«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Хош иісті құлпынай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құлпынай – дәмді де хош иісті жидек. Қып-қызыл жидектің өсімталдығы бағбанына байла­нысты. Оның бабын таба білетіндердің бірі – Хабиба Абдрахманова. Ол құлпынай өсірумен қырық жылдан аса уақыт айналысып келеді. Қазір жасы жетпіске жетсе де, сүйікті ісін тас­тамай келеді. “Біріншіден, денсаулыққа пайдалы қимыл, екіншіден, сүйікті іс, үшіншіден, отба­сы бюджетіне көмек”, – деп жер бауыры жіпсігеннен бастап, қоңыр күзге дейінгі талмай еңбек етеді.

Хабиба Абдрахманова – Тараз қаласының тумасы. Мектепті та­мамдап, білім қуып, Қырғызстанның аста­насына атанады. Бішкек қала­сында­ғы әйелдер институтында мектеп жа­сына дейінгі балалар тәр­биешісі ма­мандығын бітіріп, осы салада тапжыл­май отыз жыл еңбек еткен. Еңбек жолын балабақша тәрбиешісі­нен бастаған Хабиба Са­фиқызы біліктілігінің арқасын­да балабақшаның меңгерушісі қыз­метін абыроймен он жеті жыл атқа­рады.

Одаққа мүше елдер тәуелсіздік алып, әрқайсысы өз шаңы­ра­ғын көтерген кезде қазақ қызы да туған жердің топырағын аңсай бас­тайды. Қырғыз бауырлардың орта­сында өткен отыз жылымен қимай қоштасып, Қазақстанның теріскейіне келіп орнығады. 2010 жылы Қызыл­жар ауданындағы Бәйтерек ауылы­на қоныстанған Хабиба Сафиқызы халыққа қызмет ету орталығына жұ­мысқа орналасып, төрт жарым жыл­дан кейін зейнет демалысына шық­қан. Құлпынай өсіру – сол қырғыз елінде жүргендегі ермегі. Содан да болар, атамекенге көшер кезде өз­ге­лері киім-кешегін, дүние-мүлкін тиеп жатса, Хабиба Сафиқызы құлпынай­дың 50 түп көшетін алып кетуге бел буады. Жол бойы күтіп-баптап жет­кізген көшеттері қазір алты сотық жерді алып жатқан бау-бақшаға айналған.

– Қырғызстанда құлпынай өсіру ежелден қалыптасқан. Біз тұрған жерде бұл кәсіппен екінің бірі айналысады. Кәсіп қылғандар гектарлап ексе, кейбіреулер шағын бақша­сында ғана өсі­реді. Өздері де жейді, сатуларына да жетеді. Қызылжар­дың топырағы құ­нарлы деп еститінмін, бірақ күннің жылуы аздау ма деген күмән болды. Тәуекелге бел будым. Жеткен бойдағы бірінші ісім көшетте­рді отырғызу болды. Екі-үш жыл­дан кейін жайқала өсіп, өнім бере бастаған кезде мақ­сатымның орындалғанына қуандым, – дейді бағбан.

Содан бері де он үш жыл уақыт өтті. Үйдегі баласы, қыз-күйеу және жиендері аналарының сүйікті ісіне қолғабыс етіп, шағын кәсіпті бірге дөңгелетіп отыр. Солтүстіктің ауа райы бір маусымда екі рет өнім алуға мүмкіндік береді. Бірінші өнім ма­мырдың аяқ кезінде алынса, екін­шісі тамызға сәйкес келеді. Бағбан құл­пынайдың сұрыбын ауыстырмайды, тек үш жылда бір рет көшеттерін жаңартып отырады. Теріскейдің то­пы­рағына жақсы сіңісіп кеткен түрі – “ремонантты құл­пынай”. Бұл сұрып ауа райы жылы болса, қоңыр күзге дейін өнім бере береді екен. Хабиба Сафиқызының айтуынша, былтыр өнімді жыл бол­ған. Алғашында өлшемі бес литрлік 50-60 шелек, екіншісінде 70-80 ше­лек өнім алған. Үйге керегін қалды­рып, қалғанын са­тылымға шыға­рып­ты. Өз тұтынушы­лары бар. Құнарлы жерде еш химикатсыз өсі­рілген құлпынайға сұраныс жоғары. Биылғы өнім былтырғыдай көлкөсір болмаса да, еңбек еш кет­пепті.

– Құлпынайдың өнімділігін қыста болжаймын. Қар көп болса, өнімділік жоғары болады. Көшеттер қалың қардың астында жатса, көктемде тамырлары әбден суға молығып, же­тіліп, көп өнім береді, – дейді Хабиба Сафиқызы.

Зейнеткердің ісін көрген ауыл­дастарының да құлпынай өсіргісі келеді. Бағбан ақыл-кеңесін айтып, көшетін де береді. Бірақ істі әрі қарай дамытып әкететіндер аз екен.

– Құлпынай өсіру қиын емес. Бірақ тынымсыз еңбекті талап етеді. Түптерін қопсытып, тазартып, суын тиісті мөлшерде құйып отыру өз алдына, жиі өсетін “мұрттарды” қиып тастау керек. Көпшілік оны өскін деп қозғамайды. Көшет алу үшін оны пай­далану керек, бірақ жемістің шығымдылығына оның кері әсері бар. Та­мырдағы қорекке ортақтасып, өсірмей тастайды, – дейді тәжірибелі бағ­бан.

Тұқым сұрай келгендерге Ха­биба Сафиқызы көшетті өзі дайындап береді. Негізі құлпынайдан тұқым алудың бірнеше тәсілі болса, біздің бағбан оны “мұрттар” арқылы ала­ды. Янғи өскінді топыраққа егіп, содан кейін бөліп алып, жеке түп ретінде дамытады. Бүгінде тапсы­рыс берген қызылжарлық екі бағбанға көшеттер дайындап жатыр.

Уақытпен санаспай, еңбек еткен адам ғана кәсібін кеңейте алады. Хабиба Сафиқызы құлпынай жақсы табыс көзі екенін өз тәжі­рибесінен біледі. Тек бұл кәсіптің өрісін кеңейту үшін алқаптың басын­да күн-түн демей еңбек етіп, ащы тердің дәмін сезіну керек.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp