«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ БАҚСАҢ, АСЫЛЫН БАҚ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқы үшін мал шаруашылығы – әлімсақтан келе жатқан атакәсіп. Қазір де өрістен қайтқан төрт түлік ауылдың сәнін кіргізіп, ырыздық-несібесін малдан тапқан жандардың негізгі табыс көзіне айналып отыр. Мал баққан соң, асылтұқымдысын таңдаған дұрыс. Себебі сойсаң еті мол, саусаң аузың ақтан бір арылмайды. Жерлесіміз Дәурен Салықов – ірі қараны асылдандыру үшін тер төгіп жүрген жандардың бірі. Қазақстанның ангус республикалық палатасына жетекшілік етіп отырған білікті маманмен мал шаруашылығын дамыту турасында сұхбаттасудың сәті түсті.

– Сіз басқарып отырған Қа­зақ­станның ангус республикалық па­ла­тасы нақты немен айналы­са­ды?

– Бұл – коммерциялық емес ұйым. Заңды және жеке тұлғалар бір­лестігі болғандықтан өз мүшеле­рінің мүдделерін қорғап, ел аумағында ірі қараның ангус тұқымының кең тара­луына үлес қосуды көздейді. Асыл тұқымды мал туралы мәлімет жинап, шеттен біздің елге әкелінгенін есепке алуды ұйымдастырады және генети­ка­лық әлеуеті жоғары ірі қараларды кө­бейту бойынша жұмыстарды үй­лес­­тіреді. Мәселен, қазіргі уақытта елі­­мізде 112 мыңнан астам ангус сиыры бар.

2016 жылы біздің палата Дүние­жүзілік қауымдастықтар кеңесіне кір­ді. Жыл сайын мал шаруашылығы көрмелерін өткіземіз, ел тарихында алғаш рет “Қазақстанның болашақ фермері” балалар байқауы ұйым­дас­т­ырылды.

– Өзіңіз айтқандай, бізде қазір ангус сиырлары көбейді. Жалпы ірі қараның бұл тұқымы қайдан шыққан?

– Ангус тұқымы Шотландияның солтүстік бөлігінде шығарылған. Та­рихы 200 жылдан асады және бүгінгі күнге дейін әлемдік селекционерлер оны жетілдіріп келеді. Етті бағыттағы тұқымның басты артықшылықтары ретінде сиырдың жеңіл төлдейтінін, бұзауларынан жерімейтінін, тез жетілетінін, орташа тәуліктік салмақ қосу көрсеткіші өте жоғары екенін және етінің сапасын ерекше атап өту­ге болады.

Сиырлар күй талғамайды, кли­маттық жағдайлар да оларға қатты әсер етпейді. Қазір еліміздің барлық аймақтарында 94 асылтұқымды ре­продуктор бар. Ангус сиырларын жыл бойы далада ұстауға болады, яғни шаруаның оны күтіп-бағуға ке­те­тін шығыны аса көп емес. Жем-шөпті де талғамайды, соған қара­мас­тан тәулігіне 800 грамға дейін салмақ қосады.

– Асылтұқымды малдың ар­тықшылықтары неде?

– Фермерлер арасында ангусқа сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. 2012 жылы небәрі 534 ангус сиыры сатылса, былтыр оның саны 15 мыңға жетті.

Асыл тұқымды бұқаларды жергі­лік­ті қашарларға қосудың нәтиже­сін­де өнімділікті 30-40 пайызға артты­руға болады. Ангустың гені мықты. Сон­дықтан да бұл тұқым әлем бойынша генофондты жақсартты.

Қазіргі уақытта елімізде 18 мыңға жуық фермер ангус бұқаларын 154 мың қашарға жіберген. Осылайша жергілікті малдың тұқымын жақсар­туда.

Тағы бір ерекшелігі – оның мәр­мәр еті, ол премиум өнім болып есептеледі. Ангустың еті қазір әлем­де үлкен сұранысқа ие.

– Сіздің мал шаруашылығы са­ласында жүргеніңізге 10 жыл­дан асқан екен. Яғни бұл саланы ег­жей-тегжейлі білесіз деп нық се­нім­мен айтуға болады. Қазір Қа­зақ­стандағы етті бағыттағы мал ша­руашылығы қандай кезеңді бас­тан өткеріп жатыр деп ойлайсыз?

– Қазіргі уақытта шаруалардың дені аграрлық өркениетке назар ау­дара бастады. Бұл – экономиканы дамытудың негізі. Біздің ата-баба­ларымыз ежелден мал шаруашылы­ғымен айналысқан ғой, олар бізге ұлан-байтақ жерді мұраға қалдырды, біз оны мақсатты пайдалануға міндет­тіміз. Шыны керек, Алтайдан Аты­рау­ға, Арқадан Алатауға дейін со­зылған байтақ алқапты бағаламай­тындар аз емес. Әлемнің қай мем­лекетін алмайық, жерді бизнеске ай­налдырып отыр. Оған түрлі дән се­уіп, өнім алады, қымбат бағаға са­тады. Біздің елімізде де бұл бағытта оң бастамалар бар. Бірақ бос жатқан жерлер көп, соны малға толтыру керек. Қазақстанның экспорттық әлеуеті орасан зор, Қытай, Ресей, Иран, БАӘ және т. б. елдер бізбен санасуы үшін бірінші кезекте сапаны көтеру қажет.

– Мал шаруашылығы дамып жа­тыр дедіңіз, бірақ неліктен қазір ет қымбат?

