“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” мен “Еуразия” СК” акционерлік қоғамдары арасында ерікті медициналық сақтандыру бойынша шарт жасалды. Келісімге сәйкес зауыт еңбеккерлері ақылы клиникаларда тегін медициналық қызмет пен дәрі-дәрмектерді ұйым есебінен алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында “Адамдар – еліміздің басты құндылығы. Сондықтан ұлттық байлықты әділ бөлу және әрбір азаматқа тең мүмкіндіктер беру – біздің реформаларымыздың басты мақсаты”, – деген болатын. Қоғамды үйлесімді дамыту үшін ұлт денсаулығының аса маңыздылығын айтқан Президент денсаулық сақтау саласындағы кем-кетіктерді жойып, тиімді де сапалы қызмет көрсету үшін ерікті медициналық сақтандыру жүйесін іске қосуды тапсырған болатын.
Осы орайда “ПАМЖЗ” АҚ-ның басшылығы қызметкерлерінің денсаулығы үшін жаңа тетікті қолға алып, еңбеккерлеріне қамқорлықты күшейте түсті. Зауыт еңбеккерлері қаладағы клиникаларда стоматологиялық көмек, сондай-ақ қажетті дәрі-дәрмектер сатып алуды кәсіпорын есебінен жүзеге асырады. Амбулаториялық-емханалық көмек бойынша дәрілік препараттар мен дәрі-дәрмектерді отбасылық дәрігердің немесе “Ассистанс” бейінді маманының рецепті бойынша сақтандыру компаниясымен шартқа отырған дәріханалардан алуына болады.
Сондай-ақ емделуші аккредиттелген медициналық орталықтардың базасында медициналық көрсетілімдер бойынша 10 сеанстық емдік массаж ала алады. Физиотерапия, компьютерлік томография немесе магнитті-резонанстық томография – мұның бәрі зауыт қызметкерлеріне тегін. Отбасылық дәрігердің, клиникалардағы бейінді маманның тағайындауы бойынша зертханалық-диагностикалық зерттеулер жүргізуге болады, мәселен, қалқанша безінің гормондарын зерттеуге мүмкіндік жасалған.
Ауруханаға жатып емделу қажет болған жағдайда стационардың ақылы бөлімшесіндегі 10 күннен аспайтын қызмет төлемін зауыт өз мойнына алады. Консультациялық-диагностикалық және емдік іс-шаралар бойынша да қолдау қарастырылған.
Ринат ШАМСУТДИНОВ,
“ПАМЖЗ” АҚ-ның баспасөз хатшысы.