“Ауыл” ХДПП партиясынан Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланып, әріптестерінің аманатын арқалаған Аян Зейнуллин біздің өңірдегі жұмыс сапарын ауыл тұрғындарымен және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен кездесуден бастады.
Мәжілісменнің айтуынша, партияға үш мыңға жуық солтүстікқазақтандық мүше. Олардың әрқайсысы кемі жиырма жылдан бері белсенділігімен көрініп жүрген ұйымның басты қолдаушылары болып табылады. Солардың бірі – облыстық мәслихаттың депутаты Ольга Клишина өңір жұртшылығына қатысты түйткілдерді үнемі биліктің назарына ұсынып отырады.
Жиынға қатысушылар білім беру ұйымдарының асханаларындағы тамақ мәзірінің сапасыздығы жайлы әңгіме қозғады. Кім төмен баға қояды, сол тендерді ұтады. Ал тамақтың сапасына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сондай-ақ Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жетім балаларға арналған баспананың жоқтығы, бұралқы ит-мысықтардан төнер қауіп, тіршілік көзі мен жер телімдеріне қатысты түйінді проблемалар айтылды.
Аян Талғатұлы Қызылжар ауданындағы сайлаушыларға жолығу үшін “Дәуренбеков Н.Б.” шаруа қожалығына арнайы барды. Мұнда агронесиенің жай-жапсары түсіндірілді.
Әл-Фараби МЫҢБАЙ,
“Ауыл” ХДПП өңірлік үйлестірушісі.