«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ЖЕР – ТҰНҒАН ТАРИХ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шілденің шіңілтір ыстығындағы туған жердегі жылы жүздесулер жа­нымызды жадыратып, жүрегімізді нұр­ландырды. Қасиетті туған жері­мізде, яғни Қызылту өңіріндегі та­рихи тағылымға толы тойдың куәсі болып қайттық.

“Теке теңізі” деп аталатын тұзды көлді жағалай орналасқан ауылдар­дың тарихы тым тереңде. Солардың бірі – үш ғасырлық тойы салта­натпен аталып өткен Мырзағұл ауылы. Жоң­ғар шапқыншылығы ке­зінде Ертістің бойынан келіп, осын­да қоныстанған Бұрас Керейлер­дің құтты мекені. Ары қарай таратсақ, тегіміз Керейдің Күрсары атасына барып тіреледі. Оның баласы Есбол – Сібір ханы Көшімнің бас әскери уәзірі болған тарихи тұлға. Орыстың аяғы алғаш қазақ жеріне тигенде оған қарсы күрескен даңқты қол­басшы.

Елге де жол түспегелі біраз уа­қыт болыпты. Мырзағұлмен жана­сып жатқан менің туған мекенімде бірер ғана отбасы қалыпты. “Бола­шағы жоқ ауылдар” санатына ілікке­ніне жаның қынжылады, ішің ашиды. Ауылға таяу зиратта атам Смағұл, әжем Нұрмия, әкем Қайыржан және басқа да туған-туыстарым мәңгілік тұрақ тапқан. Ескі қорым басында құран оқып, бақытты да алаңсыз сәби кездерімді еске алдым.

Айтпақшы, Мырзағұлға жақыны­рақ біздің ұлы аталарымыздың ескі ауылы Байторы деп аталады. Ол – менің бесінші атам. Мырзағұл – оның ағасының баласы. Қалың елді шүйгінді жерге қоныстандырған – осы бабаларым.

Мырзағұлдағы той өз жарасы­мын тапты. Қазақтың ұлттық ойын­да­ры ойналды – балуандар белдесіп, көкпар тартылды. Ас берілді.

Келесі күні туған ауылымнан он шақырым жерде, Ресеймен шекара бойындағы ескі Қырық үй, Орта және Қарауыл ауылдарының орнында ең­селі ескерткіш орнатылды. Бұл ауыл­дардың да тек ескі жұрты қалған. Ерте замандарда Текенің жағалауына Балта Керейлер келіп ор­ныққан. Бір деректерде бұл тайпаны бастап келген Қожабек әулие деседі. Ескерткіш қойылған жерге жақын Қожабек әулиенің зираты орналасқан. Ол Абылай ханның кеңесшісі, жорыққа шығарда алдын болжап ай­татын әулие болған.

Кейін бұл маңай Бөртебай мен Серкебайлардың болысы атанады. Серкебай – атақты әнші Ермек Сер­кебаевтың атасы. Бөртебайдың ба­ласы мен немересі Тәшім мен Шә­міл де болыстық қызмет атқарған. Ре­сей архивінен құнды деректер тапқан ға­лым ініміз Қайырбек Кемеңгердің айтуынша, Омбы облысына қарай­тын Одесса ауданының көп жері осы болысқа қараған.

“…Осы күні Омбы архивінде сақ­талған түрлі тарихи деректер Мағ­жан оқыған дәуір тынысын тамыр­шыдай тап басып, белгілі туынды­ларының тақырыптық-идеялық тұр­ғыдан жазылу себебін айқындайды. 1913 жылы Омбы округтық сот төра­ға­сының Омбы сот палатасы төраға­сына жазған мәлімдемесі бірқатар шындықтың бетін ашады. Онда былай делінген: “7-ші желтоқсанда Омбы қаласында Нығметолла Ах­метуллин есімді татар Әбдірахман және Сәдуақас Қылышбаев атты қазақтармен Телятниковская көше­сі­мен келе жатып, бір топ қазақты кездестіреді. Оларға жақындағанда әлгілер соғыс жайында әңгімелесіп жатқанын ұғады. Шәміл Тәшімов есімді қазақ былай деп жатыр екен: “Біздің дініміз бір түрік ағайындар және олардың досы немістер бар­лық жерде дінсіз орысты жеңіп жатыр”. Шәміл Тәшімов патшаны “ақымақ” дейді, яғни глупый. Осыған байланысты Шәміл Тәшімовқа 1000 сом айып жасалды. (Омбы облы­сының тарихи архиві, 190-қор, 3-тізбе, 896-іс, 1-бет).

Құжатта айтылатын Шәміл Тәші­мов – Солтүстік Қазақстан, Омбы же­ріне есімі белгілі ауқатты қазақ Бөр­тебай болыстың немересі. Бөртебай мен Серкебай – бір туған ағайын адамдар. Серкебайдан Бекмұхамет туған, ол – Алаш қозғалысын қолда­ған ағартушы, журналист, драма­тург. Бекмұхамет пен Мағжан “Ға­лия” медресесінде бірге оқыған. Мағжанның “Айда атыңды, Сәр­сенбай” өлеңінде қасында отыратын – осы Бекмұхамет. Бекмұхаметтің ба­уыры Шәмілмен Мағжан Омбыда кездесіп жүрді, тіпті жақын арала­сыпты дей аламыз. Ал Шәмілдің сотталуы, түрік бауырларды қолдап сөйлегені – Омбыда, орыс арасында оқып жүрген қазақ жастарының, оның ішінде Мағжанның бірінші дү­ниежүзілік соғысқа алыстағы тегі бір, діні ортақ түрік ағайынға ықыласын танытатын мысал дей аламыз. Осы­лайша Анадолы топырағын­дағы түрік бауырға деген алаң көңілде жүрген Мағжан ақын “Орал тауы”, “Күншығыс” “Алыстағы бауырыма”, “Түркістан” сынды түркілік рухты ас­қақтататын атақты өлеңдерін жаза­ды”, – дейді белгілі тарихшы Қа­йырбек Кемеңгер.

Қошке атамыздың жары Гүлсім әжеміз де – Мырзағұл ауылының ту­масы екен. Қарап отырсақ, зерделейтін жайттар өте көп.

Шындығына келсек, күре тамыр жол бойындағы ауылдардың бәрі – қа­зақтың жері. Әлихан бастаған қа­зақтың ұлылары осы жол арқылы қа­тынаған. Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлы және тағы басқа Алаш қайраткер­лерінің табанының ізі қалған жерде табиғи тастан еңселі етіп ескерткіш қою бүгінгі жерлес бауырларының еншісіне тиді. Осы елдің тумасы, көп жыл ел басқарған, бүгінде зейнет жасында болса да, осындай елдік істердің жанашыры қатарында жүр­ген Есболат Дүйсенбаев басшылық жасап, той шымылдығын ашты. Ай­тулы шараға Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев келіп қатыс­ты. Қайрат Сәкенұлы шекаралық қо­ныстағы ескерткіштер тарихымыз­дың тереңде екенін паш етеді деген тілегімен бөлісті.

Расында да солай ғой. Әйтпесе “қазақтың жері патшаның сыйы” деп, аузына келгенін көкіп жүргендер аз емес. Ресей империясы қазақтың төл мемлекеті – Алтын Орда хан­да­рының ықпалымен құрылғанын мо­йындауға шовинистік өркөкіректігі жі­бермейді. Олар қазақ хандығы дү­ниеге келгесін араға алпыс-жетпіс жыл салып, мемлекет болған ел біз­ге несін “сыйлағанын” біле ме екен?

Қырық үй, Орта және Қарауыл ауылдарының орнында кеңес үкі­мет­і орнағасын “Калинин” ұжымша­ры құрылған. Алаш және сол кездегі қазақ елінің тізгінін ұстаған мемле­кет басшыларымен жақсы қарым-қатынаста болған Мұқажан Имаған­бе­тов деген кісі Қызылту өңірінде үш мектептің бірін салғызған. Өкінішке қарай, тың игеру қазақ ауылдарына қара түнегін ала келді. Қазақ елді ме­кендері шетқақпай қалып, негізінен орыстар тұратын кеңшарлар салын­ған, тарихи білім ошағы шошқа қа­майтын орынға айналған. Сыңаржақ саясаттың салқыны салдарынан қазақ балалары білім алып жатқан мектептердің есігіне қара құлып салынып, өзге тілде оқуларына тура келген.

Бұл жөнінде шарада баян­дама жасаған Өндіріс орта мек­тебінің ұс­тазы, тарихшы, өлкетану­шы Жұ­ма­бай Құдайқұлов жан-жақты иінін қан­дырып айтып берді. Ауыл­дың кеше­гісі мен бүгінгісін ұштасты­ра отырып жеткізді. Одан әрі осы ауылдың тумасы, филология ғылым­да­ры­ның докторы, Шоқан Уәлиханов атын­дағы Көкшетау универ­ситетінің ка­федра меңгерушісі Қа­сиет Малғаждаров сөз алып, тыл­сым тарихтан небір сырларды шертті. Шаруашылықта еңбек етсе де, ақындықты жанына серік еткен ағамыз Тұрлы­хан Шайсұлтанов жырдан өрнек өріп, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін әсерлі жеткізді.

Жасыратыны жоқ, Ресеймен ше­каралас аймақтағы ауылдардың ша­ңырағы шайқалған. Жиыннан мем­лекет тарапынан стратегиялық мән беріп, экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрғыда дамытудың жоспары жасалуы керек деген ой түйдік. Алдымен шекара бойындағы елді мекендер еңсесін көтеруі керек.

Ескерткіштің шымылдығы ашы­лып, той жалғасын тауып, әсем әнге, көркем күйге ұласты. Омбы қаласы­нан келген өнерпаздар әннен, жыр­дан шашу шашты. Боз кілемнің ша­ңын шығарған апайтөс, жуан білек палуандардың белдесулері тойшы­лардың көңілінен шықты. Әсіресе түйе балуан күресі делебені қозыр­ды. Той өткен жерге тігілген ақшаң­қан киіз үйлерде дастарқан жайы­лып, ас берілді.

Теке көлінің маңайындағы ауыл­д­ар мың жылдық құда-құдандалы, еншісі бөлінбеген Керейдің, Қара­уыл­дың, Жағалбайлының да, басқа да рулардың киелі мекені болып келген. Мұнда исі қазақтың барлық рулары шоғырланып, ұлттық рухын ұмытпаған, туған-туыстығын қапер­ден шығармаған, ынтымағы мен бір­лігі жарасқан. Соның айқын мысалы Мырзағұл ауылының үш жүз жылдық тойы дер едік.

Бақыт СМАҒҰЛ,

журналист.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp