Кеңес заманында ұлтсыздандыру саясаты ерекше екпінмен жүргізілген Солтүстік Қазақстан облысының жарты ғасырлық тарихында 1997 жылы тұңғыш рет өңірдің бірінші басшысы болып қазақ азаматы Даниал Ахметов тағайындалды. Ол өтпелі кезеңде экономикалық қиындықтарға тап болып, тұйыққа тірелген Қызылжар өңірін екі жылға жуық басқарып, жаппай жұмыссыздық пен энергетикалық дағдарыс мәселелерін шешуде оң нәтижелерге қол жеткізгендіктен, 1999 жылғы күзде қызметі жоғарылатылып, Үкімет төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ал оның босатқан орнын кім басатыны солтүстікқазақстандықтарды қатты алаңдатқан еді.
“Ел құлағы – елу” демекші, іле бұрын Жезқазған және Шығыс Қазақстан облыстарын басқарған Қажымұрат Нағмановтың кандидатурасы жоғары жақта қаралып жатқандығы жайлы сыбыс шықты. Журналиске тән қызығушылықпен жалма-жан “бес минутсыз облыс әкімінің” кім екенін нақтырақ білуге тырысып, кейбір әріптестеріме телефон соқтым.
“Қажекеңді Жоғарғы кеңес депутаты кезінен білемін. Өйткені ол кезде мен Парламенттің “Халық кеңесі” газетінің қызметкері ретінде Жоғарғы кеңестің отырыстарына жиі қатысып жүрдім. Сонда аңғарғаным, Қажымұрат Нағманов экономика мәселелерін жілікше шағатын өте білімді әрі тәжірибесі мол депутат екен. Жоғарғы кеңестің Өнеркәсіп, көлік және байланыс комитетінің төрағасы болып бекер сайланбаған ғой. Аса белсенділігімен де көзге түсті. Халық қалаулыларының алдында заң жобалары жайлы баяндама жасаған және әр салада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берген Үкімет мүшелеріне өткір сұрақты жаудырып, састырып-пыстырып қана қоймай, оларды кейде қатты сынап, жерге кіргендей қылатын. Оған бұл “кәстөмі тарлық етіп тұрғандай” еді. Жоғары жақтағылар соны ескерген болар, 1994 жылы қыста жылу жүйесі қатып қалған Жезқазған қаласында қалыптасқан жағдайды қалпына келтіру үшін Жезқазған облысына әкім етіп тағайындап, нағыз “алғы шепке” аттандырды. Қажымұрат ағамыз сол сынақтан сүрінбей өтіп, кейін Мемлекет басшысынан мақтау естіді ғой”, – деді курстас досым, белгілі қоғам қайраткері Мейрамбек Төлепберген.
Жезқазған облыстық телерадиокомпаниясын басқарған белгілі тележурналист Сәбит Байдалы: “Қажымұрат Ыбырайұлы Қызылжарға әкім болып баратын болса, бөркіңді аспанға ата бер. Өзі де жұмыстан аянбайды, өзге шенеуніктерді де бір шыбықпен айдап, жұмыс істетеді. Жезқазғанның жылу жүйесін жөндеу жұмыстарын күні-түні жүргіздіріп, түн ортасында өзі барып тексеруші еді. Әкімдікте облыстық басқармалар басшыларының, қала мен аудан әкімдерінің есептерін жүйелі тыңдап, оларға қатаң талап қойды. Бізге сондай іс-шаралардан көлемді арнайы хабар дайындап, эфирден беруді тапсырды. Бұл бағдарламаны жұрт “Бастықтар да жылайды” деп атап кетті”, – деді.
Сөйтіп 1999 жылғы қазан айында Қажымұрат Нағманов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Араға бірер апта салып, алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Оған қатысқан журналистердің ішінен ең өткір сұрақты “Егемен Қазақстан” республикалық газетінің меншікті тілшісі Мәлік Мұқанов қойып: “Бұрынғы әкім Павлодардан бір вагон кадр әкеліп еді. Сіз неше вагон кадр әкелесіз?”, – деп түйеден түскендей дүңк еткізді. Жаңа әкім еш шамданған да, қысылып-қымтырылған да жоқ. Бірден: “Бір вагон жігітке тұратын бір-ақ азаматты әкелемін. Оның кім екенін кейін естисіздер”, – деді. Осы жиынға облыстық телерадиокомпанияның директоры ретінде қатысып отырған мен де сұрақ қойып: “Бұрынғы әкім Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының жанынан қазақ труппасын құрғызамын деп уәде беріп еді. Бірақ уәдесін орындап үлгермеді. Сіз осы мәселе жөнінде не айтасыз?”, – дедім. Бұл жолы да Қажекең еш іркілместен: “Қазақта “Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды” деген сөз бар. Сондықтан облыстық қазақ драма театрын дербес ұлттық өнер шаңырағы етіп ашамыз”, – деді.
Көп ұзамай облыс әкімінің “бір вагон жігітке тұратын” орынбасары павлодарлық Қуат Есімханов екенін білдік. Ол Қажымұрат Нағмановтың тапсырмасымен Петропавл қаласында қазақ театрын ашу ісін дереу өз қолына алып, бұрынғы энергетиктердің Мәдениет үйін реконструкциялау жұмысы басталып кетті. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бір топ түлегі қызметке шақырылып, бәріне пәтер кілті тапсырылды. Облыстық қазақ сазды-драма театры ретінде құрылған жаңа өнер ордасына Сәбит Мұқанов есімі беріліп, әйгілі жазушының ғасырлық мерейтойы қарсаңында салтанатты түрде ашылды.
Қажымұрат Нағманов Солтүстік Қазақстан облысының басшылығына келген кез – еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық қатынастарға көшу басталған өтпелі кезеңде ұжымшарлар жаппай жекешелендіріліп, көпшілігінің мал-мүлкі талан-таражға түскендіктен, жұмыссыз қалған ер-азаматтар үй маңындағы күйбең тірлікпен айналысып, отбасын асыраудың негізгі салмағы әйелдердің иығына түскен қиын уақыт-тұғын. Олар жаздың аптап ыстығына, қыстың үскірік аязына қарамай жолға шығып, отбасынан артылған сүт өнімдерін аудан мен облыс орталықтарына, тіпті көршілес Ресейдің өнеркәсіпті қалаларына апарып сатып, екі елдің де санитарлық-эпидемиологиялық станция қызметкерлері мен құқық қорғау органдары тарапынан қысым көріп, қиналып жүретін. Соған қарамастан, сауда-саттықтарын үзбей, қалалықтарға сатқан сүт-майынан түскен қаражатты жинап, балаларына киім-кешек, қант-кәмпит алатын. Осыны біліп жүрген Қажымұрат Нағманов облыс әкімі болып тағайындалысымен ауыл тұрғындарының өздерінен артылған басы артық өнімдерін сатып алып, өңдеу ісін ұйымдастыруды қолға алды. Нәтижесінде облыс аудандарының бәрінде сүт өнімдерін қолма-қол ақшаға сатып алып жинайтын кәсіпкерлер шығып, ауыл әйелдері аудан орталықтары мен қалаларға сабылған сергелдеңнен құтылды.
Қажымұрат Нағманов Қызылжар өңірінің ең шалғай шетіндегі мидай жазық даланы мекендеген қаракөздеріміз көп тұратын Уәлиханов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы кенжелеп қалғанын ескеріп, оған ерекше көңіл бөлді. Петропавл мен Көкшетау қалаларына жақын аудандарды айналшықтап жүрген ірі инвестор компаниялардың бірін Уәлиханов ауданын көтеруге міндеттеді. Сөйтіп көп жыл күтім көрмей, арамшөп басып кеткен егін алқаптарына қайтадан түрен салынып, бидай егілді. Көптеген жергілікті тұрғынға тұрақты жұмыс табылып, қуанып қалды. Бұған қоса, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында істен шыққан ескі су құбырлары жаңартылып, бірқатар ауыл таза ауызсумен қайтадан қамтамасыз етілді. Облыс әкімінің осындай жақсылығын ұмытпаған жергілікті зиялы азаматтар кейін Қажымұрат Нағмановқа “Уәлиханов ауданының құрметті азаматы” атағын беруге ұйытқы болды.
Ол облыс әкімі ретінде Қызылжар өңірінде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге жете мән берді. Облыста әр аптаның бейсенбі күні – мемлекеттік тіл күні болып белгіленіп, орыстілді орыс-қазақ шенеуніктердің бәрі қазақша тіл сындыра бастады. Қажекең жергілікті қазақтардың салт-дәстүрін қалпына келтіруге де күш салды. Мәселен, 2000 жылы жазда Солтүстік Қазақстан облыстық телеарнасының 50 жылдығын Петропавлдың бір үлкен мейрамханасында атап өттік. Телестудия ұжымы мен ардагерлеріне қоса, облыс әкімі мен оның орынбасарларын, басқармалардың басшыларын шақырдық. Бірақ тойымызға Қажымұрат Нағманов пен қала әкімі Петр Ходеев екеуі ғана келді. “Басқа басшыларды да шақырғаныңды білемін. Оларды күтпей-ақ қой. Олар жұмыстарын істесін. Біз де көп бөгелмейміз”, – деді Қажекең маған. Іс-шараны тездетіп, бірден дастарқанға ет әкелдірдік. Облыс пен қала әкімі отырған үстел басында ет тураған жасы үлкен журналист әріптесім қойдың басын: “Қажымұрат Ыбырайұлы, мына бас сізге”, – деп бере салды. Ол бас салынған табақты қолына алғанымен: “Жұртқа өнеге көрсетеді деген сендердің өздерің дәстүрді білмейді екенсіңдер. Басты кімге және қандай тілекпен жолдайтынын дастарқан басындағы кісілерге айтып, сосын оны әлгі адамға үстелді айналып әкеліп береді. Ал сендер дастарқан үстінен шошқаның басы құсатып ұстата салдыңдар. Ендеше мен бұл басты Петр Филипповичке мүжуге беремін”, – деп, қала әкіміне жолдады. Қажекеңнен осындай сын естіп, ұмытылмас тағылым алғанымыз бар.
2001 жылы Петропавл телестудиясының бағдарламасын облыс аумағына спутниктік байланыс арқылы тарату мәселесі төңірегінде дау туындады. Мен “Кателко” спутниктік хабар тарату ұлттық операторымен шарт жасасуды ұсындым. Алайда облыстық әкімдік құрылтайшысы болып саналатын жергілікті телеарна басшылығы спутник арқылы хабар тарататын дербес кәсіпорын құруды жақтап, маған қарсы шықты. Мен ұсынған жоба бойынша облыстық бюджеттен 39 млн. теңге бөлу жеткілікті еді. Ал дербес кәсіпорын құру үшін кемінде 350-400 млн. теңге қажет-тұғын. Әйтсе де, облыс әкімінің өнеркәсіп, көлік және байланыс салаларына жетекшілік ететін орынбасары қымбатқа түсетін жобаны қолдап, мені кабинетіне шақырып, көндіруге тырысты. Бірақ мен өз ұсынысымнан бас тартпайтынымды айттым. Осыған орай, облыс әкіміне оның әлгі орынбасарының үстінен арыз жазуыма тура келді. Бұл дау бойынша шағын құрамда жиналыс өткізген Қажымұрат Нағманов бірден менің ұсынған жобам арзанға түсетінін әрі ұлттық ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан дұрыс болатынын айтып, маған қолдау білдірді. Менен жеңіліп, қызарақтаған орынбасары өзінше уәж айта бастағанда оның сөзін бөлген Қажекең маған бұрылып: “Талқылау осымен бітті. Мен өз шешімімді айттым”, – деп бір-ақ кесті. Сөйтіп Петропавл телестудиясы 2002 жылғы күзде республика өңірлерінің ішінде бірінші болып спутниктік байланыс желісі арқылы хабар таратуға көшті.
Қажымұрат Нағманов облыс әкімі болып тұрған кезінде соңынан жемқорлыққа қатысты отыз тістен шығып, отыз рулы елге тарайтын сыбыр-күбір сөз ерген емес. Халыққа адал қызмет етті. Тура жүріп, тік сөйлеп, жалғандықпен жаны қас болып өтті. Бір тойда өзі шығарған “Балалық” әнін шырқап, жүрегіндегі сағыныш сезімі сөнбеген ақынжанды адам екенін де аңғартты.
Қажымұрат ағамызды еске алғанда Әлихан Бөкейханның: “Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден” деген сөзі ойға оралады. Өйткені, ол ұлт мүддесін ойлаған ер мінезді қайраткер еді. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов бастаған зиялы азаматтардың бұдан бірнеше жыл бұрын Қажымұрат Нағманов пен Қуат Есімхановқа Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атағын беру туралы ұсынысын облыс әкімдігі мен мәслихаты қолдағаны – Қызылжар еліне аянбай еңбек сіңірген ерлерге берілген әділ баға, көрсетілген шынайы құрмет, айта жүрерліктей өнегелі іс болды.
Қажымұрат Нағманов мылтықсыз майдан-өмірде Исатай батыр мен Махамбет ақындай иық тірестіріп өткен сенімді серігі Қуат Есімханов былтыр дүниеден озғаннан кейін көп ұзамай қайтыс болды. Оған Астана қаласының іргесіндегі қазақтың талай біртуар перзенті жерленген Ұлттық пантеоннан мәңгілік мекен бұйырды.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстанның құрметті журналисі.