«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үздіксіз ізденістің жемісі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Аграрлық кредиттік корпора­ция” акционерлік қоғамының қар­жылай қолдау бағдарламасының бір тетігі – жастарға жеңілдетілген шағын несие беру. Бұл бағдарлама 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлт­тық жоба аясында бекітілген. Бес миллион теңгеге дейінгі шағын несие­ні 21-35 жас аралығындағы жастар ала алады. Бүгінге дейін солтүстікқазақстандық фи­лиалға 108 өтініш түсіп, қажетті қар­жы – 477673000 теңгені құрады. 74 өтініш мақұлданған. Бүгінгі таңда 59 кәсіпкерге 263458630 теңгенің несиесі берілді. Осы мемле­кеттік қолдаудың шарапатын көр­гендердің бірі – Мәдина Қабаева.

Мәдина Қабаева – педиатор, 2016 жылы Семей қаласындағы ме­дицина университетін тамамдаған. Еңбек жолын Павлодар облысында ауылдық округте балалар дәрігері қызметінен баста­ған. Ниеті мен бағыты “Дипломмен ауылға” бағдарламасына қатысып, мемлекеттің қаржылай қол­дауына іліккен. Үш жылдан кейін Орал облысына көш түзейді. Араға үш жыл салып, Петропавл қаласына қоныс аударады. Семейлік қыздың бұлай көшіп-қонуына – жұбайының қызметі себеп. Ол – әскери сала маманы.

Мәдина Николайқызы қай жер­дің топырағын басса да, бірінші ке­зекте отбасының ахуалын ойлайтын жан. Төрт және екі жастағы қос бүл­діршіні бар жас ана бала күтімімен үйде отырған кезде де қосымша та­быс табуға әдеттенген.

– Мен қозғалысты ұнататын адам­мын. Сондықтан қол қусырып отыру – маған жат. Бала күтімімен отырғанда да қосымша жұмыс істе­дім. Балаларға массаж жасадым, тәтті тоқаш пісірдім, тұрғын үй жинақ банкінің онлайн агенті де болдым. Бұл табыс қана емес, өзіңе ұнайтын нақты істі іздеудің жолы еді. Үздіксіз ізденістің арқасында сүйікті ісімді тапқаныма қуаныштымын, – дейді Мәдина Қабаева.

Жас кәсіпкердің айтып отырғаны – косметологиялық қызмет. Ол бұл кәсібін Орал облысының Жәнібек ауда­нында тұрған кезде ашқан. Сонда бір жылдан аса косметалогиялық қызмет көрсеткен. Бұл кәсіп­пен бірге ба­лалар дәрігері қызметін қатар алып жүріпті. Қызылжар өңірі­не, көшіп кел­ген­нен кейін бастаған ісін жалғас­тыру­ды жөн санайды. Әуелі маман­дығы бойынша балалар емхана­сына жұ­мысқа орналасады. Тұрақты жұмыс тапқаннан кейін орталық кө­шелер­дің бірінің бойынан космето­логия­лық қызмет көрсететін кабинет аша­ды. Бұл оның көптен бергі ар­маны еді. Медициналық білімі бар косме­тологтің қызметіне қызығушы­лық та­нытқандар аз емес. Себебі қазір екінің бірі түрлі курстарды оқып алып, косметолог болып жатқаны­мен, бет күтімі бойынша білікті маман табу қиын. Оның үстіне елі­мізде сапасыз қызметтің кесірінен ажарынан айырылып, денсаулығы­на зиян келгендер де, ажал құшқан­дар да бар. Сондықтан көркіңді келісті қыламын дегендерге күмәнмен қарайтындар көп.

– Әлеуметтік желіге жарнама беру арқылы клиент жинап жа­тырмын. Ең басты мақсатым – алдыма келген әр адамға сапалы қызмет көрсетіп, олардың ризашылығына бөлену. Көркіне көңілі толған жанның алғысы да шексіз, жарнамасы да өтімді болады. Сол үшін қымбат болса да құрал-жабдық­­тардың жақсысын, емдеу қоспала­ры­ның сапалысын аламын. Косме­тологиялық ем-домда қателеспеу керек. Сол үшін біліктілігімді артырып отырамын. Осы істі қолға ал­ғалы бері Ыстамбұл, Самара қала­ларына барып, біліктілікті арттыру курстарын оқып келдім. Космето­логия саласы күн сайын жаңарып тұ­рады. Үнемі ізденіп, оқып отырмасақ, озық дүниелер шыққанын біл­мей қалуымыз мүмкін, – дейді косметолог.

“DrKabaeva” жеке кәсіпкерлігі бес жылға жеңілдетілген пайызбен 4 млн. 150 мың теңге несие алыпты. Мәдина Николайқызы бұл мемлекеттік қолдау өз ісін дөңге­леткісі келген адамға тиімді екенін айтады. Қолына тиген қомақты қар­жыға косметологияға керекті құрал-жабдықтар мен жиһаздар, заманауи екі аппарат сатып алған. Оның бірі – беттегі әжімдерді оңай кетіретін құ­рылғы, екіншісі – терідегі түрлі өс­кіндер мен бөртпелерді алып тастайтын лазерлі аппарат.

– Мен бұл бағдарлама жайлы әлеу­меттік желі арқылы біліп, жоспа­рымды жазып, сатып алатын құрал-жабдықтарымды іздестіріп, білікті косметологтардың ақыл-кеңестеріне жүгініп, жан-жақты дайындал­дым, – деген Мәдина Қабаева ісі алға басса, жүзеге асырар жоспар­лары көп екенін айтты. Ал әзірге жаңа жерде қолы жатыққан ісін дамытып, тұрақты клиенттер базасын қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Оның қызметіне риза адамдар көп болса, бір белесті еңсергені емес пе?! Жап-жарық, мұнтаздай тап-таза кабинетте кезекті клиентін қа­былдап жатқан маманға қарап, білімі мен біліктілігі үйлескен жас кәсіпкердің алар асуы алда екенін түсіндім.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp