Облыстық полиция департаментінде биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жедел кеңес өтті. Жиналысқа бейне байланыс арқылы облыстың барлық аумақтық полиция бөлімшелері қатысты. Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов Ішкі істер министрлігі алқасының шешімімен таныстырып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі негізгі мәселелерге тоқталды. Әсіресе елдегі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жоғары деңгейіне баса назар аударылды.
Жыл басынан бері облысымызда отбасылық-тұрмыстық салада 21 қылмыс тіркелген. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының дені әлі күнге дейін үйдегі қатыгез отағасына өтініш жазудан бас тартады. Өткен жылы республика бойынша осындай 70 мың бас тарту тіркелген. Бұл тұрғындардың әкімшілік және қылмыстық заңнаманы түсінбеуі салдары екенін атап өткен Айдын Қабдұлдинов полицейлерге отбасындағы құқық бұзушылықтарды зардап шеккендердің өтінішінсіз тіркеуге мүмкіндік бар екенін айтты. Облыстық полиция ведомствосының басшысы отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық фактілері кезінде бейнетіркеуді пайдалану қажеттігі туралы еске салды.
Сондай-ақ жиналыста алаяқтық және есірткі тарату, мас күйінде қылмыс жасау және қоғамдық қауіпсіздіктің басқа мәселелері қарастырылды. Барлық бағыттар бойынша жұмысты күшейтіп қана қоймай, алдын алу шараларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар даярлауға тапсырма берді.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.