Түбі бір түркі халықтарының арасындағы мәдени байланысты нығайтып, шекарасыз өнер кеңістігіне жол ашуға осы елдердегі шығармашылық орта зор үлес қосып келеді. Өңірімізге келген татар суретшісі Арыслан Ибрагимов қызылжарлықтарға арнап көрме өткізді. Екі аптаға жуық қаладағы арт-орталықтың көркін келтірген көрмені тамашалауға жиналғандар көп болды. Суретші қылқаламынан туған 15 туындысының басын қосып, оған “Көшпелі көрме” деген атау беріпті.
Көрмедегі тарихи тақырыптарды арқау еткен суреттерде көне түркі халықтарының өмірі, дала көріністері бейнеленген. Осындай біраз өнер туындысы суретші Нурихан Фаттах атты жазушының түркі жұртының арғы атасы саналатын ғұндар жайлы жазған романын оқығаннан кейін дүниеге келіпті. Әсіресе “Жарқылдаған жебелер” сериясындағы суреттер осы романдағы тарихи оқиғалардың желісімен салынған. Олардың ішінде желмен жарысқан тұлпарлар бейнеленген “Жил(жел)”, түркі аруын жаңаша әдіспен салған “Чин кызы”, көшпенділердің қилы тағдырын өзек еткен “Жер аудару” сынды туындылар көптің ықыласын аударды.
– Өнерде шекара жоқ. Мен мұндағы туындыларымды ортақ тарихымызды бейнелеуге арнадым. Алдағы уақытта көшпелі бабалардың ізімен жүріп “Көшпелі көрмені” Қазақстанның біраз қаласында ұйымдастырамын. Одан кейін бауырлас түркі елдерін аралаймын, – дейді Арыслан Ибрагимов.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.