– Қазақстанда ет бағасы қымбат емес. Бұл жерде мәселе басқада. Адамдардың оны қалағанынша са­тып алатын мүмкіндігі жоқ болған соң қымбат болып көрінеді. Яғни халық­тың әл-ауқатын көтеру қажет.

Қазір мал өсірушілер өте қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Ба­ғаны тұрақтандыру үшін Үкімет фер­мерлердің сыртқа ет сатуын шек­теді. Жалпы бітпейтін шектеулер, түрлі квоталар көп. Мысалы, биыл 60 мың ірі қара ғана экспорттауға болады, бірақ оның өзінде шаруаның қолын байлайтын талаптар көп.

Фермердің еңбегін бағалап, оларға құрметпен қарау керек. Қала тұрғыны инфрақұрылымы жоқ ауыл­ға мал өсіруге бара ма? Әрине, жоқ. Ал фермерлер жұмыс істеп жатыр. Басты табыс көзі – оның еті мен сүті.

Қазіргі уақытта Қазақстан өзін етпен 100 пайыз қамтамасыз ете ала­ды, экспортқа шығаруға да мүмкіндігі бар. Мал басы да жеткілікті, шама­мен 450 мың ірі қара бар екен.

– Өңірімізде биыл 15 тауарлы-сүт фермасының құрылысы бас­талды. Жыл соңына дейін 9 кешен іске қосылады деп жоспарлануда. Сүтті бағыттағы сиырларды кө­бейту туралы не айта аласыз?

– Солтүстік Қазақстан облысын­да мал шаруашылығының етті және сүтті бағыты қатар дамып келеді. Мем­лекет сүт өндірісін дамытуға ерекше қолдау көрсетіп отыр. Өз ба­сым бұл бастаманы қолдаймын.

Сүтті бағыттағы мал шаруашы­лығында ірі қара жыл бойы қорада ұсталынады, оларды толық көлемде жемшөппен қамтамасыз ету керек. Мұндай фермаларға жайылым емес, жемшөп өсіру үшін алқап қажет.

Қызылжарда жайылымдық жер­лер­ге қатысты мәселе өзекті. Бірақ жемшөп өсіретін егістіктер жеткілікті, сондықтан бұл аймақта ет бағытына қарағанда, сүтті сиырларды көбейту маңызды. Мен тауарлы-сүт ферма­ларымен қатар мал бордақылау алаң­дарын дамытуды ұсынар едім, мал бордақылау алаңы үшін де жайылымдардың қажеті жоқ, өйткені мал қорада ұсталады және оның құрылысына жұмсалатын қаржы он есе аз.

– Сіздің қасиетті Қызылжар өңі­рінің тумасы екеніңізді білемін. Бірақ еңбек жолыңыздан көпшілік бейхабар. Өзіңізді жақынырақ таныстыра кетсеңіз.

– Мен – Қызылжар өңірінің, нақ­ты­рақ айтсам қазіргі Шал ақын ауда­нындағы Ұзынжар ауылының тума­сы­мын. Балалық шағым Көкшетау қа­ла­сында өтті, бірақ мектепті Петро­павлда бітіріп, М. Қозыбаев атында­ғы Сол­түстік Қазақстан университе­тіне оқу­ға түстім. Жоғары оқу орнын эконо­мист мамандығы бойынша та­мамда­дым. 2019 жылы Сәкен Сей­фуллин атындағы Қазақ агротехни­ка­лық уни­верситетінің магистрату­расын зоо­техник мамандығы бо­йынша бітір­дім. Еңбек жолымды бі­рінші маман­дығым бойынша банк саласында бастадым, бірақ бір жыл жұ­мыс істе­геннен кейін, бұл қызмет­тен қол үзу­ге тура келді.

2010 жылы Астанадағы құрылыс компанияларының біріне менеджер болып жұмысқа орналастым. Ол жер­де 2400 басқа арналған ангус сиыр­ларының репродукторын және 3000 басқа арналған бордақылау алаңын құру жөніндегі ауыл шаруашылығы жобасына жетекшілік еттім. Ал 2012 жылы осы асылтұқымды репродук­тордың бас директоры болдым.

Ауыл шаруашылығы маған бала кезімнен таныс, барлық демалы­сым­ды ауылда атам мен апамның қасын­да өткізіп, мал бағуға, шөп шабуға көмектесетінмін. Анам Ләззат Сапар­ға­­лиқызы облыстық телеарнада жұ­мыс істеген кездеде ауыл шаруашы­лы­ғындағы озат қызмет­кер­лер ту­ралы үнемі айтатын, олар­дың жет­кен жетістіктерін үлгі ететін. Бұл әңгі­мелер менің жадымда жатта­лып қалды.

2012-2016 жылдар аралығында мен жұмыс істеген шаруашылық асылтұқымды ірі қараны сату бо­йын­ша Қазақстанда көшбасшы атан­ды. Еңбегіміз еленіп, Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің, облыс әкім­дік­терінің түрлі медальдарына, гра­моталарына, сыйлықтарына ие бол­дық.

2016 жылы шаруашылықтан ке­тіп, еліміздегі ангус тұқымын өсіру­ші­лердің бірауыздан қолдауымен Қа­зақстанның ангус республикалық па­латасының директоры болып сай­лан­дым. Бүгін мен Қазақстанның ет одағы және “Асыл түлік” акционерлік қоғамы республикалық асыл тұқым­ды орталығы директорлар кеңесінің, аграрлық комитеттің мүшесімін. Қо­ғамдық жұмыстан да тыс қалған емеспін, “Respublica” партиясының Сол­түстік Қазақстан облыстық фи­лиалының төрағасымын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp