Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға арналған несие беру тәртібін жария етті. Қазір құжат жобасы “Ашық үкімет” порталында талқылауға ұсынылған.
Жаңадан кəсіп ашқан немесе байырғы кəсібін кеңейткісі келген ел азаматтары енді бұл мақсатқа несие ресімдей алады. Əсіресе тауарлы-сүт фермаларына (400 бастан басталады), ет өндіретін құс фабрикаларына (жылына 5 мың тонна құс еті), көкөніс сақтауға (1000 тоннадан бастап), сондай-ақ заманауи су үнемдейтін технологияларды пайдаланатын суармалы егіншілікке (картоп, көкөніс, мал азығы) айрықша басымдық беріледі.
Қаржыландыру республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Жобаға сəйкес, жергілікті атқарушы орган 10 жылға жылдық 0,1 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен несие ұсынады. Негізгі қарызды өтейтін жеңілдік кезеңі 24 айдан аспайды. Бюджет несиесін игеру кезеңі – 12 ай.
Министрліктің түсіндіруінше, əкімдіктер фермерлерге несие беру үшін тексерілген агенттерді пайдаланады. Бұл ретте несие беру мерзімі 10 жылды құрайды, ал ең жоғарғы сома – 5 млрд. теңге. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан көп емес. Ең басты талап – кепіл мүліктің болуы. Өз қызметі үшін агент қандай да бір комиссия, жарна немесе басқалай төлем талап етпейді.
Кредиттеу бағдарламасына қатысушыларды іріктеу үшін басты өлшем – импортты алмастыруды ескере отырып өңір халқын сапалы жəне қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету, уақытша жəне тұрақты жұмыс орындарын құру, ауыл халқының табысын арттыру шеңберінде жобалармен ынтымақтастық жəне кооперация болмақ. Сонымен бірге əлеуетті қарыз алушы өндіріс немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында кемі 5 жыл жұмыс істеуі тиіс.
Абай АЙМАҒАМБЕТ.