Қадірлі оқырман! 2023 жылдың екінші жартыжылдығына мерзімді баспасөзге жазылу науқанының аяқталғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Дәстүрлі науқан басталған кезде газет қызметкерлерінің көкейінде “Таралымымыз қанша болады? Оқырмандарымыздың саны көбейе ме?”, – деген сияқты жауабы беймәлім сауалдардың ұялағаны жалған емес. Әлем халқын бір тарының қауызына сыйдырардай үрейлендірген пандемия жылдарында ғасырдан астам тарихы бар қарт басылым – облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің таралымы күрт төмендеп, үш мыңның ар жақ, бер жағын ғана олжалағаны күні бүгінгідей есімізде. “Облыс жұртшылығын өңірімізде орын алып жатқан жаңалықтармен, танымдық, сараптамалық материалдармен, сыр-сұқбаттармен, тарихи дүниелермен ақпараттандырып отырған мемлекеттік тілдегі жалғыз басылымның болашағы қалай болмақ?”, – деген сауалдың жетегінде қол қусырып отыра берудің жөн еместігін ескеріп, ұлт, руханият, тіл жанашырларына хабарласып, аудандарды, ауыл-ауылдарды аралауға аттандық.
Әріптестеріміздің бұл жанкешті еңбегі нәтижесіз болған жоқ. Былтыр газетіміздің оқырмандар саны жеті мыңның үстіне көтеріліп, көңіліміз жадырап сала берді, анадайдан үміт пен сенімнің ұшқыны көрінгендей күйге бөлендік. Ал биылғы жартыжылдықта жеткен межеміз Қызылжар халқына сауын айтып, алақайлап сүйінші сұрауға жарайтындай. Қазіргі уақытта газет оқырманының саны – 10006 адам.
Әрине, біз бұл көңілтоларлық көрсеткішке өзіміздің күшімізбен, еңбегімізбен ғана жеттік деп айта алмаймыз. Бұл ретте негізін алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов сынды қазақтың арда перзенттері қалаған, керегесін ардың ісіне адалдық танытып, жүрекке сәуле құяр отты мақалаларымен танылған қаламгерлер керіп, уығын елдің ертеңі жолында еңбек еткен тұлғалар шаншыған қарт басылымның таралымының молаюына облыс басшысы Айдарбек Сапаров пен оның бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов бастаған бір топ руханият жанашырлары көп қолдау көрсетті.
Аудан басшыларының қолдауы мен уәделері біздің үмітімізді үкілей түсті.
Сандарды сөйлетсек, Айыртау, Аққайың, Есіл, Жамбыл, Қызылжар, Мамлют, Шал ақын, Тимирязев аудандары алдын ала берілген жоспарды асыра орындап, газетіміздің жанашырлары ретінде алғы шептен көрінді. Бізді жүз пайызға жетеғабыл көрсеткішімен Ақжар, Мағжан Жұмабаев, Тайынша, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар мен Петропавл қаласы да ерекше қуантты. Тұрғындардың сөзі сапалы, ойы орнықты төл басылымның сүйікті оқырманына айналуы үшін қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген аталмыш аудан басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ел игілігі жолында атқарып отырған қызметтеріңіз жемісті болғай!
“Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамындағы облыстық “Soltüstık Qazaqstan”, қалалық “Qyzyljar nūry” газеттерін тарату ісінде азаматтық танытқан жеке жазылушылардың да қатары сирек емес. Мысалы, “Қызылжар су” серіктестігінің директоры Жеңіс Хамзаұлы Сұлтанов ұжымын қалалық “Қызылжар нұры” газетінің 100 данасына жаздыртса, “Есіл су” кәсіпорны өзінің 80 қызметкеріне “Soltüstık Qazaqstan” газетін оқуға мүмкіндік жасады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов аудандардағы аға буын өкілдерінің төл басылымға жазылуын қадағалап, мерейімізді өсірді. Еңбек ардагері Алтай Қопышев зейнетақысынан “Қызылжар нұры” газетін он адамға жаздыртып берді. Қызылжар аудандық “Кәусар” мешітінің бас имамы Азамат Сәрсенов оз қаражатына он екі газет алатын болды. Бұл тізімді жалғастыра берсек бір мақалаға сыйғыза алмаспыз. Өтінішімізді ести сала оның орындалуына ұйытқы болған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі, білім басқармаларының басшылары Досбол Әбдриисов пен Нәзір Жәшібековтің көрсеткен зор қамқорлықтарына ұжымымыздың атынан ризашылық білдіргіміз келеді. Досбол Нұржанұлының тікелей тапсырмасымен Ақан сері атындағы облыстық филармония – 40, өңіріміздегі кітапханалар 85, музейлер 40, театрлар 70 газетке жазылды. Білім беру мекемелерінің бірқатарына жеке тоқталып, тізгінін ұстап отырған директорларға алғысымызды айтсақ, оның еш сөкеттігі бола қоймас. Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің ұжымы “Soltüstık Qazaqstan”-ның – 80, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты облыстық басылымның 53 данасын алатын болды. Ахмет Байтұрсынов атындағы №25 мектеп ұжымының – 30, ұлы Абайдың есімін иеленген мектеп-гимназияның – 25, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның – 23, Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж ұжымының 30 дана газетке жазылып, оқырмандарымыздың қатарын қалыңдатқаны – жағымды жаңалық. Қазақтың шынайы азаттығы жолында басын бәйгеге тіге жүре адал қызмет еткен Жүсіпбек Аймауытов бір өлеңінде:
Қазағым, қамықпа, қамалма!
Ел болар қамыңды амалда!
Кетті түн, атып таң, шығып күн,
Сал малды, сал жанды, аянба!, – деп халықты жігерлендірген екен. Алаш ардақтысының осы шумақтағы “Сал жанды, сал малды аянба!” деп ұран тастауының астарында “сауаттарыңды ашыңдар, газет оқыңдар, білім алыңдар, өркениетке ұмтылыңдар!” деген сынды ағартушылық бағытты көздеген ойдың жатқанын қалам иелері жоққа шығармайды. Небір тектілердің іздері сайрап жатқан байырғы басылым қылы-шынан қан тамып тұрған қиын-қыстау заманның өзінде халқын көзі ашық, көкірегі ояу болуға ынталандырған ардақтылардың салған сара жолына адалдық танытып келеді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің бір ғасырдан астам тарихы бар. Жүріп өткен жолы өнегелі басылымның алғашқы саны Омбы қаласында басылған. Телегей тарихы “Кедей сөзінен” бастау алатын сүйікті газетіміз өз оқырманын тұщымды материалдарымен қуантып келеді. Облысымызда орын алған елге, жерге, тілге қатысты түрлі кемшіліктердің, бірқатар адамдардың толғандырған мәселелерінің газет журналистерінің тікелей араласуымен шешімін табуы үрдіске айналған. Біз оқырмандардың базынасын жауапты органдарға жеткізу мақсатында редакцияның “whatsapp” желісін ашып, тұрғындармен тығыз байланыс орнаттық. Елге ерен еңбегімен танылған, адалдықты ту еткен қарапайым адамдар: шаруалар, диқандар мен дәрігерлер, ұлағатты ұстаздар туралы жазылған кең құлашты мақалаларымыз жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне зор үлес қосуда. Ақпарат майданының батыр жауынгеріне айналған газетіміздің бұл еңбегінің бағаланбай қалған кезі жоқ. Жуырда 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында серіктестікке Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Алғыс жариялады. Біз бұл мараптты ұжымға берілген зор баға деп қабылдадық.
Алаш қозғалысының қайраткері Ахмет Байтұрсынов: “газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі”, – деген екен. Оқырманын әкенің емес адамзаттың баласы болуға тәрбиелеп отырған, ұлдың емес ұлттың сөзін сөйлеуді мұрат тұтқан басылымның өркениет дөңгелегі алға жылжыған сайын абырой-беделі, нық ұстанымы бір мысқал да кемімейтініне көзіміз жетіп отыр.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-ның бас редакторы.