Қазақ халқы үшін мал шаруашылығы – әлімсақтан келе жатқан атакәсіп. Қазір де өрістен қайтқан төрт түлік ауылдың сәнін кіргізіп, ырыздық-несібесін малдан тапқан жандардың негізгі табыс көзіне айналып отыр. Мал баққан соң, асылтұқымдысын таңдаған дұрыс. Себебі сойсаң еті мол, саусаң аузың ақтан бір арылмайды. Жерлесіміз Дәурен Салықов – ірі қараны асылдандыру үшін тер төгіп жүрген жандардың бірі. Қазақстанның ангус республикалық палатасына жетекшілік етіп отырған білікті маманмен мал шаруашылығын дамыту турасында сұхбаттасудың сәті түсті.
– Сіз басқарып отырған Қазақстанның ангус республикалық палатасы нақты немен айналысады?
– Бұл – коммерциялық емес ұйым. Заңды және жеке тұлғалар бірлестігі болғандықтан өз мүшелерінің мүдделерін қорғап, ел аумағында ірі қараның ангус тұқымының кең таралуына үлес қосуды көздейді. Асыл тұқымды мал туралы мәлімет жинап, шеттен біздің елге әкелінгенін есепке алуды ұйымдастырады және генетикалық әлеуеті жоғары ірі қараларды көбейту бойынша жұмыстарды үйлестіреді. Мәселен, қазіргі уақытта елімізде 112 мыңнан астам ангус сиыры бар.
2016 жылы біздің палата Дүниежүзілік қауымдастықтар кеңесіне кірді. Жыл сайын мал шаруашылығы көрмелерін өткіземіз, ел тарихында алғаш рет “Қазақстанның болашақ фермері” балалар байқауы ұйымдастырылды.
– Өзіңіз айтқандай, бізде қазір ангус сиырлары көбейді. Жалпы ірі қараның бұл тұқымы қайдан шыққан?
– Ангус тұқымы Шотландияның солтүстік бөлігінде шығарылған. Тарихы 200 жылдан асады және бүгінгі күнге дейін әлемдік селекционерлер оны жетілдіріп келеді. Етті бағыттағы тұқымның басты артықшылықтары ретінде сиырдың жеңіл төлдейтінін, бұзауларынан жерімейтінін, тез жетілетінін, орташа тәуліктік салмақ қосу көрсеткіші өте жоғары екенін және етінің сапасын ерекше атап өтуге болады.
Сиырлар күй талғамайды, климаттық жағдайлар да оларға қатты әсер етпейді. Қазір еліміздің барлық аймақтарында 94 асылтұқымды репродуктор бар. Ангус сиырларын жыл бойы далада ұстауға болады, яғни шаруаның оны күтіп-бағуға кететін шығыны аса көп емес. Жем-шөпті де талғамайды, соған қарамастан тәулігіне 800 грамға дейін салмақ қосады.
– Асылтұқымды малдың артықшылықтары неде?
– Фермерлер арасында ангусқа сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. 2012 жылы небәрі 534 ангус сиыры сатылса, былтыр оның саны 15 мыңға жетті.
Асыл тұқымды бұқаларды жергілікті қашарларға қосудың нәтижесінде өнімділікті 30-40 пайызға арттыруға болады. Ангустың гені мықты. Сондықтан да бұл тұқым әлем бойынша генофондты жақсартты.
Қазіргі уақытта елімізде 18 мыңға жуық фермер ангус бұқаларын 154 мың қашарға жіберген. Осылайша жергілікті малдың тұқымын жақсартуда.
Тағы бір ерекшелігі – оның мәрмәр еті, ол премиум өнім болып есептеледі. Ангустың еті қазір әлемде үлкен сұранысқа ие.
– Сіздің мал шаруашылығы саласында жүргеніңізге 10 жылдан асқан екен. Яғни бұл саланы егжей-тегжейлі білесіз деп нық сеніммен айтуға болады. Қазір Қазақстандағы етті бағыттағы мал шаруашылығы қандай кезеңді бастан өткеріп жатыр деп ойлайсыз?
– Қазіргі уақытта шаруалардың дені аграрлық өркениетке назар аудара бастады. Бұл – экономиканы дамытудың негізі. Біздің ата-бабаларымыз ежелден мал шаруашылығымен айналысқан ғой, олар бізге ұлан-байтақ жерді мұраға қалдырды, біз оны мақсатты пайдалануға міндеттіміз. Шыны керек, Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін созылған байтақ алқапты бағаламайтындар аз емес. Әлемнің қай мемлекетін алмайық, жерді бизнеске айналдырып отыр. Оған түрлі дән сеуіп, өнім алады, қымбат бағаға сатады. Біздің елімізде де бұл бағытта оң бастамалар бар. Бірақ бос жатқан жерлер көп, соны малға толтыру керек. Қазақстанның экспорттық әлеуеті орасан зор, Қытай, Ресей, Иран, БАӘ және т. б. елдер бізбен санасуы үшін бірінші кезекте сапаны көтеру қажет.
– Мал шаруашылығы дамып жатыр дедіңіз, бірақ неліктен қазір ет қымбат?
– Қазақстанда ет бағасы қымбат емес. Бұл жерде мәселе басқада. Адамдардың оны қалағанынша сатып алатын мүмкіндігі жоқ болған соң қымбат болып көрінеді. Яғни халықтың әл-ауқатын көтеру қажет.
Қазір мал өсірушілер өте қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Бағаны тұрақтандыру үшін Үкімет фермерлердің сыртқа ет сатуын шектеді. Жалпы бітпейтін шектеулер, түрлі квоталар көп. Мысалы, биыл 60 мың ірі қара ғана экспорттауға болады, бірақ оның өзінде шаруаның қолын байлайтын талаптар көп.
Фермердің еңбегін бағалап, оларға құрметпен қарау керек. Қала тұрғыны инфрақұрылымы жоқ ауылға мал өсіруге бара ма? Әрине, жоқ. Ал фермерлер жұмыс істеп жатыр. Басты табыс көзі – оның еті мен сүті.
Қазіргі уақытта Қазақстан өзін етпен 100 пайыз қамтамасыз ете алады, экспортқа шығаруға да мүмкіндігі бар. Мал басы да жеткілікті, шамамен 450 мың ірі қара бар екен.
– Өңірімізде биыл 15 тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 9 кешен іске қосылады деп жоспарлануда. Сүтті бағыттағы сиырларды көбейту туралы не айта аласыз?
– Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығының етті және сүтті бағыты қатар дамып келеді. Мемлекет сүт өндірісін дамытуға ерекше қолдау көрсетіп отыр. Өз басым бұл бастаманы қолдаймын.
Сүтті бағыттағы мал шаруашылығында ірі қара жыл бойы қорада ұсталынады, оларды толық көлемде жемшөппен қамтамасыз ету керек. Мұндай фермаларға жайылым емес, жемшөп өсіру үшін алқап қажет.
Қызылжарда жайылымдық жерлерге қатысты мәселе өзекті. Бірақ жемшөп өсіретін егістіктер жеткілікті, сондықтан бұл аймақта ет бағытына қарағанда, сүтті сиырларды көбейту маңызды. Мен тауарлы-сүт фермаларымен қатар мал бордақылау алаңдарын дамытуды ұсынар едім, мал бордақылау алаңы үшін де жайылымдардың қажеті жоқ, өйткені мал қорада ұсталады және оның құрылысына жұмсалатын қаржы он есе аз.
– Сіздің қасиетті Қызылжар өңірінің тумасы екеніңізді білемін. Бірақ еңбек жолыңыздан көпшілік бейхабар. Өзіңізді жақынырақ таныстыра кетсеңіз.
– Мен – Қызылжар өңірінің, нақтырақ айтсам қазіргі Шал ақын ауданындағы Ұзынжар ауылының тумасымын. Балалық шағым Көкшетау қаласында өтті, бірақ мектепті Петропавлда бітіріп, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне оқуға түстім. Жоғары оқу орнын экономист мамандығы бойынша тамамдадым. 2019 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің магистратурасын зоотехник мамандығы бойынша бітірдім. Еңбек жолымды бірінші мамандығым бойынша банк саласында бастадым, бірақ бір жыл жұмыс істегеннен кейін, бұл қызметтен қол үзуге тура келді.
2010 жылы Астанадағы құрылыс компанияларының біріне менеджер болып жұмысқа орналастым. Ол жерде 2400 басқа арналған ангус сиырларының репродукторын және 3000 басқа арналған бордақылау алаңын құру жөніндегі ауыл шаруашылығы жобасына жетекшілік еттім. Ал 2012 жылы осы асылтұқымды репродуктордың бас директоры болдым.
Ауыл шаруашылығы маған бала кезімнен таныс, барлық демалысымды ауылда атам мен апамның қасында өткізіп, мал бағуға, шөп шабуға көмектесетінмін. Анам Ләззат Сапарғалиқызы облыстық телеарнада жұмыс істеген кездеде ауыл шаруашылығындағы озат қызметкерлер туралы үнемі айтатын, олардың жеткен жетістіктерін үлгі ететін. Бұл әңгімелер менің жадымда жатталып қалды.
2012-2016 жылдар аралығында мен жұмыс істеген шаруашылық асылтұқымды ірі қараны сату бойынша Қазақстанда көшбасшы атанды. Еңбегіміз еленіп, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс әкімдіктерінің түрлі медальдарына, грамоталарына, сыйлықтарына ие болдық.
2016 жылы шаруашылықтан кетіп, еліміздегі ангус тұқымын өсірушілердің бірауыздан қолдауымен Қазақстанның ангус республикалық палатасының директоры болып сайландым. Бүгін мен Қазақстанның ет одағы және “Асыл түлік” акционерлік қоғамы республикалық асыл тұқымды орталығы директорлар кеңесінің, аграрлық комитеттің мүшесімін. Қоғамдық жұмыстан да тыс қалған емеспін, “Respublica” партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасымын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.