Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында халықты жұмыспен қамту және өсімдіктерді қорғау мәселелері талқыланып, нақты міндеттер белгіленді.
Алдымен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасовтың есебі тыңдалды.
Баяндамашы тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы азаматтардың табысын арттыру, өмір сапасын жақсарту жергілікті атқарушы органдар қызметіндегі басым бағыт екенін өз сөзіне арқау ете отырып, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Биыл “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері”, “Салауатты ұлт”, “Технологиялық серпіліс”, “Білімді ұлт”, “Тұрақты экономикалық өсу” ұлттық жобаларын іске асыру аясында экономиканың түрлі салаларында 10635 жаңа жұмыс орнын құру көзделсе, белгіленген жоспар 60 пайызға орындалған. 2100 жұмыс орны тың өндірістерді іске қосу есебінен ашылған. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 404 млн. теңгенің 292 грантын бөлу қарастырылса, тапсырманың орындалуы – 30 пайыз. Бір гранттың орташа мөлшері – 1 млн. 326 мың теңге. Оның көп бөлігі мал, ара, өсімдік, құс шаруашылығына бағытталған
Жастарға 2,5 пайыз өсіммен шағын несие беру үлкен қызығушылық тудырып отырғанын тілге тиек еткен ведомство жетекшісі бөлінген қаражаттың жалпы мөлшері 650 млн. теңге екенін жеткізді. Бүгінге дейін Аграрлық несие корпорациясы 94 өтінімді қабылдап, 67-і мақұлданған. 235,8 млн. теңгенің 54 кредиті беріліп, 20 өтінім қаралуда. Кредиттердің жалпы санының 60 пайызы – ауыл шаруашылығына, 37 пайызы түрлі қызметтерге тиесілі. Субсидияланған жұмыс орындарын ұйымдастыруға, 3218, “Бастау бизнес” жобасы шеңберінде оқытуға 1291 адам жіберілген. Кәсіптік оқытумен 191 адам қамтылған.
Десек те квоталанатын орындарға азаматтардың жекелеген санаттарын қабылдау бойынша жұмыс жалғасқанымен, берілетін квотаның мөлшері қажеттіліктен едәуір аз. Мәселен, бас бостандығынан айыру орындарынан 70 адам шықса, оларға 17 квота ғана қарастырылған. Мүгедек жандар 8264 болса, бөлінген квота саны –18. 2021-2022 жылдардағы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болған. Өкінішке қарай 10 ауданда жұмыссыздық деңгейінің өсуі байқалады.
Атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайлардан шығуға мүмкіндік беретінін тәжірибе айқын байқатып отыр. АӘК алушылар қатарында 5749 адам бар, олардың 1812-і – еңбекке қабілетті, 760-ы – бала күтімімен айналысатындар және мүгедек жандар, 182-і – жұмыссыздар. Бір атап өтерлігі, АӘК алушылар саны 17,8 пайызға азайған.
Қоныс аударушылардың өңірлік квотасына 301 отбасы енгізілген. Бұл ретте Ақжар, Айыртау, Тимирязев, Есіл, Аққайың аудандарында жұмыс сылбыр. Жұмыс күші артық аймақтардан қоныс аударушыларды жазғы кезеңде қабылдап, орналастыру әлдеқайда тиімді. Еңбекке қабілетті адамдардың 63 пайызы ғана жұмысқа орналастырылған. Бұл көрсеткіш Мамлют, Аққайың, Тимирязев, Уәлиханов аудандарында төмен.
Өңір басшысы халықты жұмыспен қамту жөніндегі қызметті сынға алып, осы бағыттағы олқылықтарды атап өтті.
– Жұмысқа орналастыру жоспары 60 пайызға орындалғанымен, жағдай барлық жергілікті жерлерде орнықты деп айту қиын. Бірқатар аудандарда және облыс орталығында бұл қызмет өз дәрежесінде жүргізілмегендіктен, оның ақыры жұмыссыздар санының артуына соқтырып отыр, – деген Айдарбек Сейпілұлы жұмыс күші көп өңірлерден келген қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыру, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту бойынша көрсеткіштер толық көлемде орындалуын міндеттеді. Халықты қолданыстағы мемлекеттік қолдау туралы ақпараттандыру бойынша іс-шараларды жандандыруды тапсырды. Өйткені, көбі бұл қолжетімділіктер туралы біле бермейді. Олардың қатарында жастарға 2,5 пайызбен шағын несие және өтеусіз гранттар беру де бар.
Мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалған. Оның ішінде несиелер, микрокредиттер, гранттар, тіпті жалақыны субсидиялау түрлері де қарастырылған. 186 инфрақұрылымдық жоба қолға алынған. Жақсы қарқын алған жол жөндеу, сумен қамтамасыз ету, құрылыс салаларына жұмыссыздарды көптеп тарту қажет. 9 айда орындалуға тиіс міндетті шараларды кейінге қалдыруға болмайды.
Егіннің басты жауы – шегірткелердің таралуы жағынан қауіпті аймаққа жатқызылған Ақтөбе, Қостанай облыстарындағы ахуал солтүстікқазақстандық диқандарды да қатты алаңдатып отыр. Осыған орай әкімдік отырысында өсімдіктерді қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қаралып, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев, фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының жетекшісі Қабиден Сәдуақасов, аумақтық инспекцияның басшысы Нұрлан Бүркітәлин есеп берді.
Бүгінгі таңда астықты алқаптың арамшөптерге қарсы – 86,3, түрлі зиянкестерге қарсы 82,4 пайызы өңделген. 2 млн. гектар жерге 150 мың тонна тыңайтқыш сіңірілген. Дақылдардың 58,6 пайызы жақсы, 41,4 пайызы қанағаттанарлық жағдайда деп бағаланып отыр. Қорғаныс іс-шараларын өткізуге 1530 бірлік бүрку техникасы мен 800 мың гектар аумаққа арналған дәрілік препарат қоры бар. Фитосанитариялық тексеру нәтижесінде өсімдіктер зиянкестері анықталмаған. Ал көбелек құртына байланысты шағымдар Қызылжар, Есіл, Аққайың, Мамлют, Мағжан Жұмабаев аудандары тұрғындарынан көп түскен. Агротехникалық және химиялық шаралар қолданылған.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі осы салада жүргізіліп жатқан жұмыстарды күшейтуді, зиянкестерді азайту, алдын алу үшін агротехникалық және химиялық талаптарды жетілдіруді, қорғану шараларын кешенді түрде жүргізуді тапсырды.
– Фитосанитарлық жағдай – өте маңызды мәселенің бірі. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, аумақтық инспекция, фитосанитариялық қызмет, аудан әкімдері мәселені жіті бақылауда ұстауы қажет. Жағдай ушығып кетсе, оның салдары ауыр болмақ. Тіпті астық экспортына тыйым салынуы мүмкін, – деді өңір басшысы сөзінің соңында.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.