«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өсімдікті қорғау – өзекті мәселе

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетіне қарасты “Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының” жергілікті филиалы облыс бойынша таралатын аса қауіпті зиянкестер мен карантиндік объектілерді анықтаумен және олар жөнінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дер кезінде хабардар етумен айналысады. Дабыл қағарлық жағдай туа қалса, техникалық регламентке сәйкес фитосанитариялық шаралар мен химиялық өңдеулерді талапқа сай әрі жедел түрде атқарып, өсімдік зиянкестерінің таралуын болдырмау басты міндетіміз болып табылады. Қостанай облысында шегірткенің егіс алқабына шабуылы туралы хабар түсісімен сақтандыру және алдын алу жұмыстары шұғыл түрде пысықталып, аудан аумақтарына бүрку техникалары орналастырылып, арнайы препараттармен қамтамасыз етілді. Таралу қаупі пайда болса, арнайы техникалар іске қосылып, химиялық өңдеулерге дайын болу қажеттігі ескертілді. Сөз арасында табын шегірткенің таралуы циклдық сипатқа ие және табиғи-климаттық ахуалға байланысты екенін айта кеткен жөн. Ғалымдардың болжауынша, аптап ыстықтың басталуымен шамамен 5-10 жыл жиілікпен шегірткелердің жаппай ұя салуы басталатын көрінеді.

Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында Қостанай облысындағы жағдай солтүстікқазақстандық диқандар қауымы арасында да үлкен алаңдаушылық туғызып отырғаны атап көрсетіліп, егінге залал келтірмеу үшін барлық шараларды қабылдау міндеттелді. Бүгінгі таңда өсімдік зиянкестеріне қарсы күрестегі жедел және үйлесімді іс-қимылдардың, жан-жақты атқарылған фитосанитариялық тексерулердің арқасында ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануының алдын алдық. 5 млн. 129 мың гектар жерге аса қауіпті зиянды организмдер және 260,6 мың гектарға карантиндік объектілер бойынша мониторинг жүргізілді. Былтыр Уәлиханов ауданында итальяндық прус шегірткенің таралуы байқалып, 930 гектар алқап залалсыздандырылған болатын. Егістік алқаптарды химиялық және күзде топырақты тереңдетіп өңдеу шараларын атқарудың нәтижесінде биыл өсімдік зиянкестері пайда болған жоқ. Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық бөлімшелерінің мамандары Қостанай облысының Қарасу және Сарыкөл аудандарымен бірлесіп зерттеу жүргізіп, шекаралыс аумақтар қатаң қадағалауға алынды.

Аса қауіпты зиянкестерге қарсы күрес жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру жөніндегі штаб құрылып, 3180 субьект профилактикалық бақылаумен қамтылып, ұсыныс хаттар жолданды. Мамандар жәндіктерден азиялық шегіртке мен итальяндық прустың көбеюі жиі болатынын алға тартып отыр. Мәселен, 2000 жылы итальяндық прустың таралуы ең биік шыңына жетіп, 760 мың гектар химиялық алқап өңделген. Ал 2017-2019 жылдар аралығында зияндылығы байқалмағандықтан, химиялық өңдеу жүргізілмеген. Дегенмен де, күрт өршіп кетсе, егін алқаптарына орасан шығын келтіруі мүмкін. Сондықтан бірінші кезекте агроқұрылымдарда химиялық өңдеу жүргізу үшін пестицидтер қоры және бүрку техникалары жеткілікті болуы шарт. Бұдан бөлек, шегірткелердің “қоныстану” аймағын күні бұрын анықтаудың да маңызы зор. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтың жетекшілігімен өткен аса қауіпті өсімдік зиянкестерімен күрес жөніндегі іс-қимылды үйлестіру жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында 1530 бүрку техникасы, 749,4 мың гектар жерге препарат қоры жеткілікті екені айтылып, мынандай міндеттер жүктелді: атап айтқанда, АӨК субъектілерімен бірлескен жұмысты күшейту, химиялық дәрі-дәрмектермен қажетті мөлшерде қамтамасыз ету. Көшпелі комиссиялық жиындар барысында тұрғындарға түрлі зиянкестерге қарсы күрес жөнінен ақыл-кеңестер мен пайдалы ұсыныстар берілді. Большая Малышка, Соколовка, Вагулино, Долматово, Петерфельд, Кривозерка елді мекендерінде жер телімдері бар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері шабындық көбелегіне қарсы химиялық өңдеу жүргізді. Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Бәйтерек, Аққайың, Конюхов, Булаев, Полудин, Лебяжье, Қарақоға ауылдық округтерінде шабындық көбелегі пайда бола тиісті шаралар қабылданды.

Облыс бойынша ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің аса қауіпті зиянкестері мен ауруларының тізбесіне тышқан тәрізді кеміргіштер, табын шегірткесі (итальяндық прус), сұр астық құрты, гессен шыбыны, колорадо қоңызы, қырыққабат көбелегі, шабындық көбелегі, септориоз және дәнді дақылдардың қоңыр таты жатады. Жоспарлы түрде жүргізілген әрекеттердің барысында шегірткелер жаппай жұмыртқа салып, егінге нұқсан келтірді деген дерек тіркелген жоқ. Дегенмен “сақтықта қорлық жоқ” демекші, жағдайды бақылауда ұстауға тиіспіз.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қостанай облысына барған жұмыс сапары кезінде табын шегірткенің азиялық, марокколық және итальяндық қызыл шегіртке деп үшке бөлінетінін, шегіртке Қостанай мен Ақтөбе облыстарында жиі кездесетінін айтты. Олардың ішінде үлкен қатер төндіретіні – қазақтың жалпақ тілмен айтқанда көкқасқа шегіртке. Олар көбейіп, табынға айналғанда тұрақты мекенінен алысқа ұшып, егіннің дәндерімен қоректенеді. Бір аналығынан тарайтын дернәсілдер даму мерзімінде 300 келіден астам балауса өсімдікті жеп қоятынын ескерсек, өте мешкейлігін, тойымсыздығын аңғаруға болады. Осы себепті әлем елдерінде көк-қасқа шегірткеге қарсы арнайы станциялар жұмыс істейді.

Облыс аумағында табын шегірткелерінен итальяндық прустың таралуы Уәлиханов ауданында ғана кездесті, мониторингтік және жүйелі зерттеулер кезінде басқа аудандарда ұшырасқан жоқ. Тимирязев ауданында (Хмельницкий, Ленин, Целинный, Комсомол) 3000 гектар егістік алаңы зерттеліп, табын шегірткелері байқалмады. Ғабит Мүсірепов атындағы атындағы аудан (Неженский, Дружбинский, Ломоносовский, Червонный) Қостанай облысының Қарасу және Сарыкөл аудандарымен шектесетіндіктен, бұл аймақ ерекше бақылауда тұр. Итальяндық прустың жаппай таралуы Қостанай облысының 4 ауданын қамтып отыр.

Өсімдік зиянкестері бидай, күнбағыс, арамшөптер мен егістіктерден де ұшырасады. Жапырақ бетінің зақымдануы орташа деп танылса, бірден химиялық тазарту жүргізіледі. Мұндай шаралар Андреев, Белое ауылдық округтерінде атқарылды. Осы округ учаскелерінде бидай кенесі, қырыққабат көбелегі, сарықанат жібек көбелегі табылды. Септориоз бен жатаған укекіре Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда тіркелді. Осы себепті Айдарбек Сейпілұлы мәселенің асқынуы салдарынан астық экспортына шектеу енгізілуі ықтималдылығын ескертіп, қорғану жұмыстарын жеделдетуді тапсырған болатын.

Шабындық көбелегінің бірінші буын құрттарының өсуі мен дамуы жалғасып, дақылдарға зиянды белсенділігі еселеп артады. Мағжан Жұмабаев, Қызылжар аудандарының жеке секторларында бір буынды шалғын көбелек құрттарының жаппай өскені байқалған. Зығыр трипсіне тексеру 18,1 мың гектар жерге жүргізіліп, 15,6 мың гектарында кезіккен. Трипстер дәнді дақылдарға өте құмар келеді. Бидай кенесі Тимирязев, Жамбыл, Айыртау аудандарында өсімдік түрлерінің 4 пайызын зақымдаған. Майлы дақылдардың негізгі зиянкестерінің бірі – қырыққабат көбелегі мен зығыр трипсі. Қызылжар ауданында орналасқан бидай дақылдарында септориоз байқалды. Айыртау, Есіл, Мамлют, Тайынша, Тимирязев аудандарында да ұшырасты. 4 ауданда қызғылт қышаның жаңа ошақтары табылды. Олар – Уәлиханов, Мамлют, Тимирязев, Ақжар аудандары. Жалпы ауданы – 3,1 гектар.

Жаздың алғашқы айларында бірқатар жерлерде ылғал жетіспегендіктен, топырақ құрғап, егіннің қалыпты өсуін біршама тежеді. Кейін жауын-шашынның көп түсуі арам-шөптің қаулай өсуін жеделдетті. Тұтастай алғанда, агротехникалық шаралардың уақтылы және кешенді түрде атқарылуы нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының 60 пайызға жуығы жақсы, қалған 40 пайызы қанағаттанарлық қалыпта өсіп жатыр.

Қабиден СӘДУАҚАСОВ,

“Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы” облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp