Диас Аяған
Өңірге жұмыс сапарымен келген Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов қызылжарлық жастармен кездесу өткізді. Кездесуге өңірдегі жастар ресурстық ортылықтарының мамандары, жастар ұйымдарының жетекшілері мен еріктілер қатысты. Жиналғандар жастар саясатына қатысты мәселелерді көтеріп, сауалдарын жолдады.
Кездесуде алғаш болып сөз алған белсенділердің бірі “Жастар тәжірибесі”, “Алғашқы жұмыс орны” сияқты бағдарламаларға арнайы квоталар бөлу ісінде өңірлердің ерекшеліктері ескерілмей жатқанын айтты. Бұдан бөлек биыл ғана іске қосылған кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен 5,5 миллион теңге шағын несие беретін бағдарламада да олқылықтар аз емес. Мәселен мұндай қаражатты алу үшін өтініш бергендердің бәрінде кепілге қоятын мүлік бола бермейді. Әсіресе ауыл жастары бағалы мүлкінің жоқтығынан қаржыға қол жеткізе алмай отыр.
Бүгінде өңірде 13 аудандық, 1 қалалық жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Ондағы мамандарға жайлы кеңсе, түрлі іс-шаралар өткізуге лайықты бөлмелер беру, еңбегіне сай жалақы төлеу мәселелері өткір тұр. Жастар ресурстық орталықтарымен жұмыс істеуге аудандардағы билік органдары мен мәдени мекемелер де асығатын емес. Әсіресе жұмыссыз жастарға екі қолға бір күрек тауып беруге келгенде жұмыспен қамту орталықтары үнсіз қалып жатады екен. Осының салдарынан өткен жылы 14 орталықтың 8-інің басшысы жұмыстан кетіпті.
“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына қатысты да сын айтылмай қалған жоқ. Жиналған жастар бағдарламаның тек мұғалімдер мен дәрігер мамандарға ғана қол ұшын созып келе жатқанына қапалы. Ал елді мекендерге қажет өзге салалардың мамандары бағдарламаның шарапатынан шет қалып отыр. Сол сияқты кадр тапшылығының зардабын тартып отырған ресурстық орталықтарға келетін мамандар да ескерусіз қалуда. Кездесу барысында өзге де мемлекеттік бағдарламалардың жоспардағыдай нәтиже бермей жатқаны жайлы сөз болды. Түйгеніміз – бұл бағдарламалардың бәріне тексеру жүргізіп, бақылау жасайтын арнайы орган жоқ, жастарға бағытталған жобалар бірнеше министрлікке бөлініп кеткен. Соның салдарынан квоталар мен гранттарды игеруде олқылық көп. Бұл түйткілді көтергендер өңірлерде жабылып қалған жастар ісі жөніндегі басқармаларды қайта ашу туралы ұсыныс білдірді.
Кездесуге келгендер 35 жасқа дейінгілерді баспанамен қамту жайын да қозғады. Олар осы күні ірі қалаларда қолға алынған “Елорда жастары”, “Алматы жастары” сияқты бағдарламалардың біздің өңірде де жүзеге асырылғанын қалайды. Бұл сұраққа жауап берген министрдің жастар және отбасы саясаты жөніндегі орынбасары “Отбасы банк” және облыс әкімдіктерімен келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Қызылжар тұрғындарының сұрақтарына жауап берген Евгений Кочетов келесі жылдан бастап ұмыт болып бара жатқан Жастар күнінің қайта аталып өтілетінін хабарлады. Бұл мереке тамыз айының ортасына белгіленген. Сонымен қатар жыл соңына дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин басқаратын жастар ісі жөніндегі республикалық кеңес отырысы өңірімізде өтпек. Бұдан былай белсенділер бас қосатын ірі шаралар тек үлкен қалаларда ғана емес шет облыстарда ұйымдастырылады деген жоспар бар. Жастарға мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпар таратып, оларға тіркеліп, көмек алуға мүмкіндік беретін электронды платформа да жуық арада өз жұмысын бастайды деп күтілеуде.
– Бүгін біраз мәселе көтеріліп, жаңа идеялар айтылды. Шын мәнінде біз мұның бәрінен хабардармыз. Осы түйткілдерді шешу үшін жұмыс жүргізілуде. Алайда қаржының жетіспеушілігі, өңірлердегі қолдаудың аздығы қолды байлап отыр. Өзіміз де осындай ортадан шыққан соң орын алып жатқан қиындықтарға қанықпыз. Бұдан біраз жыл бұрын жастар саясаты идеологиялық мәні бар шаралар өткізіп, қолға жалау ұстап, ұран айтумен шектелсе, бүгінде біршама өзгерген. Қазір біздің алдымызда идеологиялық жұмыспен қатар әлеуметтік мәселелер тұр. Көп дүние қағазда мінсіз көрінгенмен шын мәнінде шикі болып жатады. Енді бүгін сол олқылықтардың орнын толтырып, қолдауды арттыру қажет. Мұндайда жастар да өздері бастама көтеріп, игі істердің жалпыхалықтық қозғалысқа айналуына үлес қосуы керек, – деді Евгений Кочетов.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.