Қызылжарлықтар тағатсыздана күткен “Qyzyljar music fest – 2023” фестивалінің шымылдығы этномузыкамен ашылды. Ұлттық өнер – өміршең қазына. Оның тамыры тереңде жатыр. Бүгінде осы бай мәдени мұраны сақтап, қазақ халқының төл дәстүрін терең меңгеріп қана қоймай, халық музыкасы арқылы ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға болады. Сондықтан өңір тұрғындарының көзайымына айналған “Qyzyljar music fest – 2023” фестивалінің мәні де, мағынасы да зор. Жанды дауыста сапалы музыка тыңдауға, танымал өнерпаздардың өнерін тамашалауға тамаша мүмкіндік.
Қызылжар төрінде бес күнге созылған фестивальдің әр күні аншлагпен өтті. Күнде кешқұрым басталған концертке отбасымен келіп, саф әуеннің сиқырлы сазына бөленгендердің қарасы азайған жоқ. Концертке шетелден, еліміздің басқа облыстарынан келген өнер ұжымдары күн сайын қарақұрым көрерменді көріп, шабыттанды. Жалпы фестивальда 350-ден астам адам өнер көрсетті. Осылайша әлемнің және еліміздің үздік өнерпаздары жиылған жұртқа рухани азық сыйлады. Бұл фестиваль шын мәнінде ел мен жерді біріктірген, алыс пен жақынды байланыстырған өнер тойы десек, артық айтқандық емес.
Халықтың рухани, мәдени әлемі оның дәстүрлі өнерінен көрініс табады. Сонау ықылым заманнан бері қазақпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз қай уақытта болмасын қымбат әрі қастерлі. Cоның ішінде дәстүрлі ән мен күй қашанда ұлы дала елінің асыл қазынасы болып қала бермек. Осы орайда ұлттық өнерді биік ұстап, бүгінгі жұрттың талғамына сай туындылар көрсетіп келе жатқан елімізге, әлемге белгілі “Тұран”, “Әлқисса”, “Бабалар сазы”, “Барқытбел”, “Күлтегін”, “Улгер” этнофольклорлық ансамбльдері осы бір ұлы мақсатын ұлықтады.
Сондай-ақ өзге мемлекеттен келген өнерпаздар құлақтың құрышын қандырар әуендерін Қызылжар аспанында әуелетті. Шырқалған ән мен әуелеген музыкадан бөлек, мың бұралған бишілердің де өнері тәнті етті. “Мәңгілік”, “Он алты қыз”,“Кун сузы”,“ZAZAN” сынды би топтары көрерменнің қошеметіне бөленді.
– Концерт өте жақсы өтті. Халық музыкасы қатты ұнайды өзіме. Сондықтан бүгін әжемді ертіп әкеліп, концертті тамашаладық. Бізге қатты ұнады, – деген көрермендердің бірі Гүлден Махметова опера әншілерін де тыңдағанына қуанышты. Өнердің шыңы – операны тыңдау бір ғанибет емес пе?!
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.