйгесінде жүлделі орын иеленген.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp