Қай туындының болсын шығу тарихын білу тыңдарманның танымын кеңейтіп, шығарманы терең түсінуіне мүмкіндік береді. Әсіресе ән өнерінде бұл тәжірибе күні кешеге дейін сақталып келді. Композиторлар үшін өнердегі жаңа материкті ашып, “қазақ ән өнерінің Колумбы” (Ж.Нәжімеденов) атанған Ақан сері шығармашылығы да өз астарына айтылмаған талай тарихты бүгіп жатыр.
Жалпы Ақан өміріне қатысты қай деректі алып қарасақ та әр зерттеушінің еңбегінде әртүрлі аталады. Серінің туған жылынан бастап барлық оқиғалар аңызға толы. Ал ақынның өмірінің соңғы жылдары туралы оқиғалар тіптен сан алуан. Ақанның өзі сияқты әндерінің де тарихы әрқилы. “Балқадишаның” өзі біраз жыл басқаша түсіндіріліп келді. Әйтеуір көзі қырағы зерттеушілердің арқасында ән өнеріндегі ақиқат пен аңыздың арасы ажырап келеді. Шығу тарихы талас тудыратын осындай әндердің бірі – “Сырымбет”.
1935 жылы Сәкен Сейфуллин Ақан серінің жинағын құрастырып, оны Алматыда бастырады. Осы кітаптың алғысөзінде Сәкен “Сырымбетті” “Қара торғай”, “Құлагер” сынды туындылармен қатар қоя отырып, қазақ өнеріндегі сұлу әндер деп баға береді. Кейін бұл әннің шығу тарихы жайлы Сәбит Мұқанов өз естелігінде тарқатады. Ақан жайлы “əн жағынан алғанда, ол революциядан бұрынғы қазақ музыкасының ірі классиктерінің бірі”, – деп пікір білдірген жазушы әннің тарихын ауыл адамдарынан естігенін жазады. Оған сенсек, жастық шағында Ақан сері Ақтоқтыға ғашық болады. Алайда Ақтоқты тегін емес, байдың баласына атастырылып қойған екен. Сөйтіп бір күні әлгі байдың ұлы Ақтоқтының ауылына ұрын келіп, ойын-тойдан кейін болашақ жарын алып кетеді. Бұған шыдамаған жас сері түнде жол тосып, ғашығын алып қашады. Алайда көп өтпей екеуі де қолға түседі. Ақтоқтыдан айрылған Ақан “Сырымбетті” осы кезде шығарған екен. Ақтоқтымен қуғыншылардан қашып құтыла алмаған сері кейін жүйрік ат іздеп, Құлагерін солай тауыпты. Бұл әнді алғаш бала кезінде естіген Сәбең кейін Ақанның өзімен де кездесіпті. Ал 1921 жылы серінің ұлының үйінен атақты Құлагердің бас сүйегін көрген деседі.
Бұл нұсқаға Сәкен Жүнісовтің “Ақан сері” романындағы оқиға да ұқсайды. Мұнда жас сері Ақтоқтының ұзатылып бара жатқанын естіп осы әнді шығарады. Кейін онысын қасындағы серіктеріне айтып, Ақтоқтыға сәлем айтып жібереді. Ақтоқтының ұзатуында айтылған осы ән сол жерге жиналған елдің құлағында жатталып қалған екен. Жазушының “Қалыңдық Ақтоқты болса, жасауы “Сырымбет” деп сипаттауы да көп нәрсені аңғартады.
Алайда ән тарихын бір қаламгерлер осылай таратса, енді бір тобы басқаша баяндайды. Мәселен, Мағжанның белгілі “Ақан сері” мақаласын алайық. Оны жазу барысында ақын біраз адаммен кездесіп, деректерді жазып алған. Мұнда “Сырымбет” әнін сері Жамал сұлуға арнағаны жайлы айтылады. Ұрқиядай жарынан айырылып елуді еңсерген сері жас Жамалға ғашық болады. Мағжан Ақанның Жамал бейнесінен өзінің бұрынғы әйелін көргенін жазады. Алайда Ақанмен арасы жер мен көктей төренің сұлу қызы оған мойын бұра қоймайды. Сөйтіп жүрген төре қызы әлдебір жабайы күйеудің жетегінде кетеді. Бұл нұсқа бойынша “Сырымбет” осы сәтте туады. “Ақан түндерде “Сырымбетті” шырқағанда, кім ғана жыламаған, қалың қарауыл жылаған. Жас пен кәрі жылаған, әсіресе нәзік жанды жас Жамал жылаған”, – деп жазады Мағжан.
