«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰЛАҚТАН КІРІП, БОЙДЫ АЛҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжарлықтар тағатсыздана күт­кен “Qyzyljar music fest – 2023” фес­тивалінің шымылдығы этно­музы­камен ашылды. Ұлттық өнер – өміршең қазына. Оның та­мыры тереңде жатыр. Бүгінде осы бай мәдени мұраны сақтап, қазақ хал­қының төл дәстүрін терең меңге­ріп қана қоймай, халық музыкасы ар­қылы ұлттық құндылықтарды жаң­ғыртуға болады. Сондықтан өңір тұр­ғындарының көзайымына айналған “Qyzyljar music fest – 2023” фестива­лі­нің мәні де, мағынасы да зор. Жан­ды дауыста сапалы музыка тыңдау­ға, танымал өнерпаз­дардың өнерін тамашалауға тама­ша мүмкіндік.

Қызылжар төрінде бес күнге со­зылған фестивальдің әр күні ан­шлаг­пен өтті. Күнде кешқұрым бас­талған концертке отбасымен келіп, саф әуеннің сиқырлы сазына бөлен­гендердің қарасы азайған жоқ. Кон­цертке шетелден, еліміздің басқа об­лыстарынан келген өнер ұжымдары күн сайын қарақұрым көрерменді көріп, шабыттанды. Жалпы фести­валь­да 350-ден астам адам өнер көр­сетті. Осылайша әлемнің және еліміздің үздік өнерпаздары жиыл­ған жұртқа рухани азық сыйлады. Бұл фестиваль шын мә­нін­де ел мен жерді біріктірген, алыс пен жақынды байланыстырған өнер тойы десек, артық айтқандық емес.

Халықтың рухани, мәдени әлемі оның дәстүрлі өнерінен көрініс табады. Сонау ықылым заманнан бері қазақпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз қай уақытта болмасын қымбат әрі қастерлі. Cоның ішінде дәстүрлі ән мен күй қашанда ұлы дала елінің асыл қазынасы болып қала бермек. Осы орайда ұлттық өнерді биік ұстап, бүгінгі жұрттың талғамына сай туындылар көрсетіп келе жатқан елімізге, әлемге белгілі “Тұран”, “Әлқисса”, “Бабалар сазы”, “Барқыт­бел”, “Күлтегін”, “Улгер” этнофольклорлық ансамбльдері осы бір ұлы мақсатын ұлықтады.

Сондай-ақ өзге мемлекеттен келген өнерпаздар құлақтың құры­шын қандырар әуендерін Қызылжар аспанында әуелетті. Шыр­қалған ән мен әуелеген музыка­дан бөлек, мың бұралған бишілердің де өнері тәнті етті. “Мәңгілік”, “Он ал­ты қыз”,“Кун сузы”,“ZAZAN” сынды би топтары көрерменнің қошеметіне бөленді.

– Концерт өте жақсы өтті. Халық музыкасы қатты ұнайды өзіме. Сон­дықтан бүгін әжемді ертіп әкеліп, концертті тамашаладық. Бізге қатты ұнады, – деген көрермендердің бірі Гүлден Махметова опера әншілерін де тыңдағанына қуанышты. Өнердің шыңы – операны тыңдау бір ғанибет емес пе?!

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp