«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тәкаппарлық – жағымсыз мінез

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кейде адам баласы “мен” деген сөзді қаншалықты көп айтатынын өзі де байқамай қалады. Бір кісінің жүрегіне үнемі өзін көрсету, мойындату, өзгеден жоғары екендігін білдіру сезімі ұяласа, онда ол жүректі білдірмей келіп шағатын улы жылан маңайлап жүр деп болжасақ қателесе қоймаспыз. Ол сезімді Ислам шариғатында “тәкаппарлық” деп атайды. Тәкаппарлық – араб тіліндегі “кибр” және “тәкәббур” сөздерінен шығады. Ол “үлкен”, “ұлы болу” деген мағынаны білдіреді.

Иә, адам баласын екі дүниеде бақытсыздыққа апаратын қасіреттің бірі – тәкаппарлық. Тәкаппарлық өзін басқалардан үстем, жоғары көру дегенді білдіреді, Алла Тағала сүймейтін, адамдыққа жат сипат­тардың бірі. Өркөкіректік – адамды өзгелерден жоғары ұстауға итер­мелейтін ішкі сезім, жағымсыз мінез-құлық. Сондықтан ондай қылығын байқаған мұсылман бірден Алладан кешірім сұраса, ақыреттік азаптан құтылады. Ислам мұсылман пенде­ден менмендікті жоюды талап етеді. Өйткені ақыреттегі мәңгілік бақытты ғұмыр осынау озбыр мінезден аулақ болғандарға бұйырмақ.

Баршамыз Алла Тағаланың жа­ратқан пендесіміз. Пайда мен зиян Жаратушы Иемізден келетінін, өзімізге берілген нығметтің барлығы тек Алланың қалауымен болатынын ұмытпайық.

Жаратылыс тарихындағы ең ал­ғаш күнә осы тәкаппарлықтан бас­талған. Ол күнәні бастаған ібіліс шай­тан болатын. Құранда ол жа­йын­да былай деп баян етіледі. “(Уа, адамдар!) Біз сендерді жаратып, бей­нелеп, сосын періштелерге: “Адам­ға сәжде етіңдер”, – дедік. Сон­да олардың барлығы сәжде етті де, тек ібіліс сәжде етушілерден бол­мады. Сонда Алла: “Мен бұйырған кезде сенің сәжде жасауыңа не ке­дергі болды?” – деп сұрады. Сонда ол (ібіліс): “Мен одан артықпын! Сен мені оттан жараттың, ал оны то­пырақтан жараттың”, – деп менмен­сіді. Сонда Алла: Сен ол жерден (жәннәттан) түс ол сенің тәкаппар­ланып жүретін жерің емес. Дереу шық! Сен енді қор болғандардан­сың”, – деді”. (“Ағраф” сүресі, 11-13- аяттар)

Тәкаппарлық Жаратушыға, қо­ғамға, жұртқа да мүлдем жақпайтын қылық. Алла Тағала мұндай қы­лыққа қатаң түрде тыйым салғандықтан ол жайында Құранда көп­теген аятта баян етеді.

“Жер бетінде алшаң басып жүр­ме, расында сен жерді тесе де ал­майсың, биік таулармен де теңесе алмайсың” (“Исра” сүресі, 37-аят).

“Олар шыншылдығына айқын сенген болса да, зұлымдықтары мен тәкаппарлықтары себепті қарсы шықты…” (“Нәміл сүресі, 14-аят). Келесі аяттарда: “Дау жоқ! Алла олардың жасырғандарын, көрнеу істегендерін біледі. Расында Алла өзін жоғары санағандарды жақсы көрмейді” (“Нахыл” сүресі, 23-аят). “Оларға оқылған Алланың аяттарын тыңдайды да сосын қасарысып, тәкаппарланған бойда естімегендей болады. Енді оны күйзелтуші азап­пен қуандыр” (“Жәсия” сүресі, 8-аят).

Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мен­мендік, тәкаппарлықтың барлық тү­ріне қатаң тыйым салып, ондай­лардың Алланың азабына лайық болатынын қатты ескерткен.

Тәкаппарлықтың титтей түрінің өзі адамды тозаққа жетелейтін әрекет болмақ. Абдуллаһ иби Мас­ғұдтан жеткен риуаят бойынша Пай­ғамбарымыз (оған Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын) былай деген: “Жүрегінде зәредей тәкап­парлығы бар адам жұмаққа кір­мейді, – деді. Сонда бір кісі: “Алайда кейбір адам киімінің, аяқ киімінің әдемі болғанын қалайды ғой”, – де­генде Пайғамбарымыз “Шын­дығын­да, Алла көркем әрі көркемдікті жақ­сы көреді. Ал тәкаппарлық – ақи­қатты мойындамау, адамдарды мен­сінбеу”,– деді(имам Мүслим).

