“AMANAT” партиясының Парламенттегі фракция мүшелері өңірімізге жұмыс сапарымен келіп, бірқатар аудандарда болып, өндіріс ошақтарын аралады.
Сенат депутаты Әсем Рахметова мен Мәжіліс депутаты Дмитрий Колоданың кездесулері Шал ақын ауданында жалғасты. Халық қалаулылары мұнда Кривощеково орта мектебінің күрделі жөндеу жұмысының барысымен танысты. “Жол картасы” бағдарламасы аясында білім ошағын қалпына келтіруге 127 миллион теңге қарастырылған. Құрылысшылар есік-терезелерді, шатырды, еденді ауыстырумен, ішкі әрлеу және жылыту жүйелерін жаңартумен айналысып жатыр. Ысқақ Ыбыраев ауылында орналасқан М.Ахметбеков атындағы мектепте де ауыл балаларының сапалы білім алуына толық жағдай жасалған.
– Мемлекет жас мамандар қатарын толықтыру, материалдық базаны жаңғырту, оқу кабинеттерін талапқа сай жабдықтай отырып, қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуды басты бағдар етіп отыр. Өскелең ұрпақтың материалдық-техникалық базасы жоғары білім ошақтарында оқуына бәріміз де мүдделіміз, – деді тұрғындармен кездескен Әсем Қалашбайқызы.
Азаматтарды қабылдау кезінде жол жөндеу, сумен қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты сауалдар көп болды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Еркебұлан Мәмбетов Тайынша ауданында “Жол картасы” бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылыс алаңында болды. Жобаның құны – 2,6 млрд. теңге. Красная Поляна елді мекенінде “Зеленые луга” ЖШС-ның тауарлы-сүт фермасына барды. Кешеннің жылдық қуаты 3,6 мың тоннаға тең. 650 бас ірі қара бағылса, оның 350 басы – сауын сиыр. Өткен жылы 74,7 млн. теңге субсидия рәсімделген.
Кездесуде жеке аулалардан сүт өнімін сатып алу, ауылішілік жолдарды жөндеу мәселелері көтерілді.
Еркебұлан Нұрмағанбетұлы сапалы білім мен медициналық қызмет алу үшін толық жағдай жасау, тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, бұқаралық спорт түрлерін дамыту, жастарды саламатты өмір салтына тарту партияның басты міндеті болып қала беретінін жеткізді.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“AMANAT” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.