Диас Аяған
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының дәстүрлі сессиясы өтті. Осымен 32-ші рет өтіп отырған жиын барысында әдеттегідей ел бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді сақтау жайы сөз болды. Еліміздің барлық азаматының басын құраушы күш саналатын мемлекеттік тіл жайы да айтылды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев төрағалық етіп, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің жұмысы жайлы әңгіме қозғады.
– Мен сіздерге облыстағы этностардың мәдениеті мен салтын сақтауға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін. Өңірдегі кәсіпкерлер мен агроқұрылым жетекшілері де ассамблея жұмысына атсалысып, бірқатар іске қолдау білдіріп келеді. Бүгінде алдымызда өңірлік ассамблеялардың жұмысын қайта жандандыру міндеті тұр. Бірлігі жоқ елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан да біз облыстағы татулық пен келісімді нығайтуымыз керек, – деді Сәтжан Әйтенұлы.
Сессия барысында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары Владимир Витченко жыл бойы атқарылған жұмысты қорытындылады.
– Біздегі этномәдени бірлестіктердің жұмысы республика деңгейінде жоғары бағаланып отыр. Өткен жылы “Ұлы даланың ұлтаралық тілі” атты форум өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін ел деңгейіндегі үлкен шара ұйымдастырылды. Облыс орталығында аудандардағы бөлімшелердің қатысуымен өткен семинарда білікті мамандар дәріс берді. Жалпы бір жыл ішінде ассамблея қарамағындағы ұйымдарда 600-дей іс-шара өтті, – деді Владимир Витченко.
Ассамблея мүшелері өз қатарына жастарды тартуға баса мән беріп отыр. Осы мақсатта университет, колледждерде кафедралар мен арнайы сыныптар ашылған. Солардың бірі – жоғары құрылыс-экономикалық колледжіндегі бейбітшілік пен келісім орталығы. Оның жұмысы жайлы жиналғандарға колледж директоры Ағыбай Көшімбаев баяндады.
Шара барысында ассамблея жұмысын ілгерілетуге үлес қосып жүрген азаматтар Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болды. Владимир Витченконың бір жылдық жұмыс мерзімі аяқталуына байланысты оның орнына жаңа орынбасар сайланды. Жиналғандар бірауыздан мәслихат депутаты Елена Семидоцкихтың кандидатурасын қолдады. Ол жиналғандарға алғыс айтып, ел бірлігін нығайту жолында белсенді жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.