Бұл мақалада жазылғандай осыдан кейін Ақан жүрегінен мұндай сұлу туынды тумапты. Елуден асқанда көзінің нұры болған Жамалдан алыстаған соң серінің қасіреті молайып, өмірі кері кете бастайды. Осылайша ел-жұрттан алыстап, жырақ өмір сүреді. “Сырымбет” сезімге толы ақын жүректің махаббат жайлы соңғы рет сыр шертуі десе де болады.
Ән тарихына қатысты осындай ұстаным Ахмет Жұбанов зерттеулерінде де көрініс тапқан. Мұнда да біраз жасқа келген ақын, тау ішінде отырып:
Ауылым қонған Сырымбет саласына,
Болдым ғашық ақсұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктеріге қор болып барасың ба? – деп күңіреніп, әнін
“Қарындас-ау,
Енді, есен бол-ау” деп аяқтайды.
Әннің кей нұсқасында бидайықтың орнына лашын құстың аты аталып жүр. Қалай десек те Жамал сұлу “бидайыққа” да, “лашынға” да лайық, “бөктеріге” тең көрмейтін сұлу болғаны анық.
Ал кей жерлерде жазылып жүрген тағы бір нұсқа мүлде басқаша өріледі:
Ауылың қонған Сырымбет жел жағына,
Артық туған бала едің ел бағына.
Лашын құсқа лайық қалқа бала,
Бөктергінің іліндің тырнағына.
Мәтіні сияқты әннің сазының да елге белгілі 3 нұсқасы нотаға түсіпті. Оның бірі – зарлы, бірі тебірене айтылса, үшіншісі еппен нәзік шырқалады.
Әнге қатысты осы және өзге де зерттеулерді сараптай келе біз оның шығу тарихының екінші нұсқасын дұрыс деп таптық. “Сырымбеттегі” басты лирикалық кейіпкердің Жамал сұлу болуы шындыққа әлдеқайда жақын. Бұның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, С.Мұқанов, С.Жүнісов деректері көркем шығармадан алынған. Олар ән тарихын арнайы зерттеуге емес өз романдарына арқау еткен. Ал көркем шығармада ең алдымен, тарихи шындықтан гөрі көркем шындық басым тұратыны белгілі.
Екіншіден, “Сырымбет” ақынның бозбала шағында дүниеге келіп, Ақтоқтыға арналғаны туралы оқиғада шындықтан гөрі әсірелеу басым. Мұндай зор қуатқа ие, терең мәнді туындыны өмірлік тәжірибесі бай, шығармашылығы кемелденген жан ғана жаза алары анық. Ал оқуды енді ғана аяқтаған, ғашықтық дерттің ащы-тұщысын енді ғана татып жүрген жас жігіттен мұндай ән туа қоюы екіталай. Алғашында арабша сөздерді жиі қолданып өлең құраған ақынның бірден осындай деңгейге көтерілуі ақындық тұлғаның табиғатына қайшы. Әнге белгілі музыкатанушылардың берген жоғары бағасы да, зерттеуі де “Сырымбеттің” серінің елуден асқан шағында туғанын көрсетеді. Әрі көркемдігі жағынан бұл ән ақын өмірінің екінші жартысында туған “Құлагерге” жақын. Ал Ақтоқты атақты серінің жас шағындағы алғашқы ғашығы, одан әрі Ұрқиядан кейін үшінші көңілі құлаған адам Жамал болғаны ақиқат.
Әндегі “ауылың қонған Сырымбет саласына” деген сөздің “ауылым қонған” болып өзгеруі де шындықты бүркемелеп тұр. Шын мәнінде Ақан ауылы Сырымбетті емес Қоскөл жағасын жайлаған. Ақтоқты да Қоскөл маңындағы ауыл байының қызы екен. Ал Сырымбет – төре қонысы. Жүсіп төренің қызы Жамал қыздың осы ауылды мекендеуі де ақылға қонымды. Мәтіндегі осы сөзге мән берсек ән туған сәттегі ақын жүрегінің иесі Жамал екеніне тағы бір көзіміз жетеді. Әрі “Сырымбетте мектебім” деп өткен Кәкімбек Салықов жазбасында да, Мағжан мақаласында да ән “Ауылың қонған Сырымбет саласында (саласына)” деп басталады.
Біз бұл мақалаға Ақанның тек елге белгілі бір әнін ғана арқау еттік. Аңызға толы сері өмірінің шешілмеген жұмбағы қаншама? Оның шығармашылығына алғаш болып назар аударған Сәкен Сейфуллин Ақан шығармаларына толық сынның келешекте жазылатынын айтыпты. Мағжан көрсеткендей Ақан серінің “судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмірінің” құпия қырлары ашылатын тұс әлі алда сияқты.
Сара ҚҰЛАХМЕТ,
Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі.