1 шілдеден бастап жәрдемақылардың және әлеуметтің төлемдердің кейбір түрлерінің көлемі өсті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында осы тақырып әңгіме өзегіне айналды.
“Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы Ғалия Мұқанова биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы жүйесінде қатысты бірқатар өзгерістер болғанын айтты. Атап айтқанда, салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктері кеңейтіліп, зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі бұдан былай ескерілмейтін болады. Еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан зейнеткерлер зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдалана алады. Зейнеткерлердің мұндай санатына әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болғандар жатады. Қалған зейнеткерлер зейнетақы төлемдерінің мөлшері 40 пайыздан төмен емес деңгейдегі табысты алмастыру коэффициентін қамтамасыз етсе, зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушы қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем мөлшері – 35 АЕК немесе 120750 теңгеге ұлғайтылды. 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туғандар үшін міндетті зейнетақы жарналарын жұмыс беруші төлейді. Ол төлем 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,5 пайыз мөлшерінде белгіленіп, 2028 жылы 5 пайызға жеткенге дейін жыл сайын 1 пайыз өсімді құрап отырады.
Баспасөз мәслихантында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы да айтылды. Бұл жүйе еңбекке қабілеттіліктен, асыраушысынан, жұмысынан, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларында әлеуметтік тәуекелдердің алты түрі бойынша сақтандыруды көздейді.
Осы мақсатпен жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін қорға ай сайын 3,5 пайыз мөлшерінде әлеуметтік аударымдар жасайды. Қазіргі уақытта жүйемен 6,8 миллионнан аса адам қамтылған. 2022 жылы шамамен 1,2 млн. адам әлеуметтік төлемдер алды.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті облыстық департаменті басшысының орынбасары Гүлбақыт Манабаеваның айтуынша, әлеуметтік төлемдердің мөлшері жүйеге қатысушының әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысына және жүйеге қатысу өтіліне байланысты болады. Спикер биыл 1 шілдеден бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына байланысты тағайындалған әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5 пайызға артқанын жеткізді. Осы төлемдердің сомасы үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап 8,5 пайызға өскенін ескерсек, жылдық өсім 23 пайызға жетті. Біздің облыста еңбекке қабілеттілігінен айырылған 2277 адамға, сонымен қатар асыраушысынан айырылған 1476 жанға әлеуметтік төлем төленеді.
Әлеуметтік кодексте “Алтын алқа” алқасымен немесе “Батыр Ана” атағын алған, I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған әйелдерге төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделген. Егер бұған дейін 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алатын. Оның көлемі 6,4 АЕК немесе 22080 теңге болатын. Енді 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жеті және одан да көп баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін артты, яғни ол 25530 теңгені құрайды. Облыс бойынша ондай аналар – 1505 адам.
Жоғарыда көрсетілген жәрдемақылардың мөлшерін арттыру Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде автоматты түрде жүргізілді, осыған байланысты алушылардан қосымша өтініші талап етілмейді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.