Бірде сахабалар Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Сізге биік орын жасайық. Сол жерде тұрып адамдарға наси­хат айтыңыз”, – дегенде, Пайғам­барымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) “Ұлы Алла мені жоғарылатып немесе өз жағына қайтарып алғанға дейін араларың­да болуымды жалғастырамын”, – деп, былай өсиет етеді: “Мені өз дәрежеммен артық ұлықтамаңдар. Алла мені пайғамбар етіп жібермей тұрып, ең алдымен құл етіп жарат­ты”, – деген.

Тәкаппарлықтан ада болған жан жұмаққа лайық болмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында былай деген: “Мына үш нәр­седен аулақ болып жан тапсыр­ған адам ғана жәннатқа кіру бақы­тына ие болады. Олар: тәкаппар­лық, өшпенділік және қарыз” (имам Тир­мизи).

Халифа Омар (Алла оған разы болсын) бір күні арқасына үлкен әрі ауыр, кір қапты арқалап Мәдинаның ең үлкен көшелерімен әрең жүріп бара жатады. Оны көрген ұлы Абдулла (Алла оған разы болсын) жүгіріп келіп;

– Әке, мұныңыз қалай? Халифа деген атыңыз бар, қапты көтеретін адам таппадыңыз ба? – дейді. Сонда хазреті Омар:

– Балам, қапты көтеретін адам таппай қалған жоқпын, бір мезетке нәпсімнің тәкаппарлығы бой беріп, өзің өзгеден жоғары көргенін сезіп қалдым, соны қайта жерге түсіру үшін осылай істеуім керек болды, – деді.

Сағд ибн Әбу Уаққас (Алла оған разы болсын) “Балам, тәкаппар­лықтан сақ бол. Тәкаппарлықтан құ­тылуыңа сенің неден жаратылғаның және қайда қайтатыныңды білуің жәрдемші болмақ. Әрине, тамшы судан жаратылғаныңды, жарық дүниеге жатырдан шыққаныңды, һәм қарныңдағы қорегің неге айнал­ғанын білсең, қалайша тәкаппарлық бойыңда қалмақ?”, – деген.

Тәкаппарлық – кей адамдардың білім алуына кедергі келтіреді. Бұрынғы өткен даналарымыз: “Ілім­ге екі адам ие бола алмайды ұялшақ пен тәкаппар”, – деген.

Абай атамыз мына өлең жол­дарында менмендікті былайша жет­кізген:

Адам – бір боқ көтерген

боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың

өлсең тағы.

Менімен сен тең бе

деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі – ол баяғы.

Екіншіден, адам ұлты мен тегін, руын артық көру арқылы тәкап­пар­лыққа жол береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: “Өмірден өтіп кеткен ата-бабаларымен мақтана­тындар ондай қылықтарынан ты­йылсын! Болмаса, олар жәһаннам­ның көміріне айналады немесе Алла үшін тұмсығымен қи домала­татын қоңыздан да төмен мақлұққа айналады. Ақиқатында Алла сен­дерден надандық дәуірінің тәкап­парлығын, ата-бабалармен мақ­тануды кетірген болатын. Расында мүмин – тақуа, ал бұзық – бақытсыз. Барлық адамдар Адам атадан, ал Адам топырақтан жаратылған (имам Әбу Дәуід, Тирмизи)”.

Жәбирден (Алла оған разы бол­сын) жеткен риуаятта Алланың Ел­шісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: “Қия­мет күні маған ең сүйіктілерің әрі ең жақын отыратындарың – көркем мінезділерің. Ал қиямет күні мен үшін ең жамандарың және менен ең алыс отыратындарың – бәдіктерің (көпсөзділерің), дөрекі сөйлей­тін­дерің және астамшылдарың”. Са­хабалар: “Уа, Алланың Елшісі! Бә­діктер мен дөрекілерді білдік, ал астамшылар кімдер?” – деп сұра­ғанда, ол(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Тәкаппарлар”, – деп жауап береді (имамТирмизи).

Азамат СӘРСЕНОВ,

Қызылжар аудандық “Кәусар” мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp