Құлпынай – дәмді де хош иісті жидек. Қып-қызыл жидектің өсімталдығы бағбанына байланысты. Оның бабын таба білетіндердің бірі – Хабиба Абдрахманова. Ол құлпынай өсірумен қырық жылдан аса уақыт айналысып келеді. Қазір жасы жетпіске жетсе де, сүйікті ісін тастамай келеді. “Біріншіден, денсаулыққа пайдалы қимыл, екіншіден, сүйікті іс, үшіншіден, отбасы бюджетіне көмек”, – деп жер бауыры жіпсігеннен бастап, қоңыр күзге дейінгі талмай еңбек етеді.
Хабиба Абдрахманова – Тараз қаласының тумасы. Мектепті тамамдап, білім қуып, Қырғызстанның астанасына атанады. Бішкек қаласындағы әйелдер институтында мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиешісі мамандығын бітіріп, осы салада тапжылмай отыз жыл еңбек еткен. Еңбек жолын балабақша тәрбиешісінен бастаған Хабиба Сафиқызы біліктілігінің арқасында балабақшаның меңгерушісі қызметін абыроймен он жеті жыл атқарады.
Одаққа мүше елдер тәуелсіздік алып, әрқайсысы өз шаңырағын көтерген кезде қазақ қызы да туған жердің топырағын аңсай бастайды. Қырғыз бауырлардың ортасында өткен отыз жылымен қимай қоштасып, Қазақстанның теріскейіне келіп орнығады. 2010 жылы Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылына қоныстанған Хабиба Сафиқызы халыққа қызмет ету орталығына жұмысқа орналасып, төрт жарым жылдан кейін зейнет демалысына шыққан. Құлпынай өсіру – сол қырғыз елінде жүргендегі ермегі. Содан да болар, атамекенге көшер кезде өзгелері киім-кешегін, дүние-мүлкін тиеп жатса, Хабиба Сафиқызы құлпынайдың 50 түп көшетін алып кетуге бел буады. Жол бойы күтіп-баптап жеткізген көшеттері қазір алты сотық жерді алып жатқан бау-бақшаға айналған.
– Қырғызстанда құлпынай өсіру ежелден қалыптасқан. Біз тұрған жерде бұл кәсіппен екінің бірі айналысады. Кәсіп қылғандар гектарлап ексе, кейбіреулер шағын бақшасында ғана өсіреді. Өздері де жейді, сатуларына да жетеді. Қызылжардың топырағы құнарлы деп еститінмін, бірақ күннің жылуы аздау ма деген күмән болды. Тәуекелге бел будым. Жеткен бойдағы бірінші ісім көшеттерді отырғызу болды. Екі-үш жылдан кейін жайқала өсіп, өнім бере бастаған кезде мақсатымның орындалғанына қуандым, – дейді бағбан.
Содан бері де он үш жыл уақыт өтті. Үйдегі баласы, қыз-күйеу және жиендері аналарының сүйікті ісіне қолғабыс етіп, шағын кәсіпті бірге дөңгелетіп отыр. Солтүстіктің ауа райы бір маусымда екі рет өнім алуға мүмкіндік береді. Бірінші өнім мамырдың аяқ кезінде алынса, екіншісі тамызға сәйкес келеді. Бағбан құлпынайдың сұрыбын ауыстырмайды, тек үш жылда бір рет көшеттерін жаңартып отырады. Теріскейдің топырағына жақсы сіңісіп кеткен түрі – “ремонантты құлпынай”. Бұл сұрып ауа райы жылы болса, қоңыр күзге дейін өнім бере береді екен. Хабиба Сафиқызының айтуынша, былтыр өнімді жыл болған. Алғашында өлшемі бес литрлік 50-60 шелек, екіншісінде 70-80 шелек өнім алған. Үйге керегін қалдырып, қалғанын сатылымға шығарыпты. Өз тұтынушылары бар. Құнарлы жерде еш химикатсыз өсірілген құлпынайға сұраныс жоғары. Биылғы өнім былтырғыдай көлкөсір болмаса да, еңбек еш кетпепті.
– Құлпынайдың өнімділігін қыста болжаймын. Қар көп болса, өнімділік жоғары болады. Көшеттер қалың қардың астында жатса, көктемде тамырлары әбден суға молығып, жетіліп, көп өнім береді, – дейді Хабиба Сафиқызы.
Зейнеткердің ісін көрген ауылдастарының да құлпынай өсіргісі келеді. Бағбан ақыл-кеңесін айтып, көшетін де береді. Бірақ істі әрі қарай дамытып әкететіндер аз екен.
– Құлпынай өсіру қиын емес. Бірақ тынымсыз еңбекті талап етеді. Түптерін қопсытып, тазартып, суын тиісті мөлшерде құйып отыру өз алдына, жиі өсетін “мұрттарды” қиып тастау керек. Көпшілік оны өскін деп қозғамайды. Көшет алу үшін оны пайдалану керек, бірақ жемістің шығымдылығына оның кері әсері бар. Тамырдағы қорекке ортақтасып, өсірмей тастайды, – дейді тәжірибелі бағбан.
Тұқым сұрай келгендерге Хабиба Сафиқызы көшетті өзі дайындап береді. Негізі құлпынайдан тұқым алудың бірнеше тәсілі болса, біздің бағбан оны “мұрттар” арқылы алады. Янғи өскінді топыраққа егіп, содан кейін бөліп алып, жеке түп ретінде дамытады. Бүгінде тапсырыс берген қызылжарлық екі бағбанға көшеттер дайындап жатыр.
Уақытпен санаспай, еңбек еткен адам ғана кәсібін кеңейте алады. Хабиба Сафиқызы құлпынай жақсы табыс көзі екенін өз тәжірибесінен біледі. Тек бұл кәсіптің өрісін кеңейту үшін алқаптың басында күн-түн демей еңбек етіп, ащы тердің дәмін сезіну керек.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.