«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ АУЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімінің өкімімен Петропавл қаласының, Жамбыл және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың әкімдері тағайындалды. Өңір басшысы қалалық, аудандық актив отырыстарына қатысып, жиналғандарды жаңа тағайындалған әкімдермен таныстырды.

Облыс орталығының басшысы болып бекітілген Серік Мұхамедиев құрылыс және коммуналдық-шаруашылық саласында жинақтаған тәжі­ри­бесі мол екенін атап көрсетіп, жаңа әкімге бірқатар маңызды тап­сырмалар жүктеді.

Жедел түрде жүзеге асуы тиіс бірқатар жобалардың аяқталуы ұзақ уақытқа созылып кеткені жасырын емес. Мәселен, облыс орталығында инженерлік желілерді тарту мен абаттандыру жұмыстарының кешеуілдеуі салдарынан көпқа­бат­ты 16 бюджеттік үй әлі күнге дейін қол­данысқа берілмей отыр. Оның басты себебі – белгіленген міндеттердің уақтылы әрі сапалы атқарылмауы.

Бұдан бөлек, коммерциялық бас­паналардың құрылысы да көңіл көн­шітпейді, жеделдетуді қажет етеді. Қазіргі таңда 28 учаскеде жеке тұр­ғын үйлер салынып жатса, бесеуінің құрылысы тым баяу. Сондықтан те­ріскейдің қатал климаттық жағ­дайында жаздың шуақты күндерін тиімді пайдалану маңызды. Демек осы бағыттағы шаруалар қарқынды жүргізілуі тиіс деген сөз.

Жылыту маусымына дайындық та – күн тәртібінде тұрған өткір мәсе­лелердің бірі. Петропавл №2 жылу-электр орталығын, сондай-ақ, жылу желілерін жөндеу жұмыстары кешенді түрде жүр­гізуді талап етері сөзсіз.

Өңір басшысы қала көшелерін қал­пына келтіруді басым бағыт ре­тінде белгілеп берді. Биыл 25 көшені жөндеуге 6,2 млрд. теңге бағытталған. Қаражат мөл­шері жеткілікті, ең бастысы сапа мен қатаң қадағалау қажет.

Актив басқосуында қаланы абат­тандыру мәселесі де көтерілді. Тұр­ғындар тарапынан қоқыстың уақты­лы шығарылмайтыны жөнінде шағым­дар жиі айтылады. Облыс әкімі қаланың жаңа басшысына шаһарды жан-жақты да­мытып, тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету жолында барлық мүмкіндіктерді жұмылдыруды міндеттеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp