Мектепте оқып жүргенде сынып жетекшіміз Ақтоты Сақтағанқызы өңірде алғашқылардың қатарында Ленин орденімен марапатталған ұлағатты ұстаз Ғабдолла Шоқаев туралы жиі әңгімелейтін, өзгелерге үнемі үлгі ететін. Кейін білгеніміздей, апайымыз Есіл ауданы Өрнек ауылында кіндік қаны тамған көрнекті тұлғаның жерлесі екен. Өзім еңбек ететін облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ғабдолла атамыз туралы көптеген мағлұматтарға қанықтым.
1883 жылы дүниеге келген Ғабдолла – алты баланың кенжесі. Оқуға зеректігі, білімге құштарлығы жастайынан байқалып, Кемпір молдадан сауатын ашады. Білімдарлығымен көзге түсіп, оқуын мерзімінен бұрын аяқтайды. Кейін Тауағаш ауылында тұратын нағашысына барып, бала оқытумен айналысады. 1895-1900 жылдары Қызылжар қаласындағы медресені үздік аяқтайды. Оның болашағынан зор үміт күткен ұстазы Қази халпе Шоқайға: “Менің тілімді алсаң, балаңды бетінен қақпа, бағын байлама. Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесіне жібер. Түбі еліне, халқына қызмет ететін үлкен оқымысты болады”, – деп көндірген екен.
1872 жылы ашылған жоғары діни оқу орнына баруға екінің бірі тәуекел ете бермеген. Онда дін сабақтарымен қатар араб, парсы, түрік, орыс тілдері, шығыстану тарихы, химия, физика, математика, география, жаратылыстану ғылымдары да оқытылған. Оның ұйымдастырушысы – түркі зиялысы Зия Қамали. Медресенің “Ғалия” (арабшадан аударғанда “ұлы, “мәртебелі”) аталуы оның жоғары дәрежелі ежелгі оқу орны екенін, Еділ бойы, Орталық Азия, Қазақстан аумағы бойынша жоғары білімді оқытушы мамандар даярлайтын прогресшіл бағыттағы білім ұясы болғанын аңғартады. Мұнда қазақтың көптеген талапкер жастары оқыған (М.Жұмабаев, Б.Майлин, Т.Жомартбаев, Ж.Тілепбергенов, А.Мәметов, Қ.Оразбаев, М.Оразбаев, т.б.). Осындағы қазақ шәкірттерінің қаражатымен 1911 жылы “Әліппе яки төте оқу” оқулығы, 1913-1914 жылдары Б. Майлин, Ж.Тілепбергеновтің редакторлығымен “Садақ” журналы шығып тұрған.
“Ғалияны” 1909 жылы үздік бағамен аяқтаған жерлесіміз “имам, хатиб уә мүддәрис” деген атақты иеленеді. Табиғатынан ізденгіш, алға қойған мақсатына жеткенше тыным таппайтын ол орыс гимназиясына оқуға түседі. Алайда кенеттен кеселге шалдығып, 1911 жылы елге оралады. Ем-дом қабылдап, дертінен айыққан соң біржола ұстаздық жолды таңдайды. Халықтың қолдауымен ауылда мектеп салдырып, молдалардан тәлім-тәрбие алып жүрген кедей-кепшіктің 60 шақты баласын жинап, ана тілі, әдебиет, математика, география, тарих, биология пәндерінен сабақ береді, Құран Кәрімді жаттатқызады. Өкінішке қарай, 1917 жылы білім ошағы өз жұмысын тоқтатады.
Кеңес өкіметі орнаған тұста Ғ.Шоқаев ұстаздық жолын мектептерде оқытушы болып жалғастырады. 1920-1930 жылдар аралығында Қарабұлақ, Бірлік, Еңбек, Өрнек, 1930-1934 жылдары Бостандық, Үшкөл, 1934-1956 жылдары Бексейіт ауылдарында бала оқытады. Аттестациядан өтіп, “бастауыш мектеп мұғалімі” деген куәлік алады. Ұзақ жылдар бойы педагогика саласына сіңірген еңбегі бағаланып, Ленин орденімен, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі белгісімен марапатталады. Оның алдынан ақын Ғалым Малдыбаев, жазушы, драматург Шахмет Құсайынов, жазушы-публицист Мақсұт Әубәкіров, физика-математика ғылымдарының кандидаты Сыздық Қантайұлы тәлім-тәрбие алған. Сөз арасында КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының “Солтүстік Қазақстан облысы мектептерінің ұстаздарын ордендермен және медальдармен марапаттау туралы” 1949 жылғы 2 қарашадағы Жарлығымен Ғ. Шоқаевтан басқа тағы екі жерлесіміз, яғни Ғали Мусин мен Шәкен Жолтаев та Ленин орденін кеудеге жарқырата таққанын айта кеткен жөн.
Жергілікті өлкетанушы Қайролла Мұқанов 2011 жылы 20 мамыр күнгі “Qyzyljar nūry” қалалық газетінде жарияланған “Туған өңірдегі тұңғыш ұстаздардың бірі” мақаласында (мақала 2016 жылы “Ел ардақтылары” очерктер жинағына енгізілген.) Ғ.Шоқаевтың 29 жасында үйленгенін айта келіп, былай дейді: “Ғабдолла отбасын қалыңмалсыз құрған. Өзімен бірге оқыған Ғали Мусин: “Сенің осы терең білімің үшін қалыңсыз бергіземін, жүрек тақас жан дос болайық”, – деген екен. Сөйтіп, Ғали Мусиннің қарындасы Мақпузаға үйленіпті”.
Міне, бұрынғының білімпаздары мен таланттары бір-біріне орынды қошемет көрсетіп, бағалай білген. Ғабдолла мен Мақпузадан Зия, Нүри, Бақытжан есімді балалар дүниеге келген.
Ғабдолла Шоқайұлы білім беру ісімен шектелмей, шығармашылықпен де белсенді түрде шұғылданған. Троицк және Орынбор қалаларында шығып тұрған “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетіне өзекті мәселелерді арқау еткен мақалалар, очерктер жазып тұрған. Туындыларының мазмұнына үңілсек, педагогика саласына арналған әдістемелік ретінде де бағалауға болады. Мұғалімдік мамандықты таңдаған жастарға берген ақыл-кеңестері – өз алдына бір төбе. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың “Әліпбиі”, “Оқу құралы” және тағы да басқа еңбектерін баспасөз арқылы насихаттап, талдап-талқылап, жан-жақты зерделеп, тәлім алуға шақырады.
Болмысы сан қырлы ұстаз ақындық қырымен де танылған. “Жазғы дауыл” өлеңін (“Көгерген көктің жүзін бұлт басқанда” деп басталады) оқи жөнелгенде Абайдың “Күз” өлеңі бірден ойға оралады. Бұл – қазақтың бас ақынына еліктеу емес, жыл мезгілін өз машығында суреттеудің озық үлгісі.
Сталиннің солақай саясатынан зардап шекпеген, “ұлтшыл”, “халық жауы” жазаларының зардабын тартпаған қазақ отбасы жоқ шығар!? Ғабдолла Шоқайұлының да саяси қуғын-сүргiнге ұшырап, сергелдеңге түскенін біреу білер, біреу білмес. Саясаттанушы, белгілі қоғам қайраткері Сабыр Қасымов “Азаттық азапкерлері мемлекеттік тұрғыда ақталуға тиіс” мақаласында (“Egemen Qazaqstan” газеті, 2009 жыл 15 желтоқсан) “Солтүстік Қазақстанда “Алаш” партиясының филиалын және Қазақ комитетін ашпақшы болған ниеттері үшін ғана 1940 жылғы бір іс бойынша қуғынға ұшырап, артынан еш ақталмаған, есімдері әлі күнге қара тізімнен шықпаған адамдарды атай кетейін. Олар – Темірбеков Әбжан, Темірбеков Құсайын, Ахметов Байғазы, Мәліков Қайролла, Бөкетов Арыстан, Сағындықов Мәлгаждар, Сабыров Есімсейіт, Жандосов Сәдуақас, Бегишев Сейітқасым, Ибраев Мәулен, Белгібаев Қожахмет, Уәлиханов Махмет, Қоспанов Қошан, Омаров Жармантай, Бимұрзин Әбілкәрім, Махметов Сәкен, Жандосов Мәжен, Айбасов Қапез, Шоқаев Ғабдолла және басқалар”, – деген тарихи деректі алға тартады. Аяулы азамат 1956 жылы Бескөл ауданы (қазіргі Қызылжар ауданы) Бексейіт ауылында дүние салып, туған жері Өрнекте жерленген.
Биыл – жанын шүберекке түйіп жүріп, саналы ғұмырын жас ұрпақ тәбиесіне бағыштаған, қай жағынан болсын мақтан тұтар жерлесіміздің туғанына 140 жыл. Осындай бір туар тұлғаны қаншалықты дәрежеде ұлықтап жүрміз деген сауал көкейге оралса, не жауап берерімізді білмей мүдіреріміз анық.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.