Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында облыстық прокуратураның бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстары қорытындыланды.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Қайрат Әбдіхановтың айтуынша, өңірдегі криминогендік жағдай тұрақты. Былтырғы жылға қарағанда қылмыс деңгейі 20,1 пайызға азайған. Оның ішінде кісі өлтіру фактісі, ұрлық, алаяқтық, тонау және бопсалау көрсеткіші түскен. Былтыр кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қатысты 12 оқиға болса, биыл төртеу тіркелген. Есірткімен байланысты қылмыс көрсеткішті аз да болса төмендеген, былтыр 131 оқиға тіркелсе, биыл оның саны –125.
Салыстырмалы түрде алғанда көрсеткіші жоғарлаған қылмыс түрлері де бар. Былтыр сепаратистік қылмысқа байланысты бір оқиға орын алса, биыл ондай 10 іс қозғалған. Биыл мал ұрлаудың 10 фактісі тіркелген, былтыр ондай 9 оқиға орын алған. Есепшот фактураларын заңсыз жазып беру мен денсаулыққа келтірілген ауыр зиян салдарынан өлімге әкеліп соқтыру қылмыстары да көбейген.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытында бір тексеріс пен 15 талдау жүргізіліп, 36 заң бұзушылық анықталған. Сондай-ақ он мың кәмелетке толмағанның құқығы, оның ішінде үш адамның конституциялық құқықтары қорғалып, заң бұзғандардың 57-сі тәртіптік, 3-і әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Бизнес саласында 803 кәсіпкер қолдау тапқан. Биыл 36 мың гектарды құрайтын 237 жер учаскесі қайтарылды, бүгінде 6147 гектар жерге қатысты 29 талап-арыз қаралып жатыр.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.